«Біз – Жаңа Қазақстан жастарымыз!» атты өнер фестивалі өтті

«Біз – Жаңа Қазақстан жастарымыз!» атты өнер фестивалі өтті

«Біз – Жаңа Қазақстан жастарымыз!» атты өнер фестивалі өтті
ашық дереккөзі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Біз – Жаңа Қазақстан жастарымыз!» атты жас таланттардың өнер фестивалі өтті деп хабарлады turkystan.kz. Фестиваль биыл алғаш рет ұйымдастырылды. Оған қатысуға 2000-ға жуық студент өтініш білдірген. Байқау талаптарына сәйкес өнерпаздарды іріктеу бір ай бойы жүргізілді. Ақтық сынға жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан 300-ге жуық жас жолдама алды. Олардың арасында шетелдік студенттер де бар. Үздік шыққан өнерлі жастар Студенттер сарайында өткен салтанатты кеште сахна төрінен көрінді.  Олар дәстүрлі, эстрадалық, классикалық және заманауи әндерді әуелете шырқап, жарысқа түсті. Түрлі ұлттың биін нақышына келтіре билеген өнерпаздар көпшілікті  талантымен тамсандырды. Сонымен қатар шығармашыл жастар музыкалық аспаптарда шебер ойнап, өнерге деген зор талабы мен талантын байқатты. Танымал әншілер - Жігер Ауыпбаев, Мұхтар Ханзада, Мақсат Рахмет, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық ұлттық аспаптар оркестрінің солисі Нұрғали Төлеби, қоюшы-режиссер Төлеген Қуанышбек, «Қазақ әуендері» АҚ креативті директоры, хореограф Ким Анна сынды өнер тарландарынан құралған әділқазылар алқасы байқауға төрелік етті. Өнер додасында топ жарған жастарға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Басқарма төрағасы  –  ректоры Жансейіт Түймебаев тағайындаған арнайы жүлделер табысталды. Бас жүлдеге  3 шәкіртақы, 1-орын иегерлеріне – 2,  2-орын иегерлеріне 1 шәкіртақы көлемінде қаржылай сый ұсынылылды. 3-орын жеңімпаздарына Ыстық көлдегі ҚазҰУ спорт-сауықтыру лагеріне жолдама берілді. Жарыс нәтижесінде химия және химиялық технологиялар факультетінің білімгерлері бас жүлдені жеңіп алды. Сондай-ақ фестиваль аясында ұлттық құндылықтарды ұлықтаған «Жаңа Қазақстан – ұлттық құндылықтар мен рухани дәстүрлер кеңістігі»  атты этнографиялық  көрме өтті.