Жаңалықтар

«Шығыс салбурыны – 2022» сайысы биыл халықаралық дәрежеде өтті

ашық дереккөзі

«Шығыс салбурыны – 2022» сайысы биыл халықаралық дәрежеде өтті

Шығыс Қазақстандағы Ұлан ауданына қарасты Бозанбай ауылының бөктерінде «Шығыс салбурыны-2022» атты халықаралық саятшылардың ұлттық спорт сайысы өтті. Құсбегілер тойына орай қос киіз үй тігілді. Бүркітшілер сайысының негізгі мақсаты - құсбегілік өнерді дәріптеу, туризмді дамыту. Қазақ халқын дүниежүзіне дәріптей отырып, ұлттық құндылығымызды ұлықтау. Бүркітшілер сайысы Ұлан ауданында екінші мәрте өткізіліп отыр. Өткен жылы республикалық бүркітшілер сайысы өтсе, биыл өздеріңіз куә болып отырғандай халықаралық деңгейде жоғары дәрежеде өтті. Қыран құсын қолына алып, жүйрік атын тақымдаған саятшылар сайысының ашылу салтанатында Ұлан ауданының әкімі Ренат Тілеуханұлы құттықтау сөз сөйлеп, бүркітшілер мен итбегілерге алғысын жеткізді. «Алдағы уақытта бұл шараның ауқымын кеңейтіп, тағы басқа мемлекеттерден қатысушыларды шақыруды жоспарлап отырмыз. Бұл жолғы салбурынға 30 құсбегі қатысып жатыр. Басты мақсатымыз – ұлттық өнерді дәріптей отырып, туризмнің дамуына үлес қосу», – деді ол. Байрақты бәсекеде Мәдениет және спорт министрлігінің аға жаттықтырушысы Базарбек Күнтуғанұлы да саятшыларға сәттілік тілеп, сайыстың бағдарламасымен таныстырып өтті. Бозанбайдың бөктерінде бүркітшілер сайысында әке жолын жалғастыруды мақсат тұтқан ең кішкентай құсбегісі Айзере Марксқызының бауашары жасалып, көпшіліктің ақ батасын алды. Жарғақ құлақ тазы, дүрек, қоян шалатын тазыны шараға жетектеп келгендер тазы баптау да, құс баптау да үлкен шығармашылық деп есептейді. Сайыстың соңғы кезеңі аңшылықтың салтына сай келгендей болды. Алматылық Сейтжан Ашоктың бүркіті бірінші орынды қанжығаласа, екінші орынды тағы да алматылық Баетбай Ермұхан еншіледі. Ал үшінші орынға ақмолалық Алмас Қасымовтың қыраны иеленді. «Қолға қыран қондырған соң салбурыннан қалғанымыз жарамас деп Алатауды асып кеп қалдық. Бұл Қазақстанға бірінші рет келуім емес, осыған дейін де бірнеше рет келгенмін. Тұғырға қыран қондырғаныма 23 жыл болды. Бұл жолғы сайысқа қыранымды баптап келдім. Шиебөрі, түлкі, қарсақ, тағы да басқа аңдарды алған қыран. Бүгін Шығыстың аспанында бағын сынамақ», – деді Моңғолия елінен келген Моңғолия бүркітшілер одағының төрағасы Медеухан Сайполдаұлы. Арнайы жасалған алаңда жарыс салған тазылардан тұлпардың тұяғының дүбірі естілмесе де, өзіндік қызығымен елді баурап алды. Жарыста оқ бойы озып шыққан шығысқазақстандық Мансұр Қанатбекұлының тазысы топ жарды. Тағы бір шығысқазақстандық итбегі Адал Оразайдың тазысы екінші болып мәреге жетті. Ал үшінші орынды Аягөздік Жандос Озатұлының тазысы иеленді.