«Ақтауыңызды сұраймын»: Хаменова сотта соңғы сөзін айтты

«Ақтауыңызды сұраймын»: Хаменова сотта соңғы сөзін айтты

«Ақтауыңызды сұраймын»: Хаменова сотта соңғы сөзін айтты
ашық дереккөзі

Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменова, облыстық Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Ақылбек Рысқалиев және «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамовқа қатысты сот процесі өтіп жатыр. 14 қарашада айыпталушылар сотта соңғы сөзін айтты деп хабарлады turkystan.kz Халық үніне сілтеме жасап. Алғашқы болып «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамов сөйледі. Ол соттан өзінің зейнет жасындағы адам екенін, екі ұлының денсаулығында ерекшелігі бар екенін айтып, айыппұл түрінде жаза беруді сұрады. Немесе жұмыс істей алуы үшін қоныс-колонияда жазасын өтеуді сұрады. Ал облыстық Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Ақылбек Рысқалиев соттың сотталушылардың әрекетіне құқықтық баға беретініне сенім білдіріп, өзін толық ақтауды сұрады.

«Құрметті сот! Менің кәмелетке толмаған 4 баламның бар екенін және бұрын-соңды істі болмағанымды, денсаулығыма байланысты ұсынылған медициналық құжаттамаларды назарға алуыңызды сұраймын. Барлық мән-жайды ескеріп, менің іс-әрекетімде қылмыстық құрамның жоқтығына байланысты мені толықтай ақтауыңызды сұраймын», - деді Ақылбек Рысқалиев соттағы соңғы сөзінде.
Бақытгүл Хаменова да соттан өзін ақтауды сұрады.
«...Барлық әңгіме, барлық кездесу, ақша беру, ол - адамдардың жеке мотиві және әрекеті негізінде менің қатысуымсыз жасалған. Сот менің және Рысқалиевтің, Адамовтың мәлімдемесін ескеріп, жеке қаулы шығаратынына сенгім келеді. Нәтижесінде қылмыстық істі ойдан шығарған адамдарға қатысты қылмыстық іс қозғалады деп ойлаймын. Ол адамдар біз ойлағаннан да қоғам үшін қауіпті болуы мүмкін. Себебі істі адал тергеу үшін тек айқын фактіні қабылдау қажет еді. Сондай-ақ кінәсіздік презумпциясы деген түсінікті елемей, ашық түрде заңсыздықты негізге алу арқылы істің ұзаққа созылуына үлес қосқандар да назардан тыс қалмауы қажет. Азаматтар сот төрелігіне деген сенімін бекерден-бекер жоғалтқан жоқ. Сенбей, дұрыс істейді. Бұл іс сенуге болмайтынын көрсетті», - деді Хаменова.
Бақытгүл Хаменова іске қатысты тергеушілер, прокурорлар, бұл іске қатысқандар заңды аяқасты қылғанын айтты.
«...Олар ашық түрде маған қатысты ойдан шығарылған қылмыстық істі қолдады. Сот та осындай жолмен жүретін болса, онда еліміздің, балаларымыздың болашағы жарқын болатынын күтудің қажеті жоқ», - деді Бақытгүл Хаменова.
Ол өзін ақтап, жеке қаулы шығаруды сұрады.
«Құрметтi сот! Менің ешқандай да кінәм жоқ. Ақтауыңызды сұраймын. Ақтығымды, кінәсіздігімді дәлелдеу үшін соңына дейін күресемін», - деп түйіндеді Бақытгүл Хаменова.
Сот үкімі 15 қарашада шығады.