«Әр өңір инновациялық технологиялардың көрсетуі керек. Мұнда бірнеше шетелдік компанияның қатысуы арқылы нанотехнологиялар көрсетіліп жатыр. Бұл Қазақстанның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін аса маңызды басқосу болмақ. Жергілікті мамандар осынау жаңашылдықты дамыған мемлекеттерден үйрене отырып, өз шаруашылықтарында және егіс алқаптарында тәжірибеде қолданып, жүзеге асыра алады. Біз Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз. Мәселен, «Бәйтерек» холдингінде ауыл шаруашылығын қолдауға жеңілдіктер қарастырылған. Бүгінде мемлекет тарапынан берілетін субсидиялардың бірнеше түрі бар. Бұл қызметтің үйлестірушісі - «ҚазАгроҚаржы» АҚ», - деді министрлік өкілі.Ал, Шымкент қаласы әкімдігі Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Абунасыр Жанбатыров көрмеде өңір шаруалары тың технологияларды пайдаланып, олармен байланыс орнатып өндірістік қуатын ұлғайтып, еңбек өнімділігін арттыратынын сөз етті. Шаруалар мен ауылшаруашылық техникасын өндірушілері шаруашылығын одан әрі ұлғайтып, еліміздің экономикасына үлес қосқысы келсе, «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы өкілдерінен кеңес ала алады. Көрмеге жиналған тауар өндірушілер мен шарулараға «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы филиал мамандары компанияның қызметтері туралы хабардар етті. Қазақстандағы ең қолайлы қаржыландыру бағдарламасын таңдауға көмектесті.
«ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Алтынбек Нышанов 2000 жылдан бері облысқа 62 миллиард теңгеге жуық инвестиция құйылғанын атап өтті. «Ұсынылған инвестиция облыстың агроөнеркәсіп кешенін табысты дамытуға мүмкіндік беріп, еліміздің өнім базасының өсуіне ықпал етті», - деді ол.Жалпы, 2000 жылдан бері «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы 1 триллион теңгеден астам сомаға 68 мыңнан астам техника сатып алуды қаржыландырған. Ал, биыл 156,6 миллиард теңгеге 6 264 техника лизингке алынған. «ҚазАгроҚаржы» АҚ «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ компаниялар тобына кіреді.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы