Жаңалықтар

«Даму» қоры» іс-қағаздарын 95% орыс тілінде жүргізіп келеді

ашық дереккөзі

«Даму» қоры» іс-қағаздарын 95% орыс тілінде жүргізіп келеді

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қазақ тіліндегі құжаттарының үлесі бар болғаны 5%-ды құрады деп хабарлады turkystan.kz. 2022 жылғы 9 қарашада «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының ғимаратында ұлттық компаниялардың құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесіне ІІІ тоқсанда жүргізілген мониторинг қорытындысы талданды. «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының 4-бабында  «Мемлекеттік тіл - мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс-қағаздарын жүргізу тілі болып саналады» деп жазылған. Соған қарамастан мониторинг қорытындысына сәйкес ұлттық компаниялардың мемлекеттік тілдегі құжат айналымының үлесі 70%-ды құрады. Соның ішінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ (5%),  «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ (34%), «Қазақстан темір жолы» АҚ (34%), «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (36%), «QazExpoCongress» ҰК» АҚ (39%), «KEGOC» АҚ (49%), «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ (51%) және т.б. мемлекеттік тілде іс жүргізу үлесі тым төмен. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ іс-қағаздарын 95% орыс тілінде жүргізетінін атап өтпеске болмайды.