Ауғанстандағы әрбір үшінші қыз «бача-пош» дәстүрінің құрбаны

Ауғанстандағы әрбір үшінші қыз «бача-пош» дәстүрінің құрбаны

Ауғанстандағы әрбір үшінші қыз «бача-пош» дәстүрінің құрбаны
ашық дереккөзі
Ауғанстан мен Пәкістан елдерінде қызды ұлға «айналдыратын» көпке таңсық жоралғы бар. XVII ғасырда пайда болған «бача-пош» дәстүрі бойынша ұлы жоқ отбасылар қыздарын ер балаша киіндіріп, шашын қысқартып, ер адамның есімін береді. Әуелден бір-бірімен шекаралас қос мемлекеттің халқы патриархалды қоғамның ережелерін берік ұстанады. Екі елде әйелдердің құқықтары қатты қорғала бермейді. Соның бір дәлелі, әйелдерге ерлерісіз көшеге шығуға тыйым салынған. Одан бөлек, оларға жұмыс істеуге, оқуға, спортпен айналысуға болмайды. Әйелдер тек ұрпақ жалғастыру, үй тірлігі үшін ғана қажет деген түсінік қалыптасқан.  width=

Ер баланы Құдайдың сыйы санайды

Бұл елдерде отбасында ұл дүниеге келсе – үлкен қуаныш. Өйткені олар ер баланы Құдайдың сыйы деп есептейді. Себебі ұл өсіп, әкесі қалдырған мүліктің мұрагері бола алады. Ал қыздар тұрмысқа шыққанда тегін ауыстыратындықтан, мұраға жалғыз бала болса да ие бола алмайды. Әйелі дүниеге тек қыздарды әкелген еркекті қоғам арасында келеке етіп, «мада пош» деп атайды. Ауғанстан мен Пәкістанның ер адамдары үшін бұл лақап аттан асқан қорлық жоқ. Тіпті, ұл тумаған әйелін далаға қыздарымен бірге қаңғыртып жіберуі мүмкін. Сондықтан ұл жоқ, тек қызы бар кез келген отбасы бача-пош дәстүріне бағынады.  width=

«Бача-поштан» жақсы әйел шықпайды деген түсінік бар

Ауғанстан мен Пәкістанда отбасының тұңғышы қыз болса, ол 15-16 жасқа толғанға дейін «бача пош» дәстүрін ұстанады. Кейін оны ата-анасы қайта қызға айналдырып, күйеуге береді. Сол аралықта жанұяда ұл дүниеге келмесе, «бача-пош» атағы екінші қызға беріледі. Тағы бір айта кететін маңызды жайт, бұл елдерде «бача-поштан» жақсы әйел шықпайды деген пікір қалыптасқан. Өйткені кішкентайынан еркіндікте өскен қыз үй шаруашылығына епсіз болады. Соның зардабын уақыт өте келе тартады. «Бача-поштарға» қатысты ресми статистика жоқ. Алайда бейресми мәліметтерге сүйенсек, аталған елдерде әрбір үшінші қыз бала осы дәстүрдің құрбанына айналады.  width=  width=

«Бача поштар» тұрмыс құрғысы келмейді

Қызығы, мұндай қыздар еркіндікке үйреніп қалған соң тұрмысқа шыққысы келмейді. Бала кезден ер адамдарша өсіп-тәрбиеленген қыздарға бұрынғы қалпына қайта оралу қиын. Сондықтан нәзікжандылар күйеуге шықпас үшін түрлі айла-әрекетке барады. Мысалы, ата-анасынан жасырынып, бетін қыруы мүмкін. Сөйтіп 15-16 жасқа таяғанда оларға кішігірім сақал-мұрт шығады. Ал сақалы бар қызды ешкім жар етіп алмайтыны анық. Күштеп күйеуге бергеннің өзінде басым бөлігі өз-өзіне қол жұмсайды немесе қашып кетеді.  width=  width=

Еркекшора қыздардың қиын тағдыры туралы деректі фильмдер 

2003 жылы жарық көрген ауғанстандық режиссер Сиддик Бармактың «Усама» көркем фильмінде талибандардың билігі орнаған уақыт бейнеленген. Басты кейіпкер – Талибан келгеннен кейін ауруханадағы жұмысынан айырылған әйел. Оның отбасын асырайтын күйеуі де, ұлы да болмайды. Сондықтан ол қызын ер адам секілді киіндіріп, Усама деп атайды. Баласын солай жұмысқа тұрғызып, күн көреді. 2012 жылы «бача-поштардың» өмірі туралы режиссер Стефани Лебрун «Bacha posh: You will be a boy, My daughter»/ «Бача пош: Ты будешь мальчиком, моя дочь» деректі фильмі шықты. Онда әртүрлі жастағы төрт «бача-поштың» қиындыққа толы өмірі көрсетіледі. Олардың бірі – тоғыз жастағы Шабина. Таныстары оны Захида деп атайды. Басқа таңдауы болмаған соң халқының дәстүріне бағынған қыздың өмірі шытырман оқиғаға толы. 2017 жылы түсірілген «Добытчица» мультфильмі де «бача-поштардың» ауыр тағдырына арналған. Сюжет желісі де тартысты, шиеленісті оқиғаларға құралған. Онда ауған отбасының асыраушы болған ер адам қамауға алынады. Осылайша бір отбасы қорғансыз қалады. Бұл елде әйелдердің күйеуінсіз немесе қыз баланың әкесіз көшеде жүруіне құқығы болмағандықтан, үйдің тұңғышы, жас Парвана отбасының аштықтан өлуіне жол бермеу үшін шашын қысқартып, ұл бала сияқты киінуге мәжбүр болады.