Етік тігіп, отандық өндірісті дамытып отырған кәсіпкер
Етік тігіп, отандық өндірісті дамытып отырған кәсіпкер
Николоз Зардиашвили – етік тігіп, отандық өндірісті дамытып отырған кәсіпкер. Он бес жасынан бастап етікшілік өнермен айналысатын ол бүгінде жеке брендін қалыптастырып, тұтынушы назарына өзінің авторлық өнімдерін ұсынып келеді. «Адамдар өзінің маңдай термен тапқан қаржысына сапалы әрі сәнді, стильді, ең бастысы Қазақстанда жасалған етік кие алатынын білсе деймін», – дейді ол.
Бүгінде етікшінің шеберханасында өзінен бөлек бес шебер жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы өз ісінің нағыз маманы. Бүгінде шеберлердің қолынан шыққан, таза былғарыдан жасалған аяқкиімдерді Қазақстаннның түкпір-түкпіріндегі тұрғындар киіп жүр. Шетелден де тапсырыс беретіндер бар екен. Кәсіпкер отандық өнімге деген сұраныс жылдан-жылға артып жатқанына қуанады. Сондықтан сапасымен қоса, бағасының да қолайлы болғанын құп көреді.
«Туған қалам Тбилисиден Алматыға келіп, жұмыс істеп жатқаныма жеті жыл болды. 15 жасымнан бастап еңбекке араластым, қолөнермен айналыстым. Кооператив қарқынды дамыған кез еді. Солардың бірінде жұмыс істейтін шебердің шәкірті болдым. Әрине, ол кезде етікшілік менің өмірлік ісіме айналады деп ойламаған едім. Бірақ адамдардың аяғының жылы жүруіне әрі жайлы болуына көмектесу өзіме ұнайтынын түсіндім. Сөйтіп, шеберлігімді шыңдай келе, аяқкиім жөндеп қана қоймай, етік тігіп, өзімнің жеке моделімді жасадым. Осылайша, бір кездері уақытша жұмыс деп санаған ісім өмірімнің бір бөлшегіне айналды. Қазір жұмысымнан рахат аламын, ерекше қуаныш сыйлайды», – дейді Николоз Зардиашвили.
Кез келген аяқкиім кез келген костюммен немесе образбен сәйкес келе бермейді. Дұрыс модель таңдау үшін өнімнің ерекшеліктерін білгеніңіз маңызды. Аяқкиімнің түсі, биіктігі, материалы қандай? Соған мән беру керек. Тағы да айта кететін нәрсе, етіктің жартылай етіктен қалай ерекшеленетінін және оларды немен киюге болатынын бәрі біле бермейді. Мұндай жағдайда аяқкиімді қалай ажыратуға болады? Етік пен жартылай етік арасындағы негізгі айырмашылық өнімнің биіктігінде. Біріншісі, тобықтан жоғары болса, екіншісі оған әрең жетеді. Тағы бір маңызды айырмашылық бар. Етік тек суық мезгілге арналған, ал жартылай етікті жазда, күзде және көктемде киюге болады. Етікші аяқкиім таңдауда қателеспеу үшін осы айырмашылықтарды білуге кеңес береді. Аяқкиімді кигенде жылы бола ма және аяғыңыз аяқкиімнің кескініне сай келе ме? Мұны да білгеніңіз абзал.