Жаңалықтар

Конституциядағы алты заңға өзгеріс енді

ашық дереккөзі

Конституциядағы алты заңға өзгеріс енді

5 қараша күні Президент бір­қа­тар заңға жария түрде қол қой­ды. Бұл заңдар биыл мау­сым айын­да өткен Конс­ти­туцияға өз­герістер мен толық­тырулар ен­гізу жөніндегі рес­пуб­ликалық ре­ферендумға шы­ғарылған бо­ла­тын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев конс­титуциялық рефор­ма нәтижесінде әзір­ле­ніп, қа­был­данған алты заңға жария түрде қол қой­ды. Президент Конституциялық реформа елі­міз­дің мемлекеттік құрылымының тұғырын ны­ғайтатынын, азаматтық қоғамның дамуына жол ашып, жалпыұлттық диалогты орнықтыратынын айт­ты. Яғни, бұл қадамдар халықтың әл-ауқатын арт­тыруға және еліміздің болашағына ықпал етуге тиіс. Заңға қол қою рәсіміне кіріспес бұрын Прези­дент заңдарды шұғыл қабылдаған депутат­тар­ға, жұмыс атқарған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мү­шелеріне, сондай-ақ заңнамалық актілерді әзір­леуге жан-жақты атсалысқан барлық азаматқа риза­шы­лығын білдірді. – Конституциялық реформа Қазақстан тари­хын­да жаңа дәуір басталғанын айқындады. Сондай-ақ соңғы үш жылдағы саяси өзгерістерді орнықтырып, мем­лекетімізді одан әрі нығайту үшін мықты негіз қа­лады. Бұдан былай әділеттілік, ашықтық және жа­нашырлық қағидаттары қатаң сақталады. Біз ре­фе­рендум арқылы бұрын-соңды болмаған сыртқы жә­не ішкі сын-қатерлерге төтеп бере алатынымызды дә­лел­дедік. Конституциялық реформаны нақты жүзеге асыра бастадық, – деді Мемлекет басшысы. Президенттің сөзінше, Парламент жан-жақты зер­делеп қабылдаған әрбір заңнамалық бастаманың гуманистік және құқық қорғау бағыттары айқын. Енді қабылданған немесе өзгеріске ұшыраған заңдардың әрқайсына жеке-жеке тоқталып өтсек. Конституциялық сот қайта жұмысын бастайды Қол қойылған алты заңның біріншісі – «Қазақ­стан Республикасының Конституциялық Соты тура­лы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңы. Қабылданған өзгерістерге сәйкес, 2023 жылғы 1 қаң­тардан бастап Конституциялық сот өз қызметін бас­тайды. Яғни, әрбір азамат өзінің конституциялық құ­қығы мен бостандығын тікелей осы орган арқылы қорғайтын мүмкіндікке ие болуы керек. Қаңтар оқиғасынан кейін 1993 жылғы Ата заңды жә­не сонымен бірге осы Конституциялық сотты қай­тару мәселесі бірнеше рет айтылған еді. 1991 жыл­ғы 16 желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы кеңе­сі қабылдаған тәуелсіздік туралы конституциялық заң­да Ата заңды қорғайтын жоғарғы орган – Конс­ти­туциялық сот екені ашық айтылды. Конс­ти­ту­ция­лық сот 1992 жылы құрылды. 1993 жылғы 28 қаң­тар­да қабылданған тұңғыш Ата заңда Конституцияны қор­ғайтын биліктің жоғарғы органы ретінде Конс­титуциялық сот бекітілді. 1995 жылы Жоғарғы кеңес тарағаннан кейін қабылданған 1995 жылғы жаңа Конс­титуцияда Конституциялық сот болған жоқ. Оның орнына лауазымы жоғары, шенділер ғана жү­гіне алатын Конституциялық кеңес атты ұйым құрыл­ған болатын. Енді Конституциялық кеңестің орнын қайтадан Конституциялық сот алмастырып отыр. Конституциялық Сот дербес және мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, лауазымды адам­дар мен азаматтардан тәуелсіз болады, Қазақстан Рес­публикасының Конституциясын және осы Конс­ти­туциялық заңды басшылыққа алады, саяси және өзге де уәждерді негізге ала алмайды. Сот Төрағаны қосқанда 11 судьядан тұрады. Төрт судьяны Президент тағайындайды, алты судья­ны Парламент тағайындайды, әр Палатадан үш судья тағайындалады (71-б. 1-т., 3-т.). Сот Төрағасын Сенаттың келісімімен Пре­зи­дент тағайындайды. Төрағаның орынбасарын да Сот Төрағасының ұсынуы бойынша судьялар ара­сынан Президент тағайындайды (71-б. 2-т., 3-т.). Конституциялық Соттың Төрағасы мен судья­лары алты жыл жұмыс істейді. Бір адам қата­ры­нан екі реттен артық Конституциялық Соттың су­дьясы болып тағайындала алмайды. Конституциялық Соттың құрамына қырық жасқа толған, жоғары заң білімі, құқық саласында жоғары біліктілігі, мінсіз беделі және заң мамандығы бойынша кемінде он бес жыл жұмыс өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматы кіре алады. Депутат бола алмайды, саяси партияның мүшелігіне өте алмайды, коммерциялық, басшылық, ақы төленетін (оқытушылық немесе ғылыми қызметтен басқа) жұмыстар істей алмайды. Конституциялық Кеңеске Республиканың бұрынғы президенттері кіре алатын, енді олар Конституциялық Сотқа мүше бола алмайды. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі бекітілді Өзгерістерге сәйкес елімізде Адам құқықтары жө­ніндегі уәкілдің мәртебесі, құзыреті мен дер­бестік кепілдігі конституциялық заң деңгейінде ал­ғаш рет бекітіліп отыр. Президент қол қойған екінші заң – «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жө­ніндегі уәкіл туралы» Қазақстан Республикасының конс­титуциялық заңы. Заң мәтініне сүйенсек, Адам құқықтары жөнін­дегі уә­кіл­дің міндеті – «адамның және азамат­тың бұзыл­ған құқықтары мен бостандықтарын қал­пына келтіруге, Қазақстан Республикасының нор­мативтік құқықтық актілерін жетілдіруге, адам жә­не азамат құқықтары мен бостандықтарын кө­тер­мелеу мен ілгерілетуге жәрдемдесу». Ол қызмет кезінде тәуелсіз және қандай да бір мем­лекеттік органдар мен лауазымды адам­дарға есеп бермейді. Мемлекеттік органдар, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары, ұйым­дар, олардың лауазымды адамдары Уәкілге қа­жетті материалдарды, құжаттарды, мәліметтер мен түсін­дірулерді ұсынуға міндетті. Уәкілді Президенттің ұсынуы бойынша Сенат 5 жылға сайлайды. Яғни, омбудсмен азаматтардың құқығын бұза­тын, қысым жасайтын құқықтық нормалар мен қолданыстағы заңдардың кемшіліктерінен туын­даған мәселелерді реттейтін жүйеден тыс, тәуелсіз уәкіл болуға тиіс. Өзгерістерге байланысты 55-баптың 3-тар­мақ­ша­сы редакцияланып, жаңа 83-1-бап қолданысқа ен­­­­­­гізілді. Бас прокуратураның құқық қорғау функциясы күшейді «Прокуратура туралы» Қазақстан Республи­ка­сы­ның конституциялық заң Бас прокуратураның өкі­леттігін кеңейтіп, рөлін күшейтеді. Мәселен, азаптауға байланысты қылмыстарды тергеуге нақты Бас прокуратура жауапты болатын болады. Бұған дейін прокуратураның қызметі заң бойын­ша регламенттелген болатын. Жаңа өзгеріс бойынша прокуратураның құзыреті, ұйым­дас­тырылуы мен қызмет тәртібі Конституциялық заң­да белгіленеді. (83-баптың 4-тармағы) Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері сайланады Қол қойылған «Қазақстан Республикасының кей­бір конституциялық заңдарына Мемлекет бас­шысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының конс­титуциялық заңы бойынша аудандар мен об­лыс­тық маңызы бар қалалардың әкімдері де сай­ла­нады. Бұл – ауыл әкімдерін сайлаудың логикалық жал­ғасы. Бұл қадамға бұған дейін мемлекеттік бас­қару жүйесін демократияландыруға ұмтылыс деген баға берілген болатын. Президент Жолдауында Президенттің кей өкілеттіктерін қысқартып және әкімдерді тіке­лей асқару құзыретін кемітіп, әкімдер мен мәс­ли­хаттарға шешім қабылдау кезінде дербестік беру туралы сөз қозғаған еді. Осыған байланысты Пре­зи­дент­тің облыс және республикалық маңызы бар қа­ла­лардың әкімдерінің актілерін тоқтата тұру не­месе олардың күшін жою жөніндегі құқығына бай­ла­н­ысты өзгерістер енгізетінін айтқан болатын (44-баптың 3-тармақшасы, 88-баптың 4-тармағы). Президент Парламент қабылдаған заңдарда Қазақ­станның аралас сайлау жүйесіне өту тәр­тібі айқындалғанын атап өтті. Енді Мәжіліс пен об­лыстық мәслихат депутаттарының бір бөлігі, ау­дандық мәслихат депутаттарының барлығы бір ман­датты округ бойынша сайланады. Соның нәти­жесінде өкілді органдар шынайы халық билігі тар­мағына айналмақ. Одан бөлек, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет бас­шысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы; «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құ­қықбұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен то­­лықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Респуб­ли­касының заңы қабылданды. Президент Ата Заңымызға енгізілген жаңа ере­желер халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс жайын жақ­сар­туға үлес қосады. – Біз Конституциямызда жер жəне оның қой­науы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, бас­қа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екенін нақ­ты көрсеттік. Осы норманың арқасында «Ұлттық қор – балаларға» атты ауқымды бағдарламаны қолға ал­дық. Ұлттың ұлылығы әрбір отбасының, әрбір аза­маттың әл-ауқатынан көрінеді. Сондықтан ел эко­но­ми­касы, ең алдымен, халықтың мүддесі мен игілігі үшін жұмыс істеуі қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент әділдік идеясы Қазақстанның мем­лекеттік саясатының өзегі болуға тиіс екенін атап өтті. – Әлеуметтік әділдіктің негізі – уақыт талабына сай келетін заңдар, сыбайлас жемқорлықпен жан-жақ­­ты күрес, азаматтардың еңбекқорлығы және жас­тардың озық білімге ұмтылысы. Мемлекет осы тұ­жырымды жүзеге асыру үшін барлық жағдайды жа­сауға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Осылайша, алғашқы алты заңға өзгеріс еніп отыр. Референдум қарсаңында айтылғандай, қолданыстағы 31 бапқа өзгеріс енеді, осылайша 98 баптан тұратын Ата Заңның үштен бір бөлігі жаңаратын болады.