Елордадағы үлкен даңғылға әл-Фарабидің есімі беріледі

Елордадағы үлкен даңғылға әл-Фарабидің есімі беріледі

Елордадағы үлкен даңғылға әл-Фарабидің есімі беріледі
ашық дереккөзі
Бүгін елорда маслихатында өткен тұрақты қоғамдық тыңдауда ұлы ғалым, әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фарабидің есімімен аталған қала шетіндегі шағын көшеге қатысты мәселе көтерілді деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. Мәлім болғандай, өнеркәсіп аумағындағы көшеге әл-Фараби есімін беру шешімін бұған дейінгі шақырылым депутаттары қабылдаған. Маслихат хатшысы Ерлан Каналимовтың айтуынша, әлемдік деңгейдегі тұлғаның атын қала орталығындағы көшелердің біріне беру орынды болады.
«Әл-Фараби көшесі қаланың сыртына беріліп қойды. Ол тек біздің еліміздің ғана емес, әлемдік тұлға. Өнеркәсіптік зонадағы түсініксіз бір көшені бердік те қойдық. Өзімізді өзіміз тығырыққа тіреп отырмыз. Сондықтан үлкен тұлғалардың есімін бергенде сақ болып, дұрыс шешім қабылдау керек», - деді Ерлан Каналимов.
Бұл ұсынықа қатысты пікір білдірген Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп қала орталығындағы үлкен көшенің бірін ұлы ғалымның есімімен атау мәселесі қарастырылып жатқанын атап өтті.
«Бұл бойынша Мәдениет және спорт министрлігімен әкімнің деңгейінде оны №38 көшеге көшіру бойынша ақылдасып жатырмыз. Министрлік барынша қолдау көрсетуге дайын екенін айтты. Біз мұны алдағы ономастика отырыстарына енгізуге тырысамыз. Жоспар бойынша, қабылданады деп отырмыз. Ол Тәуелсіздік даңғылынан Қабанбайға дейін баратын үлкен даңғыл болады», - деп мәлім етті басқарма басшысы.
Еске сала кетейік, бүгін мәслихатта өткен тұрақты қоғамдық тыңдауда бас шаһардағы 12 көшеге тарихи тұлғалардың есімін беру ұсынылған болатын. Бұған қоса, маслихат хатшысы Ерлан Каналимов атау берілген көшеге ақпараттық стендтер орналастыру мәселесін көтерді.