Жаңалықтар

ҚазҰУ Орталық Азиядағы үздік 50 университеттің қатарына енді

ашық дереккөзі

ҚазҰУ Орталық Азиядағы үздік 50 университеттің қатарына енді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне QS рейтингінің  негізін қалаушы және Президенті Нунцио Квакварелли арнайы келіп, ҚазҰУ басшылығы мен ұжымын жеткен жетістіктерімен құттықтады. Университет алғаш рет QS рейтингісі бойынша Орталық Азиядағы ең үздік жоғары оқу орындары тізіміне еніп, 44-ші орынға ие болды. Сондай-ақ, «QS Asia University Rankings 2023: Орталық Азия» рейтингісінде бірінші орында тұр. Салтанатты шараға QS  рейтингінің  негізін қалаушы және Президенті Нунцио Квакварелли,  ТМД және Орталық Азия елдері бойынша QS рейтингтік агенттігінің аймақтық директоры Сергей Христолюбов, университет басшылығы, оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты. Кездесуді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзбен ашып, Нунцио Кваквареллидің табысты қызметіне тоқталды. Өз кезегінде QS рейтингінің негізін қалаушы және Президенті Нунцио Квакварелли жылы қабылдағаны үшін университет ұжымына алғысын білдіріп, ҚазҰУ-дың жетістіктерін жоғары бағалады. Өз сөзінде ол QS компаниясының құрылу тарихы туралы қысқаша айтып, тәжірибесімен бөлісті. «Рейтинг құрылған сәттен бастап біздің мақсат – адамдардың білім деңгейін және өмір сүру сапасын арттыруға ынталандыру. Бүкіл әлем бойынша Ұлыбританиядағы, Орталық Азиядағы және Америкадағы студенттер білім мен академиялық ұтқырлық арқылы өз өмірін жақсартуға деген ұмтылысты арттырады және біз оларға әлемдегі ең үздік жоғары оқу орындары туралы салыстырмалы ақпарат беру арқылы осындай мүмкіндік береміз», - деді QS Президенті. Сонымен қатар Нунцио Квакварелли ҚазҰУ басшылығы мен ұжымын жаһандық рейтингтегі айтулы жетістігімен құттықтап, QS рейтингінде одан әрі ілгерілеуді тіледі. Сөз соңында Квакварелли мырза Жансейіт Түймебаевқа беделді рейтингтегі жоғары позицияларды растайтын сертификаттарды табыс етті. Шара соңында Жансейіт Түймебаев құрметті мейманға Әл-Фараби «Алтын медалін» табыстап, университеттің ғылыми-инновациялық жобаларын таныстырды.