Жаңалықтар

Депутат Үкіметке автомобиль жолдарына қатысты сауал жолдады

ашық дереккөзі

Депутат Үкіметке автомобиль жолдарына қатысты сауал жолдады

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүше Әмірхан Рахимжанов Үкіметке автомобиль жолдарына қатысты депутатық сауал жолдады деп хабарлады turkystan.kz. Депутат атап өткендей, Президент құрылысы басталған магистральды бағыттардағы қайта жаңарту жұмыстарын уақытылы әрі сапалы аяқтау қажеттілігіне тоқталса да Абай, Шығыс Қазақстан облыстарында Қытайдың Эксим банкінің қаржыландыруымен жүзеге асырылып жатқан «Қалбатау – Майқапшағай», «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен»  автомобиль жолдарын қайта жаңарту жұмыстары өте баяу жүруде. Сонымен қатар қазан айында Парламентте өткен, Үкімет сағатында айтылған автомобиль жолдарына қатысты орынды сынға қарамастан жауапты тұлғалар нәтиже шығармай отыр.Қазақстандық мердігерлердің немқұрайлығының, сыбайлас жемқорлық сипаттағы тәуекелдері кесірінен жұмыс қарқындылығы байқалған емес, ал пандемия кезінде тіпті тоқтап қалды. 5 жыл бұрын басталған құрылыстың ұзаққа созылуы жергілікті тұрғындардың наразылығын тудыруда. Оның айтуынша, биылғы жаздан бастап осы мәселемен депутаттардың тікелей айналысуы, жергілікті халық тарапынан қоғамдық бақылаудың артуы сынды мердігерлер жұмысын бақылау шараларының нәтижесінде құрылыс біршама қарқын алды. Алайда, екі қытайлық компания («Синь-Синь» және «Cитик контракшн»)  жобаларды консорциумға кіретін қазақстандық мүшелердің қатысуынсыз аяқтау туралы шешім қабылдағанына қарамастан бүгінгі күні жұмыс қарқыны бәсеңдеп, жанар-жағармай, құрылыс материалдары қымбатшылығы, сондай-ақ жұмысшылардың жалақы мөлшерін көтеру талаптары алға тартылып, шарттың баға бөлігіне түзетулер енгізу мәселесі жиі көтерілуде. Сондай-ақ, «ҚазАвтоЖол ҰК» өз тарапынан жұмыс кестесінің бұзылуына байланысты аталған компанияларға мердігерлік шартты бұзғаны үшін шара қолдануы құрылысқа кері әсерін тигізері  анық. Осы айтылғандарды ескере отырып, депутат Үкіметке «Қалбатау – Майқапшағай» және «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» автомобиль жолдарын қайта жаңарту» нысандарын толыққанды аяқтау үшін Үкімет қандай шаралар қолданып жатқанын, аталған магистральды бағытты қайта жаңарту жұмыстарын қаржыландыру мәселесі алдағы уақытта қалай шешіліп жатқанын, сондай-ақ, «Қалбатау – Майқапшағай» және «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» автомобиль жолдарын қайта жаңарту» нысандары қашан аяқталатынын сұрады.