Жаңалықтар

Елордада Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы туралы кітаптың тұсаукесері өтті

ашық дереккөзі

Елордада Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы туралы кітаптың тұсаукесері өтті

9 қарашада елордада ҚР мен ҚХР арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына арналған «Қазақстан-Қытай: тату көршілік және өзара тиімді ынтымақтастықтың үш онжылдығы» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Іс-шараға ҚР-дың ҚХР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Нұрышев, ҚХР-ның ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Сяо, ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ, Қазақстан және Қытай Сыртқы істер министрліктері, аналитикалық құрылымдарының өкілдері, қазақстандық жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты. Басылым қазақ, орыс және қытай тілдеріндегі үш блоктан тұрады. Ондағы ұсынылып отырған ресми құжаттардың басым бөлігі алғаш рет мемлекеттік тілге аударылған. Басылым халықаралық қатынастар, шығыстану саласындағы дипломаттарға, мамандар мен студенттерге және Қазақстанның заманауи сыртқы саясаты мен Қазақстан-Қытай қатынастарының дамуына қызығушылық танытатындарға арналған. «Ұсынылған мерейтойлық басылымның өзі біздің мемлекеттеріміз бен халықтарымыз арасындағы 30 жылдағы өзара тиімді ынтымақтастықтың көрінісі. Кітаптың бөлімдерінде көршілес екі мемлекеттің бірін-бірі сенімді серіктес, тиімді мүмкіндіктер көзі ретінде қабылдап, бұдан да жоғары нәтижелерге қол жеткізу үшін бірлесе жұмыс істейтіні нақты мысалдармен көрсетілген. Қазіргі уақытта Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара тиімді қарым-қатынастар төртінші онжылдыққа сенімді қадам басып, жаңа тарихи биікке дәйекті түрде ұмтыла отырып, жан-жақты дамып келеді», - деді кітаптың авторлық ұжымының өкілі Тимур Шаймергенов. Іс-шара соңында басылымның көшірмелері Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің қорларына тапсырылды.