«Маған да қиын»: Тұрсынғали Еділов Ербосынұлының жағдайына қатысты ойын айтты
«Маған да қиын»: Тұрсынғали Еділов Ербосынұлының жағдайына қатысты ойын айтты
Бокстан Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Тұрсынғаи Еділов жуырда өткен Айдос Ербосынұлы мен кубалық Дэвид Моррель айқасына бағасын берді. Жаттықтырушы жекпе-жекті уақытынан ерте тоқтату керек еді деген пікірде, деп хабарлады turkystan.kz vesti.kz сайтына сілтеме жасап.
«Мықты бапкер деген тек боксшысын мықты жаттықтыру деген сөз емес. Тіпті, әуесқой бокста да бапкерлер жекпе-жек кезінде өз шәкірттеріне қатты мән бермей жатады. Ауыр соққылар алып жатқанына көңіл бөлмейді. Соның салдарынан қаншама былғары қолғап шебері рингте көз жұмды. Осы орайда, бапкердің тәжірибесі мол болу керек. Шәкіртінің рингте қалай қолғап түйістіріп жатқанын сезіне білу керек. Мысалы, Айдос қарсыласынан үлкен басымдылықпен жеңіліп жатты. Мүмкіндік болмады. Ербосынұлын жақсы білемін. Ол батыр, намысты жігіт. Алайда рингтегі төреші мен бапкері істі насырға асырмай, уақытынан ерте тоқтатуы керек еді», - деді ол.
Сонымен қатар Еділов кубалық Дэвид Моррельге бағасын беріп, Айдостың тезірек жазылып кетуіне тілектес екенін айтып өтті.
«Айдостың қарсыласы соншалықты танымал да емес. Бірақ жылдам, сезімтал, соққылары жойқын мықты екен. Айдосқа Алла шипасын берсін. Кезінде менің жаттығу залымда талай келіп дайындалған. Өзім әуесқой бокспен Америкаға, Италияға талай алып барғам. Оның қазіргі жағдайын көру, есту - бапкер ретінде маған да қиын. Аман-есен сауығып шықсын деген тілегім бар», - деді жаттықтырушы.