Алматыда автобустардың соқтығысуынан зардап шеккендер саны артты
Алматыда автобустардың соқтығысуынан зардап шеккендер саны артты
Алматыда екі автобустың соқтығысуынан зардап шеккендер саны 21 адамға жетті, олардың арасында 1 бала бар. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан мәлім етті деп хабарлады turkystan.kz.
«8 қараша күні түскі сағат 13:59-да жедел жәрдем қызметіне Төле би көшесі мен Абылай хан даңғылы қиылысында 2 автобустың соқтығысқаны туралы хабар түсті. Оқиға орнына 9 жедел жәрдем машинасы жетті. 21 адам медициналық көмекке жүгінді», - делінген мәліметте.
№4 қалалық клиникалық ауруханаға жедел жәрдеммен 6 зардап шегуші жеткізілді, олардың барлығы ауруханаға жатқызылды.
Орталық қалалық клиникалық ауруханаға 7 адам жеткізілді, көрсетілген медициналық көмектен кейін науқастар тұрғылықты жері бойынша амбулаторлық емдеуге жіберілді.
Жедел жәрдем ауруханасына 7 адам түсті. Олардың екеуі емдеу мекемесіне жатқызылды, бесеуі амбулаторлық емге жіберілді.
Жалпы, қазір әртүрлі ауруханаларға 9 адам жатқызылды, барлығының жағдайы орташа, тұрақты.
2013 жылы туған бала Балалар жедел медициналық жәрдем орталығына жабық бас сүйек-ми жарақаты, мидың шайқалуы, маңдай аймағы мен мұрын жарақатымен нейрохирургия бөлімшесіне жатқызылды.
Бір адам жедел жәрдем келгенше көз жұмды.
Еске салсақ, бүгін Алматыда Төле би - Абылай хан көшелерінің қиылысында екі автобус соқтығысып, 1 адамның көз жұмғаны және 17 зардап шеккен туралы хабарлаған болатынбыз.
Аталған дерек бойынша Полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес тергеу жүргізіп жатыр.