Жаңалықтар

Аты аңызға айналған «Тақиялы періште» фильміне – 53 жыл

ашық дереккөзі

Аты аңызға айналған «Тақиялы періште» фильміне – 53 жыл

«Тақиялы періште» 1969 жылы жарыққа шығып, көрермендерге жол тартты. Содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, комедиялық туынды халқымыздың сүйікті фильмдерінің қатарынан түскен емес. Режиссер Шәкен Айманов фильмдеріне тән ортақ ерекшелікті туған өлкеге сүйіспеншілік пен қарапайым адамдар арасындағы шынайы махаббат оқиғалары арқылы байқауға болады. Бұл көрініс «Тақиялы періштеде» де көрініс тапты. Кинодағы сюжетте режиссер күнделікті әр адамның басында кездесетін қарапайым жайттарды экранға шығарды: өзіне лайық жар іздеу, танысу, үйлену, қоғамда жүріп жатқан тоқтаусыз процесс. Басты кейіпкерлер жайында аз-кем дерек Фильмдегі басты кейіпкерлер Тайлақ пен Тананың өмірде өз прототиптері бар. Кинода еңсегей бойлы, алпамса денелі, дархан мінезді, кең пейілді Тайлақ сүйікті тақиясын басынан тастамай жүреді. Сондықтан оны анасы еркелетіп, «Тақиялы періштем» деп атайды. Ұлын үйлендіру үшін Тана Алматыға келеді. Келін іздеу барысында оған өз көңілін білдіре бастаған Нияздың отбасымен араласады. Осы кездерде Тайлақ Айшамен танысады. «Періштенің» анасы ұлының таңдауын бірден қабыл алмайды. Айшаның әкесінің кезінде Танамен сөз байласып, кейін сөзінен тайқып шыққан Тайыр екені белгілі болады. Тайлаққа сыра сатушы Алтыншаш та тұрмысқа шыққысы келеді. Сатушыдан қашқақтаған Тайлақ көп өтпей Айшаға үйлену туралы ұсыныс жасайды. Нияз болса, Тананың оған әйел болуын қалайды. Фильмдегі осындай көңілді оқиға қос тоймен аяқталады. Тана – Әмина Өмірзақова (1919-2006жж) ШҚО, Абай ауданы, Қараауыл ауылында дүниеге келген. Кеңестік және қазақстандық кино және театр актрисасы. Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері. Қазақ кино және театр өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған белгілі өнер майталманы. Ол бастапқыда «Комсомольск», «Амангелді», «Алыптың әні», «Ақ раушан» фильмдеріне түскен. Десе де оны 1945 жылғы «Абай өлеңдері» фильміндегі Ажардың рөлі танымал етті. Осы рөл арқылы ол қазақ кинематографиясының элиталарының қатарына енді. Кино және театр актрисасы Әмина Өмірзақованың естелігі: «Ана туралы аңыз» фильмінен кейін үлкен қуанышқа бөленіп, еңбегімнің бағаланғанына риза болып жүрген күндердің бірінде киностудияда Шәкен ағамен кездестім. Жай-жапсарды сұрасқаннан кейін ол кісі менен: «Жағдайың қалай?» – деп сұрады. «Аға, толқып жүрмін», – деп едім, «Мен онда сені екінші рет толқытамын. Әдейілеп тұрып саған сценарий жаздым, бұл – комедиялық туынды. Басты рөлде сен ойнайсың», – деді. Комедия дегеніне біртүрлі ойланып қалдым да: «Көреміз, аға», – дедім. «Ана туралы аңыздағы» трагедиялық кейіпкерден бірден комедияда қайтіп ойнаймын деп жүрдім. «Ана туралы аңызда» ойнамайсың – өмір сүресің. Өйткені, өзің анасың. Ал «Тақиялы періштедегі» Тана жеңгейді рақаттанып тұрып ойнадым. Мен бұл образдағы ананы жақсы алып шықтым деп ойлаймын. Себебі ол кезде екі ұлым үйленбеген еді. «Осылар қашан үйленеді екен?» деп ойлайсың ғой. Өмірде басымнан өткен нәрсе кинода да біте қайнасып жатты. «Ана туралы аңыз» фильмімен шет елдерге шығып жүлде алдым. Бірақ халық мені «Тақиялы періште» арқылы таныды. «Жалғыз балам бар еді. Үйлендіре алмай жүрмін. Көмектесіңізші» дейтіндер де болды. Әлі күнге дейін осы киноның деңгейінде комедиялық картина түсірілген жоқ. Тайлақтың рөлін ойнаған Әлімғазының 10 баласы бар. Мен осы фильмнің жалғасы түсірілсе деп армандап едім. Сценарий жазатын адам табылмады. Мүмкін, фильм түсірер. Мен көрермін-көрмеспін. Дегенмен қазір түсірілсе, ойнауға шамам келеді.

(Бұл жазба Әсет Ақмолданың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды).

Фильм туралы қызықты деректер: Кино 7 айда түсіріліп бітті. Түсірілім негізінен павильондарда жүрген. Мына эпизодтағы сән-салтанаты келіскен үй уақытша тұрғызылған орын. Шәкен Айманов «Тақиялы періштесін» ұзақ уақыт іздемеген. 1965 жылы Алматыда күрестен Қажымұқан атындағы турнир өтеді. Сол жарысқа арнайы келген бір балуанды байқап қалып, кезекті бір туындысына басты рөліне шақырған. Ол балуан өздеріңіз білетін – Әлімғазы Райымбеков. Әмина Өмірзақова шынайы өмірде де келіндерін өзі таңдады. Ол Айменді сомдаған Райхан Шанинаны ұлымен таныстырғысы келген. Фильмде Тайлақтың сүйіктісін сомдаған Шолпан Алтайбаевтың (Айшаның) актерлік білімі болмаған. Ол күні бүгінге дейін француз тілінің маманы, аудармашы болып жұмыс істеген. Ал Тайлақтың қыр соңынан қалмайтын сұлу бикеш Алтыншаш рөліне бекітілген актриса бастапқыда басқа адам болған. Сол рөлді сомдаған Эльвира Оразбаева бірінші эпизодтан кейін себебін түсіндірмей, түсірілім алаңынан кетіп қалған. Кейін оның орнына Лермонтов театрында жұмыс істейтін Райса есімді актриса келген. Кинода Алтыншаштың тапсырысымен Тайлақты ұрып кететін эпизодта бассейннің суын толтыру үшін өрт сөндіруші көліктерімен 4 рет су тасып құйған. Фильмге түскен адамдардың табысы жаман болмады деседі. Сол уақытта орташа айлық – 100 сом. Ал киноға түскендердің гонорары мыңмен есептеліпті. «Әмина апам 40 мың, мен 25 мың алдым. Берген ақшасына көлік аламын деп ойлағанмын. Шешем қарсылық білідірді. «Балаларың көліктің ішінде жүре ме?! Одан да үй сал» деді. Кейін Еңбекшіқазақ ауылында үй салдым. Қазір ол үйді кенже ұлыма бердім», – деді Әлімғазы Райымбеков «Хабар» арнасына берген сұхбатында. Тайлақтың фильмде киген тақиясы қазір музейде сақтаулы тұр. Фильм 50 жылдан кейін жалғасын тапты. 2019 жылы «Тақиялы періште – 2» фильмі жарық көрді. Режиссері – Құсман Шалабаев. Жаңа туынды да Тайлақтың тақиясы деп аталды. Бұрынғы кинода Тайлақтың анасы қалыңдық іздеп сабылса, бұл жолы Тайлақ немересіне лайықты жар іздейді  Кинода көрсетілген ғимараттар мен өзге де орындардың орны қалай өзгерді? 1. 3. 5.