Қандасымыз түскен фильм Қытай кинопрокатында топ жарды
Қандасымыз түскен фильм Қытай кинопрокатында топ жарды
Қазақ актері басты рөлді сомдаған қытайлық «Ержүрек аспан сардары» фильмі бір күн ішінде 19 миллион доллар қаржы жинады. Аталмыш фильмнің алғашқы күндегі табысы тіпті атақты Джеки Чан киноларының прокатқа шыққан күнгі кассалық түсімінен асып түсті. Бұл туралы хабарлайды kazakh.people.com.cn. сайтына сілтеме жасап qamshy.kz хабарлады.
Аспан асты елінің көрермендерінің назарын аударып, тәнті еткен «Ержүрек аспан сардары» фильмі Қытай киноиндустриясындағы биылғы жылдың табысты жобаларының бірі болды. Жібек жолы бойындағы тарихи оқиғаны баян еткен кино тартымдылығымен көрерменді баураған. Осылайша, бұл туынды Қытай кино тарихында алғашқы күнгі билеттер сатылымы бойынша рекорд жаңартты. Қытайда тұратын қандасымыз Мұхтар Тілеуғазыұлы «Ержүрек аспан сардары» фильмінде Байрұң тайпасынан шыққан батыр рөлін тамаша сомдаған. Мұхтар - Қытайдың Іле қазақ автономиялық облысы, Күнес ауданының тумасы. Ол Қытайдың ең әйгілі режиссерлерінің туындыларында беделді рөлдерде ойнап, көрерменнің көңілінен шығып жүр. Қазіргі күні Қытайдың патшалары мен батырларының рөлін сомдаушылар арасында жоғары сұранысқа ие актерлердің бірі. Ол негізінен тарихи фильмдерге түседі. Оның жұлдызын жарқыратқан туынды - Қытайдың Лу Чан есімді белгілі режиссерінің «Патшаның қонағасы» фильмі болды. Бұл тарихи фильмде Мұхтар Батыс Хан патшалығын құруға еңбек сіңірген атақты сардар Фан Куәйдің рөлінде ойнайды. Көрерменге өзінің батыр келбетімен, әртістік талантымен ұнайды. Актер 2013 жылы «Яң Гуйфи» (Яң Гуйфи - Қытай тарихындағы ең атақты төрт арудың бірі болған) фильмінде Ан Лушан сардардың рөлін сомдайды. Осы секілді тарихи фильмдерде жарқырап көрінген талантты қандасымыз соңғы төрт жылдың өзінде-ақ жиырмадан астам киноға түскен.