Astana Media School – коммуникацияның тұрақты даму алаңы
Astana Media School – коммуникацияның тұрақты даму алаңы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультеті БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің, БҰҰ-ның ҚР Ақпараттық Бюросының өкілдігінің қолдауымен Астана медиа мектебін өткізді деп хабарлады turkystan.kz.
Жыл сайын студенттер асыға күтетін Астана медиа күндері биыл мәресіне жетті. Astana Media School – медиаиндустрия практиктері мен Қазақстан ЖОО студенттерін біріктіретін медиа және коммуникация алаңына айналып келеді.
Аталмыш шара елордада тың идеялар мен басым трендтерді талқылауды көздейді. 2018 жылдан бастап «Қазмедиа орталығы» редакциялары мен ньюсрумдарында журналистер, репортерлер, медиа және ақпарат агенттіктерінің мамандары мен журналистика кафедраларының білім алушылары коммуникацияны тұрақты дамыту мақсатында кездесіп келеді.
Студенттер алған пайдалы ақпарат, жаңа білім мамандыққа деген сенім шегесін, адалдық қазығын мықтап қақты.
Astana Media Week журналистердің ғана емес, келешек әріптестер - бүгінгі журналистика факультеті студенттерінің де басын қосқан алаң болды. Шараның алғашқы күні Balapan арнасы басшылығы арнаның құрылуы жайлы жан-жақты мәлімет берді. Балаларға арналған телеарна тарихынан бастап, келешек жоспарлары жайлы әңгімеледі. Ең қызығы, студенттердің бәрі Balapan-мен өскен екен. Кезінде өздері сүйіп тамашалаған жобаларды ұмытпапты. Кеше көргендей қызығушылықпен, сағынышпен әңгімелеп отыр.
«Balapan арнасына дайындалатын контенттерден бастап, рейтингте топ позициясына дейінгі ақпараттар мен деректермен біліміміз молайды. Ең талғампаз көрермендеріңіз көп болсын. Баланың талғамынан шыққан арнаның арғы жағында жанқияр еңбектеріңізді құрметтейміз», - дейді 1-курс студенті Ақбота Жаңабаева.
Медиа мектеп қатысушылары «Хабар 24» арнасының жаңалықтар бөлімінің жүргізушісі Ботагөз Сарықұлованың, «Хабар» арнасының «Бізге хабарласқан» бағдарламасының жүргізушісі Нұрболат Үсеновтің, «Ел арна» Бас продюсері Әділ Сейфуллиннің шеберлік-сыныптарын тыңдады.
Студенттерді мазалған сұрақ: репортер кәсібінің қиындығы, эфир алдында толқу, қобалжу, журналистердің тікелей эфирдегі шеберлігі.
Ботагөз - оқушы күндерінен телеарналарда балалар бағдарламасын жүргізген әрі мамандыққа дайын келген журналист. Журналист өзінің кәсіби өмірін жаңалықтармен ғана байланыстырады. Болашақта мүмкіндік болса, Euronews арнасының жаңалықтарын жүргізуді мақсат тұтады.
Журналистика факультетінің студенттері бұл күнді кәсіби ғұмырларында ұмытпайды және алған әсерлері көп жылға азық болады, мамандыққа адалдықты үйретеді деп санайды.
Гүлмира Сұлтанбаева,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ