Жаңалықтар

Алты заңның қабылдануы сайлау жүйесін жетілдіруге ықпал етеді – Ерлан Қарин

ашық дереккөзі

Алты заңның қабылдануы сайлау жүйесін жетілдіруге ықпал етеді – Ерлан Қарин

ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жария қол қойған маңызды заңдарға қатысты ойын айтты деп хабарлады turkystan.kz. «Президент биыл 16 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған саяси бастамаларын жүзеге асыруға бағытталған алты заңға қол қойды. Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы болып сайланғалы бері кезең-кезеңімен саяси өзгерісті дәйекті түрде жүзеге асырып келеді. Осы жылдар ішінде саяси процестің бәсекеге қабілеттілігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған төрт саяси реформа пакеті іске асырылып, оның аясында 13 заң қабылданды. Саяси реформалардың тағы бір пакетін Мемлекет басшысы наурыз айындағы Жолдауында ұсынып, маусым айындағы конституциялық референдум арқылы жүзеге асырылды», - деді Мемлекеттік кеңесші. Оның айтуынша, конституциялық реформа қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді талап еткен. «Үкімет конституциялық түзетулерді айқындайтын тиісті заң жобаларын әзірлеп, қыркүйекте Парламентке ұсынған болатын. Бұл заңдар алдымен Мәжілісте мұқият және жан-жақты қаралып, мақұлданды. Содан кейін Сенатта қабылданып, енді бүгін Президент жария түрде қол қойды. Алты заңның қабылдануы Президенттің өкілеттіктерін биліктің басқа институттарына қайта бөлуге, биліктің өкілді тармағын қайта форматтауға, сайлау жүйесін жетілдіруге, құқық қорғау институттарын нығайтуға ықпал етеді. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы бастамашылық еткен ауқымды саяси жаңғыру бағдарламасы құқықтық түрде түпкілікті ресімделді», - деді Қарин.