Жаңалықтар

«Қазақстан - Қырғыз Республикасы: 30 жылдық достық пен ынтымақтастық» дөңгелек үстелі өтті

ашық дереккөзі

«Қазақстан - Қырғыз Республикасы: 30 жылдық достық пен ынтымақтастық» дөңгелек үстелі өтті

4-5 қарашада бағзыдан бауырлас көршіміз - Қырғыз елінің астанасы Бішкек қаласында «Қырғыз еліндегі қазақтар қауымдастығының» 30 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар бастау алды. Қазақ-қырғыз елдері ежелден-ақ тамыры терең тату көршілік орнатып, баяғыдан-ақ барыс-келіс пен алыс-беріс аясы анағұрлым кеңейген мүдделес мемлекеттер екені бесенеден белгілі. Қырғыз Республикасы - біз үшін тамырлас, тағдырлас және бауырлас мемлекет. Екі ел арасында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық аясы кеңейе түсуде. Елдеріміз аймақтық және жаҺандық мәселелерде өзара ықпалдастық пен ынтымақтастыққа аса маңыз беруде. Соның арқасында қазір қазақ-қырғыз қатынасы жаңа деңгейге көтерілді деуге толық негіз бар. Өз кезегінде жылы лебіз білдірген Қырғызстан Халқы Ассамблеясының төрағасы, атақты академик Абдығани Эркебайұлы Эркебаев та ежелден тату екі елдің арасындағы берік достықтың тарихи тамыры терең екенін тебірене жеткізді. Өзінің де қазақ достары көптігін мақтан тұтып, олардың жақсы қасиеттерін дәріптеді. Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы, Қазақстан Республикасының Қырғыз еліндегі тұңғыш Елшісі, Қырғыз Республикасының халық ақыны Мұхтар Шахановтың жан тербетер жақсы сөздері елді еріксіз елжіретті. «Адамзаттың Айтматовы» атанған Шыңғыс досым фәниден бақиға озғалы жаным жабырқап, жалғыз қалғандай күй кешіп жүрмін» деген бір ауыз сөзінің өзі тонның ішкі бауындай, бірге туған бауырдай екі елдің егіздей үйлесімінің үлгісі болды. Жасампаз халықтардың жарқын болашағы жастардың қолында екенін айтқан ақиық ақын өскелең ұрпаққа өлеңдете бата берді. Тұғырлы тұлғадан кейін сөз алған тараптар тату көршілік саясатын дамудың жаңа сатысына көтеру жөнінде келелі сөз қозғап, ой-пікірлерін ортаға салды. Жайма шуақты әңгіме ауанымен аяқталған жиын соңында алыс-жақын шет елдердегі қалың қазақтың қамын ойлайтын «Отандастар қорының» басшысы Абзал мырза көршілес елдегі қандастар қауымына атажұрттың атынан арнайы «Қоржын» топтамасын тарту етті. Естен кетпес естелік ретінде қазақтың қасиетті домбырасынан бастап, ұлттық киімдер, бағалы кәдесыйлар ұсынып, ұлттық құндылықтарымыз тағы бір ұлықталды. Кездесуде арқа-жарқа көңілмен жараса қауышып, қуана тарасқан қандастар мен көңілі тату көршіміз - қырғыз ағайындар кешкілік шекаралас Жамбыл облысының Кенен Әзірбаев атындағы филармониясы өнерпаздарының мерейтойға арнайы ала келген ән-шашуын тамашалады. Тараздық сахна саңлақтары мерейтой қонақтарының мейірін қандырып, қандастарымыздың абыройын асырды. Бішкек қаласын қазақтың халық әндерімен әлдилеп, қырғыз аспанын күй күмбірімен тербеткен өнер кеші көпшіліктің жадында жатталып, көрермен көңілінде көпке дейін сақталып қалары анық.