Ұлт театры 91-ге толды
Ұлт театры 91-ге толды
13 қаңтар - М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының туған күні. Қазақ өнерінің алғашқы саңлақтары, могикандары еңбек еткен қарашаңыраққа биыл 91 жыл толып отыр.
1925 жылдың соңында сол кездегі астана Қызылорда қаласында ашылған өнер ордасы - қазақ тарихындағы тұңғыш ұлттық мәдени-сахналық мекеме.
Театр тарихына аз-кем тоқталар болсақ, өнер ордасының шымылдығы ресми түрде 1926 жылдың 10-қаңтарында Қ.Кемеңгеровтің «Алтын сақина» қойылымымен ашылды. Осы жылдың 13 қаңтарында М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясы қойылды.
Ұлт театры туралы келелі ұсыныстар жасап, даму жолын, шығармашылық келбетін айқындаған қайраткер - Смағұл Сәдуақасов, алғашқы директоры әрі көркемдік жетекшісі - Дінмұхамед Әділов.
1929 жылы театр труппасы жаңа астана Алматыға қоныс аударды. 1930 жылдардың бірінші жартысында сахнаға Күләш Байсейітова, Қанабек Байсейітов, Жүсіпбек Елебеков, Шара Жиенқұлова, Шәкен Айманов,сәбира Майқанова, Хабиба Елебекова сынды әртістердің келуі күрделі драмалық шығармаларды сахналауға жол ашты.
1937 жылы өнер ордасына академиялық театр атағы берілді. Содан кейінгі жылдары театр репертуары М.Әуезов, Б.Майлин, І.Жансүгіров, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқановтардың тарихи тақырыптағы туындыларымен, орыс және шетел классикасымен толықты.
1961 жылы қарашаңыраққа көрнекті жазушы-драматург М.Әуезов есімі берілді.
Мерейлі мереке қарсаңында назарларыңызға театр актерлерінің театр туралы толғамдары мен құттықтауларын ұсынамыз.
Ерлан Біләл, театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері:
- Әуезов театры - ұлылар туын тіккен, тұғырын бекіткен қасиетті қарашаңырақ. 1926 жылы құрылғаннан бері әдебиет, өнер, мәдениет саласындағы дүлдүлдердің, абыздардың баршасының көңілі ауған, сүйіспеншілігін арнаған қасиетті өнер ордасы ғой. «Өткенсіз болашақ жоқ» дейді. Сондықтан бүгінгі күні театр үлкен, жаңа шығармашылық ізденістер жолында. Өйткені, туы биіктен желбіреп, көркемдік-шығармашылық деңгейі өзгелерге үлгі болып келе жатқан еліміздегі жетекші театрдың өткенімен мақтана отырып, болашағын одан да зор ету үшін де тынымсыз еңбек, қажыр-қайрат, өзімізге деген талап, соны ізденістер керек. Соның арқасында жемісті еңбек, жеңісті күндер болатынына мен кәміл сенемін!
Театрдың тірегі – шығармашылық қуаты. Кезінде Әзекеңдер (Әзербайжан Мәмбетов) театр өнерін дүр сілкінтіп, Кеңес одағы көлемінде алдыңғы қатардан көрінсе, сол тұстарда қазақ театр және кино өнерінің майталмандары Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев сынды аға буын актерлер өнерлерімен алдаспандай жарқырай көрініп, қазақ өнерінің көшін алға әкетті. Міне, осындай талантты шоғырдың өнер көшін өз биігінен түсірмей алға сүйреуге бізге міндет. Жан-жақты толысқан театр режиссерлері, актерлер, драматургтер, жазушылар әлі де болса алдыңғы толқын ағалардай талантымен тау қопарып шығу керек деп ойлаймын. Себебі, сондай дарынды адамдардың шығуына, көрінуіне бүгінгі заман яғни өз қолымыз өз аузымызға жеткен, бейбіт те берекелі уақытта жарқырап шықпаған да қашан шығады?! Менің де түпкі мақсатым - қазақ өнерін халықаралық дәрежеге көтеру. Театр осЫ бағытта ізденіп, жұмыс істеп жатыр.
Әрқашан шыққан биігіне масаттанбай одан әрі даму жолында күнделікті шығармашылық ізденіс үстіндегі театрымыздың құрылған күнімен театр ұжымын шын жүректен құттықтаймын! Әрбірінің деніне саулық, басына амандық тілеймін! Ел іргесі тыныш болсын!
Есмұхан Обаев, Қазақстанның халық артисі:
- Әр өнер ұжымының айтулы күндері болады. Сондай күннің бірі – біздің театрдың туған күні. Сонау 1926 жылы Қызылордада ашылған қазақтың тұңғыш кәсіби театры – Әуезов театры, міне, биыл 91 жылдығын атап өткелі отыр. Театр үшін мереке. Бұл бір маусым мен екінші маусым аралығындағы жаңа қойылған спектакльдер ондағы актерлік ойын, режиссура, суретшілер, жарық берушілер тағы басқа сол қойылымды сахнаға шығаруға еңбек еткен адамдардың жұмысы електен өтіп, жетістіктері айтылып, жаңа қойылымдардың театрдың бай репертуарына қосқан үлесі әңгіме болатын кез. Әрі бір-бірімізге жақсылығымызды асырып, кемшіліктерімізді де жасырмай айтатын уақыт. Және театрдың бағыт-бағдары, алдағы жоспарлары туралы да әңгіме болады.
Театрдың өткен жылы аталы жиындарға, үлкен іс-шараларға қатысты. Атап айтсақ, Қазақ хандығының 550 жылдығында жасаған зор еңбегі, «Алмас қылыш» тарихи қойылымы, халықтар достығы тақырыбына арнап, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына тарту еткен «Ақтастағы Ахико» спектаклі және басқа да ірі жұмыстар.
Театрымызға келген жастар көп. Жастар театры деп атауға да болады. Актерлік құрамның көбі жастар. Сондай-ақ, театр режиссурасы жас режиссерлермен толығып жатыр. Кеше ғана прьемерасы өткен «Мани-мани» спектаклін қойған Есләм Нұртазин, «Қыз Жібек» қойылымының дайындығын жүргізіп жатқан, өзін таныта білген Елік Нұрсұлтан.
Қазақстанда айына отыз қойылым ойнайтын Әуезов театрынан өзге бірде бір театр жоқ. Бұл театрдың шығармашылық қуатының зор екенінің айғағы. Сол қуатты әрі қарай алып жүру үшін тынымсыз еңбек пен ізденіс керек.
Бекжан Тұрыс, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
- Өмірін өнерге бағыштаған, өнерден өзге ойы жоқ, сахнадан басқа серігі жоқ театрдың тағдыры өнерді өмірі санайтын сахнаның сарабдал санаткерлерін бүгінгі театрдың туған күнімен шын жүректен құттықтаймын! Біз - өткенді екшеп, барды бағалап, талғам таразысына салып отыратын халықпыз. Театр бүгіннен басталған жоқ, театрдың құрылу тарихының тұтқалары болған бірнеше буын өкілдері бар. Өткен ұрпақ, жаңа ұрпақ, жетіліп келе жатқан бар ұрпақ сол театр тарихының таразысынан өтіп отырады. Әрине, алғашқылардың есімі қашанда бізге ыстық. Біздің осы ұлттық театрымыздың негізін салған тума таланттардың өнері тек сахнаның ғана емес, тұтас ұлттық мәдениетіміздің өркендеуіне үлкен әсер етті десек жаңылыспаймыз, сондықтан өнер бар жерде, театр бар жерде ол кісілердің есімі бірінші аталмақ. Ол кісілердің қалдырған өнері мен өнегесі Мәңгілік елмен бірге мәңгі жасай береді. Еліміздің еңсесі биік болсын, сол еңселі елдің өнерін өркендете берейік
Жоламан Әміров, актер:
- 1984 жылдан бастап М.Әуезов театрында еңбек етіп келе жатырмын. Театрға келгеннен Сабира Майқанова, Бикен Римова, Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбекова, Фарида Шәріпова апаларымыз бен Қапал Бадыров, Камал Қармысов, Тайбек Жолымбеков, Нұрмұхан Жантурин, Әнуар Молдабеков, Ыдырыс Ноғайбаев ағаларымыздың көзін көріп, өнерлерін тамашалап, бірге жұмыс істедім. Театрдың 70, 80, 90 жылдық мерейтойларының куәгері болдым. Бүгінде 91-маусымдағы туған күнін тойламақпыз. Осы орайды пайдаланып, театр ұжымын құттықтаймын! Барша әріптестеріме шығармашылық табыс тілеймін!
Еркебұлан Дайыров, Қазақстан Жастар одағы "Серпер" жастар сыйлығының иегері:
- М.Әуезов театрының актерлік құрамына қабылданғаныма биыл 11-жыл. Қарашаңырақ театрдан орын теуіп, бір кірпіші болып қалану - кез келген өнер жолындағы, актерлік мамандықты таңдаған жанның арманы. Жалпы қай мемлекетте, қандай әлемдік кеңістікте өнер дамиды деген мәселеге келсек, өнер елде егемендік, мемлекетте тыныштық болған кезде дамиды. Осы тұста театрымыздың 91-маусымы Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келгенін, ал 1991 жылы Қазақстан Егемендік алғанын атап өту керек. Бейбіт күнімізді бағалап, Тәуелсіз елде өз мүмкіндіктерімізді пайдалану - біздің еншімізде. Қазақтың актерлері - алпауыт елдерді аузына қаратқан өнер иелері, қазір де талантты жастар өсіп келеді. Қазақ деген халық бар кезде талант сарқылмайды. Қазақ театр өнері өсіп, өркендей берсін!