Жаңалықтар

Астананың көлік кептелісін шешу жолы

ашық дереккөзі

Астананың көлік кептелісін шешу жолы

Көлік кептелісі Алматының ғана бас ауруына айналып тұрған жоқ. Қазіргі таңда Астана қаласына жан-жақтан келіп жатқандарды ескерсек, мұнда да соңғы жылдары көлік кептелісі басты мәселеге айналуда. Енді көктемнен бастап Астанаға көлік кептелісі уақытында кіру ақылы болады. Бас қаладағы күнделікті қарбаластан құтылу үшін қала басшылығы осындай шешім қабылдауға мәжбүр болған. 21 мамырда күшіне енетін тәртіпке сәйкес таңғы 7.00 ден 10.00-ге дейін Астанаға кіретін алты жолдың бойына арнайы төлем қабылдау құрылғылары орнатылатын болады. Астана қаласы тұрғындарының алдында сөз алған Әсет Исекешев 2020 жылға дейін жоспарланған көліктік кешеннің даму бағдарламасымен таныстырды. Онда негізгі басымдық қоғамдық көліктерге берілген. "Қоғамдық көлік әр адамның күнделікті тасымал құралына айналуы тиіс. Ол үшін біз жолаушыларға барлық жағдай жасауға дайынбыз. Жылы аялдамалар мен жайлы автобустар қала тұрғындарының көңілінен шығуы керек", - дейді  Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев. Өзінің тиімділігін дәлелдеген заманауи аялдамалардың биыл тағы 200-і салынады. Оған инвесторлар қаржысы тартылмақ. Сондай-ақ мамыр айында Астанаға су жаңа 380 автобус әкелінеді. Оның 45-і оқушылар тасымалдауға арналған. Осы ретте қоғамдық көліктің жүрісін жеңілдету үшін арнайы 24 жолақ салынады. Тіпті таңғы кептеліс мәселесін шешу үшін сырттан кіретін көліктерге көктемнен бастап ақылы жүйе енгізіледі. Бұл жөнінде "Астана LRT" ЖШС көлік жөніндегі директоры Рустам Халилев: "Қазір Астанаға күнделікті сырттан 75 мың көлік кіреді. Олардың 30-40 пайызы таңғы уақытта, яғни нағыз кептеліс кезінде жол жүрісін бұғаулайды. Сырттан қалаға таңғы уақытта кіру барлық жүргізушілер үшін ақылы болады. Алайда мүгедектер мен ардагерлер және жеңілдігі бар азаматтарға заңнама бойынша арнайы тариф орнатылады", - деді. Айта кету керек, мамыр айынан бастап Астанада Абылайхан және Шәкәрім Құдайбердіұлы көшелеріне де бір жақты жол жүрісі енгізіледі. Осы арқылы қаладағы көлік қозғалысының орташа жылдамдығын 4 пайызға жылдамдатуға мүмкіндік бар. Алайда, көлік жүйесіне қатысты негізгі реформалар әлі де сараланып жатыр. Ал мамыр айына қарай тарифтер құны белгіленеді. Сол кезде көлік тығыны кезінде қалаға кіру ақысы да белгілі болмақ.