Ұлттық нақыштағы мәсі-кебіс тігетін кәсіпкер

Ұлттық нақыштағы мәсі-кебіс тігетін кәсіпкер

Ұлттық нақыштағы мәсі-кебіс тігетін кәсіпкер
ашық дереккөзі
Рахима Дүйсенбекқызы – алты жыл­­дан бері жеке кәсібін жүр­гі­зіп отыр­­ған жас ана. Үш баланы тәр­бие­леп отыр­ған ол ұлттық нақыштағы мә­сі мен кебіс тігеді. Бүгінде қолө­нер­шінің түр­лі таспен безендірген аяқ­киім­дерін елі­мізбен қоса, Қытай, Лос-Анд­желес, Өз­бекстан, Сочиде тұратын қан­дас­та­ры­мыз тапсырыспен ал­дыра­ды екен. «Негізі, мамандығым – бух­гал­тер. Университет бітірген соң тұр­мыс­қа шығып, балалы болдым. Ба­лам­ды балабақшаға орналастырып, жұ­мысқа шығамын деп ойлаған едім. Алайда жолдасым да, туыстар да үйде отырып жұмыс істегенімді қа­лады. Әлеуметтік желіден түрлі мон­шақпен көмкерілген галош­тар­ды көрген болатынмын. Ол Өз­бек­стан­да еді. Сонымен, «мен де дизай­нын өз қалауымша жасап, галош тігіп сатсам» деген ой келді. Басында га­лоштан бастадым. Содан кейін «Апалар мәсі киеді ғой» деп оюлар жапсырып, комплект қылып шы­ғар­дым. Өнерде жүрген адамдар ана­ларына сыйға алып, жарнама жа­сады. Сонымен, бизнесім жақсы да­мыды. Биыл 6 жыл болды», – дей­ді жас ана.  width= Рахима бұрын қолөнермен ай­налыспағанын айтады. Сондықтан ба­сында біраз қиын болыпты. Бірақ қа­зір оның бәрі артта қалған. Ба­сын­да бір галошты бір күнде тіксе, қа­зір бір сағатта тігіп бітіреді. Оның әрбір тасын, оюын ас­қан мұ­қияттылықпен тігіп, безендіреді. Ол үшін, әрине ең ал­ды­мен шы­дам­дылық керек. Әркім­нің талғамы әртүрлі. Кейбір сатып алушылар дизайны қандай болу керегін өзі айтады. Ал қолө­нерші бол­са, тұтынушының тала­бын еске­ріп, жұмысына кіріседі. Тапсырыс көбейіп, үлгермей жат­қан кезде жол­дасы көмекке ке­леді. «Галош қалың материалдан, ре­зинадан жасалғаннан кейін ба­сында қолым ойылып, бір га­лош­ты бір күнде тіккен кезім болды. Қазір олай емес, бір сағатта тігемін. Сұра­ныс жақсы. Әсіресе, Жаңа жыл, Нау­рыз мейрамы, Көрісу мерекесін­де көп тапсырыс түседі. Сол кезде бір өзім үлгермегендіктен, жолда­сым да көмектесетін болды. Екеуміз екі жақтан тапсырысты уақытында орын­дауға тырысамыз. Қазір отба­сы­лық кәсіпке айналды. Негізі, Батыс Қазақстан өңірінің тұрғын­дары көп алады.  width= Дизайнын сатып алу­шы­лар­дың айтуы бойынша жа­сайтын жағдайлар болады. Мысалы, мен көк тастармен жасасам, жасыл түспен немесе басқа түспен жа­саңыз­­шы деп айтады. Кейбіреулерге та­сын көбірек қылған, ал енді біреу­лерге керісінше аз таспен бе­зен­дірген ұнайды. Тұтынушылар­дың талғамына қарай тігеміз. Олар­дың айтуы бойынша жаңа дизайн пайда болады. Табысымыз сұраныс­қа байланысты. Үйде осы кәсіппен айналысып отырғаныма қуанамын. Үш балам бар. Балам бірінші сы­нып­қа барғаннан кейін оның са­бағын қадағалау керек. Жақсы білім алып, алғашқы іргетасы дұрыс қалан­сын деген оймен сабағын өзім оқы­тамын әрі үйде отырып кәсібім­ді де жүргізіп отырмын. Менің ойым­ша, бұл – тиімді кәсіп, өзіме ұна­йды. Тігін тіккенде миым ты­ныш­талады. Кәсіпкер болғаннан кейін шыдамды болу керек, әр клиент­пен сөйлесе алу керек. Олар­дың түрлі мінезіне, сұрағына ашу­ланбай жауап қайтара білу қажет», – дейді Рахима Дүйсенбекқызы. Мәсі-кебістің бағасы да қол­жетім­д­і. Галош бес мың, ал мәсі он мың теңге тұрады. Екеуі он бес мың теңге. Қолөнершінің ендігі мақсаты – кәсібін одан әрі дамы­тып, үлкен цех ашу.

Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ