Ұлттық нақыштағы мәсі-кебіс тігетін кәсіпкер
Ұлттық нақыштағы мәсі-кебіс тігетін кәсіпкер
Рахима Дүйсенбекқызы – алты жылдан бері жеке кәсібін жүргізіп отырған жас ана. Үш баланы тәрбиелеп отырған ол ұлттық нақыштағы мәсі мен кебіс тігеді. Бүгінде қолөнершінің түрлі таспен безендірген аяқкиімдерін елімізбен қоса, Қытай, Лос-Анджелес, Өзбекстан, Сочиде тұратын қандастарымыз тапсырыспен алдырады екен.
«Негізі, мамандығым – бухгалтер. Университет бітірген соң тұрмысқа шығып, балалы болдым. Баламды балабақшаға орналастырып, жұмысқа шығамын деп ойлаған едім. Алайда жолдасым да, туыстар да үйде отырып жұмыс істегенімді қалады. Әлеуметтік желіден түрлі моншақпен көмкерілген галоштарды көрген болатынмын. Ол Өзбекстанда еді. Сонымен, «мен де дизайнын өз қалауымша жасап, галош тігіп сатсам» деген ой келді. Басында галоштан бастадым. Содан кейін «Апалар мәсі киеді ғой» деп оюлар жапсырып, комплект қылып шығардым. Өнерде жүрген адамдар аналарына сыйға алып, жарнама жасады. Сонымен, бизнесім жақсы дамыды. Биыл 6 жыл болды», – дейді жас ана.
Дизайнын сатып алушылардың айтуы бойынша жасайтын жағдайлар болады. Мысалы, мен көк тастармен жасасам, жасыл түспен немесе басқа түспен жасаңызшы деп айтады. Кейбіреулерге тасын көбірек қылған, ал енді біреулерге керісінше аз таспен безендірген ұнайды. Тұтынушылардың талғамына қарай тігеміз. Олардың айтуы бойынша жаңа дизайн пайда болады. Табысымыз сұранысқа байланысты. Үйде осы кәсіппен айналысып отырғаныма қуанамын. Үш балам бар. Балам бірінші сыныпқа барғаннан кейін оның сабағын қадағалау керек. Жақсы білім алып, алғашқы іргетасы дұрыс қалансын деген оймен сабағын өзім оқытамын әрі үйде отырып кәсібімді де жүргізіп отырмын. Менің ойымша, бұл – тиімді кәсіп, өзіме ұнайды. Тігін тіккенде миым тынышталады. Кәсіпкер болғаннан кейін шыдамды болу керек, әр клиентпен сөйлесе алу керек. Олардың түрлі мінезіне, сұрағына ашуланбай жауап қайтара білу қажет», – дейді Рахима Дүйсенбекқызы.
Мәсі-кебістің бағасы да қолжетімді. Галош бес мың, ал мәсі он мың теңге тұрады. Екеуі он бес мың теңге. Қолөнершінің ендігі мақсаты – кәсібін одан әрі дамытып, үлкен цех ашу.
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ