Міндетті, бірақ әлеуметтік емес: медициналық сақтандыру жүйесі неге сынала береді?

Міндетті, бірақ әлеуметтік емес: медициналық сақтандыру жүйесі неге сынала береді?

Міндетті, бірақ әлеуметтік емес: медициналық сақтандыру жүйесі неге сынала береді?
ашық дереккөзі
2017 жылдан бері елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бар. Бар, бірақ қажет кезде қарала алатын мүмкіндік жоқ деуге болады. Бастама енді іске қосылған кезде қатар туындаған бұл мәселе әлі күнге дейін реттелмей отыр. Тіпті, күні бүгінге дейін сақтандыру жүйесі қалай жұмыс істейтінінен бейхабар адамдар баршылық екенін байқауға болады. Биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауда да қор жұмысы сыналып, соның ішінде ме­ди­циналық сақтандырудың қаржылан­дыру жүйесі туралы сөз қозғалған еді. – Жұрт сақтандыру жүйесіне қосылса да, ме­ди­циналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отыр. Бүгінде медициналық көмек мемлекет ке­піл­дік берген және сақтандыру пакеті деп екіге бө­лінген. Ашығын айтсақ, мұндай жүйенің тиім­ділігі төмен. Тіпті, сақтандыру моделі тұрақсыз әрі жүйесіз дамуда. Бұл – үлкен олқылық. Ерікті ме­ди­циналық сақтандыру жүйесін енгізетін уақыт әл­деқашан жетті, – деді Президент. Осылайша, аз жарнаға сапалы меди­циналық көмек алуға мүмкіндік бере­тін жобаның жұмысы жүре келе оңа­­лады деген үміт көмескілене бас­тады. Мін­детті болғанымен, әлеу­меттік си­пат ала қоймаған сақ­тан­дыру жүйе­сінде қандай ол­қылық бар? Сақтандыруға сенім артқандар азайған Әлеуметтік меди­ци­налық сақ­тан­­дыру қорының өт­кен жыл­ды қоры­тын­дылаған есе­біне сүйен­сек, ха­лық­тың 81,3 пайы­зы – 15,5 миллион адам ден­саулығын сақ­тандыр­ған. Медициналық сақ­­тандыру шең­­­бе­рін­де амбула­то­рия­лық дең­гейде 290 миллион кон­суль­та­ция­лық-диаг­нос­тикалық қыз­мет көрсетілген екен. Ста­цио­нарлардың қа­был­дау бөлім­ше­ле­рінде 4,7 мил­лион пациентке қыз­мет көр­­сетілген, тағы 3,7 миллион адам амбула­то­рия­лық деңгейде дәрі-дәр­мек­пен қам­тамасыз етілген. Күндізгі ста­цио­нар­ларда 3 миллион емделуші тір­кел­ген. Дегенмен МӘМС жүйесінде тіркелген 15,5 миллион адамның басым бөлігі, яғ­ни 59,5 пайызы (11,3 миллион адам) – жеңіл­дік қарастырылатын санаттағы аза­мат­тар, ал 29,1 пайызы (5,6 миллион) жал­­д­а­малы қызметкерлер екен. Яғни, сақ­­тан­дыру жүйесінде жоқ 3 миллион ха­лық – экономикалық белсенді азаматтар. Сонымен қатар биыл МӘМС жүйесі арқылы денсау­лы­ғын сақтандырған халықтың үлесі 2,7 пайыз­ға төмендепті. Әлеуметтік медициналық сақтан­дыру жүйесінің қазіргі жұмысын Пре­зи­дент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 13 шіл­де­де өткен Үкіметтің кеңейтілген оты­ры­сын­да да сынға алған болатын. Мем­лекет бас­шысының сөзінше, медицина са­ла­сына бөлінетін қаражат көлемі ұл­ғай­ғанына қара­мастан, мәселе шешіл­мей отыр. 3 миллионға жуық адамның сақтандырудан тыс қалғанын алға тартып, жүйенің тиімсіз болып шық­қа­­нын, нақты нәтиже жоқ екенін айт­ты. Сақтандыру қорының ресми мә­лі­мет­­теріне сүйенсек, қор жанын­да қоғам қайраткерлері мен депутат­тар­дан құралған қоғамдық-консуль­та­тив­тік кеңес, бі­лікті дәрігерлер мен сарап­шылардан тұ­ра­тын сараптамалық кеңес жұмыс істейді. Олар қор жұмысын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеумен ай­налысады. 2021 жылы жүргізілген ме­ди­циналық көмектің сапасы мен көлеміне жүр­гізілген мони­то­рингтің қорытындысы бойын­ша қор сарап­шылары көрсетілген қыз­меттердің сапасы мен көлемі бойынша 1,1 миллион­нан астам кемшілікті анықтап, шара қол­дан­ған екен. Дегенмен бұл жұмыс­тардың нә­тижесі шын мәнінде байқалмай отыр­ға­нын ел азаматтарының пікірінен байқауға болады. Ел арасындағы медициналық сақтан­дыру жүйесіне қатысты пікірлерді сара­лайтын болсақ, ең алдымен медицина­лық көмектің қолжетімсіздігі айтылады. Тарқатып айтсақ, ауруханаға барған адам керек кезде қажет көмек ала алмайды. Бір дәрігерден екінші дәрігерге жолдама алып жеткенше екі аптадай уақыт жоғалтасыз. Тіпті, маман табылмайтын жағдайлар да жиі кез­деседі екен. Дәрілер де қолжетімсіз. Әлі күнге дейін көмек алу үшін қайда ба­рып, не істеу керек екенін білмейтін аза­мат­тар көп. Әлеуметтік медициналық сақ­­тандыру қорының сайтында жариялан­ған тіркеу нұсқаулығы да белгілі бір қиын­дықтар ту­ды­рады. Мысалы, емханаға тір­келу үшін «кли­никаны таңдау» батырмасын басу керек, бірақ оны қайдан табуға бола­ты­ны көр­се­тілмейді. Әрі қарай не істеу ке­рек нұсқау­лық­та жазылмаған, тек қа­жетті құжаттардың тізімі бар. «Дәрігерге қаралмасақ, ақшамыз қайда ке­тіп жатыр?» деген сұрақ та ең көп қойы­ла­тын сауалдың бірі болып тұр. Қаржыландыру 26 пайызға өскен Жалпы, медициналық сақтандыру жүйесі және тегін медициналық кө­­­мекке қаражат үш көзден аударылады. Бірін­­­шісі – сақтандыру жүйесіне қатысу­шы­лар­дың жарналары мен аударымдары, екін­шісі – республикалық бюджет, үшіншісі – Ұлт­тық қор. Соңғы екі көзден түскен қара­­жат мемлекет сақтандырып отырған аза­­мат­тар мен ТМККК-ге бағытталады. ТМККК – бастапқы және шұғыл ме­дици­на­лық көмек. Ол үшін өз қалтаңыздан төлем жа­саудың қажеті жоқ. Себебі МӘМС жүйе­сінде бар-жоғыңызға қарамастан, мем­лекет кепілдік береді. Ал МӘМС арқылы кеңейтілген медици­на­­лық көмек аласыз. Мамандардың кеңесі, диагностикалық тексерулер, амбула­то­рия­лық деңгейде емдеу, күндізгі және тәулік бой­ғы стационарларда емделу, қымбат тұ­ра­тын медициналық қызметтер, медици­на­­лық оңалту, дәрі-дәрмекпен қамту – бар­лығы сақ­тандыру пакетіне кіреді. Ал азаматтардың салған жарнасы сақ­тал­майтыны, ортақ қорға жиналып, сол кез­де медициналық көмекке кім мұқтаж, со­ған жұмсалатыны сақтандыру жүйесі ал­ғаш енгізілген кезде ескертілген болатын. Биыл ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйе­сінде медициналық кө­мекті қаржыландыруға 2,1 триллион тең­геден астам қаражат бөлініпті, оның ішінде МӘМС жүйесінде 722 миллиард теңге жұм­салған. 2020 жылмен салыстырғанда қар­жыландыру 26 пайызға өскен. Сонымен қатар биылғы қаңтардан бастап елімізде сақтандыру жар­насы 2 125 теңгеден 3 000 теңгеге дейін кө­­­­терілді. Жұ­мыс беруші қызметкер үшін 3 пайыз со­ма­сында қаржы бөлуі керек. Бірақ бөлінетін ақ­ша ең төменгі 10 жалақы мөл­шерінен, яғ­ни 18 мың теңгеден аспауға тиіс. Жұ­мыс­шы­лар жалақы деңгейінің 2 пайызын сақ­тан­дыруға аударады. Бас­тысы, 12 мың тең­геден асып кетпеуі керек. Же­ке кәсіпкерлер табы­сының 5 пайы­зын ау­дара­ды. Бұл – 4 200 теңге. Ал мемлекеттен 1,7 пайыз бөлінеді. 1 қыркүйекте қордың басқарма төра­ға­­­сы­ның орынбасары Айдар Нұрәлиев МӘМС үшін жарналар мен аударымдар түрін­де 654,6 миллиард теңге түскенін мә­лім­деді. Оның ішінде жеңілдік санатындағы азаматтар үшін аударылған мемле­кет қаражаты барлық түсімнің 36,7 пайы­­зы немесе 240,6 миллиард теңге бо­лып отыр. Жұмыс берушілердің жұмыс­кер­лер үшін ау­дарған жарналары – 232,4 мил­лиард теңге (35,5 пайыз), қызметкер­лер­дің жарналары – 153,3 миллиард теңге (23,4 пайыз), жеке кә­сіп­керлер, бірыңғай жиын­тық төлем тө­леу­шілер, МЖӘ шарт­тары бойынша жұмыс іс­тейтін дербес тө­леу­шілер жарналарының үле­сі шамамен 4,4 пайыз болған. Президент сынынан кейін Ден­сау­лық сақтау министрлігі медицина­лық кө­мекті қаржыландыру тәсілдерін қай­та қа­рауды жоспарлап отырғанын мә­лім­деді. – МӘМС жарналарын қосымша қар­­жы­лан­дыру мәселесін пы­сық­тау қажет. Сондай-ақ қара­жат­ты әкімшілендіруді оңай­лату үшін және оларды тиімді пайдалану мақ­са­тында ТМККК және МӘМС пакеттерінің қаржы ағындарын біріктіруді заң­на­ма­лық тұрғыдан реттеу керек, – де­ді Денсаулық сақ­тау министр­лі­гінің МӘМС үй­лес­тіру департа­мен­­тінің дирек­торы Гүлжан Шайхы­бекова. Сонымен қатар биыл 5 қыр­күйектен бастап МӘМС жар­на­ла­рын төлеудің жаңа те­тігі іске қосыл­ды. Бұл да Президент сы­ны­нан кейін кө­теріл­ген бастама. Осы арқы­лы енді аза­маттар ал­дын ала төлем жа­сау ар­қылы 1 жыл­ға ден­сау­лы­­ғыңыз­ды сақ­тан­­дыра ала­ды. Қор өкіл­дері бұл те­­тік еш­қа­шан жар­на тө­лемеген не­­месе тө­лем­ді тұ­рақ­ты түрде жа­са­ма­ған адамдар үшін жүйе­де сақ­тан­дырудың та­маша мүм­кіндігі еке­нін алға тартып отыр. Бір жа­­рым айдың ішін­де 2 600 аза­­мат осы мүм­кіндікті пай­да­ланып, денсау­лы­ғын сақ­тан­дырған екен. Дегенмен бұған дейін әр азамат бұрын жарна төлемесе де, ден­сау­лығы сыр берген уақыттан бас­тап міндетті төлемді тө­леу арқылы медициналық кө­мек ала алатыны жөнінде айтылған еді. Осы тұрғыдан алғанда, бас­та­маның қандай артықшылық беретіні бұлың­ғыр. Сақтандыру аясында көмек көрсететін мекемелердің жартысынан көбі жеке клиникалар Сонымен қатар ашық деректерде қор ая­сын­­да қызмет көрсететін ме­ди­­ци­на­лық мекемелердің 48 пайы­зы – мемле­кет­тік, 52 пайы­зы жеке меншік екені көр­се­тіл­ген. Салыстырып айтар болсақ, 2020 жы­лы МӘМС жүйесінде 635 жеке кли­­ника медициналық көмек көрсетсе, 2021 жы­лы олардың саны 711-ге жеткен, ал 2022 жы­лы коммерциялық медициналық ұйым­дар саны 729 клиникаға дейін өсті. Оларды қаржыландыру үлесі де 23 пайызға өсіп, 415 миллиард теңге болған. Бұған дейін Денсаулық сақтау ми­нист­рі Ажар Ғиният медици­налық ме­кемелердің саны көбейгенін қолдай­ты­нын, мемлекеттік емханалар жүктелген 60 мың адамның орнына іс жүзінде 70-80 мың адамды тіркеп, нәтижесінде медициналық көмектің сапасы төмендейтін алға тартқан болатын. Жалпы, жеке клиникалардың мә­се­лесіне келгенде, пікір сан алуан еке­нін байқауға болады. Қайырғали КӨНЕЕВ, дәрігер: Бәсекелестік болуы керек
– Еліміздегі әлеу­­меттік меди­ци­­н­алық сақтан­дыру жүйесінің жұ­мысы неліктен тиімсіз болып отыр? Ең бірін­ші себебі – заңнамалық базаның же­тіл­меуі. Заң тұрғысынан алғанда, бас­та­ма­ның қайшылықты тұсы көп. Екіншіден, еліміз әлі әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру жүйесінің соқпағына толықтай түс­кен жоқ немесе анық бір бағытты, мо­дель­ді таңдап отырған жоқ. Тегін медициналық кө­мек бар, сақтандыру аясында алынатын кө­мек бар, өз еркімен денсаулығын сақ­тан­дыру бар, оған қоса пациенттер өз қал­та­сынан төлейді, яғни денсаулық сақтау жүйе­сінің қаржыландыруы түсініксіз қойырт­паққа айналған. Конституциямызда елдің әр азаматы тегін медициналық көмек алуға құ­қылы екені жазылған, бұл бастама бірден сәтті іске асып кетпейтінін осы мәселемен тү­сіндіруге болады. Себебі оның мақсаты – денсаулық сақтау жүйесін қаржылан­дыруды азаматтардың өз мойнына жүктеу. Яғни, ақшаны бюджеттен алмай, халықтан жи­нау көзделді. Дегенмен бұл идея жүзеге аспады. Жұмыссыздар, экономикалық кризистер, коронавирус сияқты форс-мажор жағдайлар, денсаулық сақтау сала­сының жемқорлыққа бейім екені ескеріл­меді. Жеке клиникалар сақтандыру жүйе­сінде қалу үшін өздеріне аударылған ақ­ша­ның белгілі бір пайызын қайта қайтара­ты­ны да қазір жасырын емес. Қазір сақтан­дыру жүйесінде денсаулық сақтау сала­сындағы шенеуніктерге жақын адамдардың клиникалары көп. Ал ауыл-аймақтағы ха­лыққа көмек тіпті қолжетімсіз. Осының бәрі сақтандыру қорының жұмысына ке­дер­гі келтіріп отыр. Мәселен, шетелдерде дәрігер тек төлем чегін жазып береді, пациент чек­ті сақтандыру компаниясына апарады, ал сақтандыру компаниясы дәрігерге сақ­тандырылған адамның қандай көмектерді алғанын хабарлайды. Бізде жоба да, заң да, сәйкесінше оның атқарылуы да шикі бо­лып тұр. Азаматтар да қалтасынан ақша шығар­ғандықтан, медициналық көмектің сапалы болғанын қалайды, бірақ ондай мүмкіндік жоқ, тіпті заманауи талаптарға да сай емес. Дегенмен қандай жағдай болмасын, сақтандыру жүйесін реформалау ке­рек, осы күйінде қалдыруға болмайды. Ме­ніңше, бізге бір ғана жолды таңдаған жөн: не медициналық көмекті бюджет арқылы қаржыландыратын модельде қалу керек, не толықтай міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға өту керек. Немесе көптеген өзге елдерде бар бюджет­тен­­­ қаржыландырумен қатар ерікті ме­ди­циналық сақтандыру жүйесін қол­да­нысқа енгізу қажет. Қазір сақтандыру жүйесінің төңірегінде сұрақ көп. Сонымен қатар жемқорлыққа қа­тысты мәселелер де күн тәртібіне қойы­луға тиіс. Бір ғана қор емес, бірнеше опера­тор құрылып, өзара бәсекелестік орнауы қажет деп есептеймін. Сонда ғана бұл бағыттағы жұмыстар жемісін береді.
Али НҰРҒОЖАЕВ, Денсаулық сақтау саясаты және қаржыландыруы саласының сарапшысы: Негізгі мәселе – қаражатты тиімді пайдалануда
– МӘМС-тің негізгі мәселесі қаражатты тиім­ді пайдалануда болып тұр. Қазіргі ахуал­ды өзгерте алатын кем дегенде екі үл­кен проблема мен шара бар. Бірінші. Кімді және қанша адамды емдеу керек? Елімізде эпидемиоло­гиялық болжау нашар дамыған. Сондықтан жүйе жағдайдың өзгеруіне жауап бере алмайды (және оны болжау керек). Бұл рет­те қордың медициналық көмектің кө­ле­мін ұзақмерзімді жоспарлауға мүмкіндігі жоқ. Халықаралық тиімді деп бағаланған тәсілдерді эпидемиологиялық болжауға шұғыл бейімдеу қажет. Екінші. Медициналық көмекті қар­жыландыру мәселесі. Тариф белгілеу нәтиже бермей отыр: бүгінгі күнге дейін та­рифтік саясат бекітілмеген, тариф бел­гілеу тиімділігін бағалау жүргізілмейді, ста­ционарлық көмекке ақы төлеу жүйесі өзінің құрылымы бойынша қарабайыр күйін­де қалып отыр. Бұл мәселелерді қатаң бақылауға алу керек. Ал қаржыландыруды қайтадан бюд­жет­тік модельге көшіруге түбегейлі қарсы көз­қарастамын және оны бір-екі ауыз сөзге сыйдыруға келмейді. Бұл – тағы бір ма­те­риал­ға арқау болатын тақырып.
Жалпы, әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесі сонау 1997-1998 жылдары көтеріліп, сол күйі сәтсіздікке ұшыраған болатын. Мәселе 2000-жылдардың екінші жартысында тағы бір талқыланды. Содан кейін шикі долбарлар пайда болды. Ал бұл жүйеге көшу тек 2017 жылы ғана мүмкін болды. Дегенмен бастаманың төңірегінен әлі дау арылар емес. Қорытындылап айтар болсақ, мәселенің тамыры тереңде. Алдымен денсаулық сақтау жүйесіндегі жалпы олқылықтар, содан соң оған сақтандыру жүйесінің әлі пісіп-жетілмеген механизмдері қосылып, қойыртпаққа айналып отыр.