Гүлжан ТАЛПАҚОВА, Халық әртісі: 32 жасымда Халық әртісі атанамын деп ойламадым
Гүлжан ТАЛПАҚОВА, Халық әртісі: 32 жасымда Халық әртісі атанамын деп ойламадым
Қазақ би өнерінің негізін салған Шара Жиенқұлова десек, оның шәкірті болған Гүлжан Талпақова да қазақ биін әлемге танытқан тұлға. Ол жер шарындағы түрлі ұлт өкілдерінің биін билейтін. Халықаралық фестивальдардан жүлдемен оралып, Америка, Азия, Африка және Еуропа құрлығында болды. Осылайша, әлемнің елуден астам елінде мың бұрала билеп, ұлттық өнерімізді әлемге паш етті. Шара Жиенқұлованың шәкірті, небәрі 32 жасында «Халық әртісі» атанған қазақ биінің ханшайымы Гүлжан Талпақовамен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Алдымен туған жеріңіз, өскен ортаңыз, би өнеріне қалай келгеніңіз туралы айтып беріңізші.
– Туған жерім – бұрынғы Гурьев, қазіргі Атырау қаласы. Би өнеріне кішкентай кезімнен қызықтым, мектепте би үйірмесіне бардым. 6 жасымнан бастап биледім. Бала арманым алысқа жетелейтін. «Қалайда биші боламын» деген ойымды ата-анама айтқан кезде қарсы болды. «Кейін жұмыс істейтіндей басқа мамандық таңда» деді. Мен жылап, айтқанымнан қайтпай қойдым. Ауылда қарапайым тіршілік кешіп жатқан отбасымыз. Менен үлкен сахнада өнер көрсететін биші шығады деп ойламаса керек.
– Табандылығыңыздың арқасында бала күнгі арманыңызға жеттіңіз. 52 мемлекетте болып, әйгілі сахналарда өнер көрсеттіңіз. Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Қонаевтың қабылдауында болып, «Халық әртісі» атағын алдыңыз. Бұл биші ретінде Сіздің бақытты сәттеріңіз ғой.
– Әрине. Би – менің ең сүйікті ісім. Атыраудағы Эстрада-цирк студиясын бітіргеннен кейін Болгария астанасы София қаласында жастар мен студенттердің Бүкілдүниежүзілік IX фестиваліне қатыстым. Қазақ Советтік Социалистік Республикасының бишісі ретінде халық биі «Айжан қызды» орындап, фестивальдың лауреаты атағына және күміс медальға ие болдым. Мәскеуде оқып, сол жақта жұмыс істедім. Сосын мені Госконцертке жұмысқа алды. Ол кезде Қазконцерт, Армянконцерт, Москонцерт, Өзбекконцерт және басқалары Госконцертке қарайтын. Қазіргі Қазақконцерт ол кезде Москонцерт болатын. Госконцерт шетелге шығып өнер көрсететін ансамбль құратын болып, өнерлі жастарды іріктеді. Соның құрамына алынып, Азияның атынан өнер көрсеттім. Осылайша, әлем сахналарында түрлі ұлттың (өзбек, орыс, хорезм, армян және т.б.) соның ішінде әрине, көбіне қазақ биін биледім. Түрлі ұлт өкілдерінің арасында жалғыз қазақ қызы болып өнер көрсеттім.
Жиырма бір жасымда «ҚазКСР-інің еңбек сіңірген әртісі» атандым. Бұл атақты алуыма Болгариядағы жетістігімнің септігі тиді. Мәдениет министрлігі де марапаттады. «Огонек», «Совет лайф», «Парасат» және басқа да көптеген газет-журналдың мұқабасына шығарды. 1981 жылы Американың тоғыз штатында өнер көрсеттім. Америкалық журналдың да мұқабасына шығарды. «Нью Йорк Таймстан» бастап Американың біраз басылымы біздің жетістігіміз туралы жазды. Ол кезде «Ерке бала» биін биледім. Музыкасын әйгілі күйші, дирижер, композитор Нұрғиса Тілендиев ағамыз арнайы жазды. Америкадағы гастролім ойдағыдай өтіп, еліме оралғанда қуанышым еселене түсті. Бүкіл БАҚ өкілдері күтіп алды. Дінмұхаммед Қонаев ағамыз қабылдады. Ол кісі жақсы өнер көрсеткенімді айтып, құттықтаған соң «Таңертең саған «Халық әртісі» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойдым» деді. Отыз екі жасымда «Қазақ КСР Халық әртісі» атанамын деп ойлады дейсіз бе?! Шыға салып, сенер-сенбесімді білмей, көз жасыма ерік бергенім есімде. Одан кейін министр де қабылдады.
Ал өзім бірінші Равиль Шырдабаевқа хабарластым. Ол Атырау қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болатын.
Кейін Дінмұхаммед Қонаев ағамызды үйге қонаққа шақырдым. Бибігүл Төлегенова апамыз, әнші Нұрғали Нүсіпжанов келіп, жақсы отырыс болды. Үйде рояль бар еді. Бибігүл апа рояльда ойнап, Дінмұхаммед Қонаев ағамызбен қосылып ән айтты. Димаш ағамыздың ән айтқанын көріп, «шығармашылыққа жақын адам екен ғой» деп таңғалдым. Ол уақытта қазіргідей телефон болмағаны өкінішті. Видеоға түсіріп алатын едік. Суреттеріміз бар.
– Биші қимыл-қозғалысы арқылы көркем образды көрерменге жеткізеді. Осы орайда дене сымбатын сақтау үшін арнайы диета ұстадыңыздар ма?
– Әрине, диета ұстау міндетті болды. Ұннан жасалған тағамдарды, тәтті, бәліш, торт жеуге тыйым салынды. Тек қайнатылған ет, ірімшік, қызанақ, қияр жейтінбіз. Өйткені артық бірдеңе жесеңіз болды, буын, тізе дұрыс икемге келмей, демалуыңыз қиындайды. Сосын билей алмайсыз. Қатаң диетамен жүретінбіз. Ал қазір бәрін жей беремін. Қазы, қарта, майды да жақсы көремін (күліп). Бұрын салмағым қырық тоғыз болса, қазір сексен келі. Сонда да шаш бояп, бетімізге маска жасап, өзімізді күтеміз ғой. Әдемі болып жүргенді жақсы көремін. Адамдар қарапайым әйел емес, сахнаның адамы ретінде қарайды. Қазір де жүрген жерімде «Гүлжан апа» деп танып жататындар бар. «Билегеніңізді теледидардан көрген едік. Әкем, анам сіздің өнеріңізге тәнті болған» деп айтып жатады. Рақмет, бәріне.
– Қазір де өнерден алыстамай, жастарға тәжірибеңізді бөлісіп жүргеніңізді байқаймыз.
– Балетмейстерлерге шеберлік сағатын өткізіп тұрамын. Үлкен кездесулер болады. Грузия, Мәскеу, Беларусьтен келген және еліміздегі өнерпаздарға білгенімді үйретуге тырысамын. Кәсібилігі жоғары деңгейде болса дейміз. Осы орайда үнемі қолдау білдіріп келе жатқан Атырау облысы әкімдігіне алғыс айтқым келеді. Қалалық әкімдік те көмегін аямайды. Ризамын.
– Өзіңізге қатысты бір жағдай туралы сұрасам ренжімейсіз бе?
– Ренжімеймін, айта беріңіз.
– Сіз жайлы естелік оқыған едім. Ол жерде күйеуіңіз кетіп қалса да, ата-енеңізді бағып, екеуін де ақтық сапарға шығарып салғаныңыз жазылған. Солай болғаны рас па?
– Мен жайлы мұндай естелік жазылғанынан бейхабар екенмін. Айтып отырғаныңыз рас. Ол оқиғаны еске алған ауыр, әрине. Жолдасым менімен бірге жүрген құрбыммен кетті. Екі баламен қалдым, өмір жалғаса берді. Анам (енесі) мен әкемді (қайын атасы) жақсы көрдім, ол кісілерден үйренгенім көп. Жасы келген шағында екеуі де сырқаттанып қалды. Екеуі де шарасыз күйге түскен еді. Екінші рет журналист Назымбек Боқаевпен бас қосқан болатынмын. Жолдасыммен ақылдасып, ойымды айттым. «Он сегіз жасымда осы кісілердің үйіне бардым. Ауылдан келген қызға, маған бәрін үйретті. Көпшілік ортада өзіңді қалай ұстау керек, қалай сөйлеу қажет, дастарқанды қалай жайнатып жаю керек, бәрін осы кісілерден үйрендім. Үйімізде Халық әртістері, қазақтың маңдайына біткен дара тұлғалары қонақ болды. Енді мен осы кісілерге қараймын» дедім. Екінші жолдасым түсіністікпен қарап, қарсы болмады. Бәріміз бірге тұрдық. Әкем (қайын атасы) белгілі жазушы, журналист, белгілі аудармашы Әнуар Ипмағамбетов өте жақсы адам еді. Өкпе қатерлі ісігімен ауырды. Жылда Новосібірге апарып емдетіп келетінмін. Ақтық сапарға өзім шығарып салдым. Сексен алты жасында өмірден өтті. Бәрі көз алдымда. Мәдениет министрлігіне барайын деп жатқан едім. Неге екенін білмеймін, біртүрлі аяғым тартпай, барғым келмеді. Әкем: «Гүлжан, сені министрдің орынбасары қабылдайын деп жатыр ғой, бар тезірек. Он бес, жиырма минутта кабинетінде болуың керек. Қалып қойма» деді. Ал мен «Әке, бара алмай тұрмын, білмеймін, біртүрлі болып тұрмын. Барғым келмей тұр» дедім. Костюм, етігімді киіп алдым. Тағы да «Әке, жүрегім біртүрлі болып тұр, барғым келмейді» дедім. Сосын әкем төсегіне жатты да, мені шақырды. «Гүлжан, маған су әкеліп берші» деді. Үнемі қайнаған су ішетін. Қайнамаған су сұрады. Бір банкіні толтырып әкелуімді өтінді. «Әке, қайнамаған су ішпейтін едіңіз ғой» деп таңғалып жатырмын. Апардым. Көрпені жапты да, отыршы деді. Қолымды ұстап, «Анаң сені сондай жақсы көрді. Сен туралы көп айтатын. Маған ренжімейсің бе? Сен өте жақсы қызсың. Бәрі үшін рақмет саған. Қанша уақыт бойы мені бағып-қақтың. Хат жаздым, сосын оқырсың» деді. «Ренжіткен кезім болды ма?» деп қайта-қайта сұрайды. «Жоқ, не дегеніңіз, қандай реніш?» деп жылап отырмын. Қолымды сүйді де, демі үзілді. Көршім Гүлнара Татаеваны шақырдым. Қазір ол кісі өмірде бар. Кейін дәрігерлер келді.
Анам (енесі) Гүлжиһан Ғалиева тұңғыш Қазақ мемлекеттік циркінің іргетасын қалауға атсалысқан, Қазақстанның Халық әртісі, қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш көркемсөз шебері, ұлағатты ұстаз болған адам. Сырқаттанып, Алматыдағы «совмин» ауруханасында жатқанда қасында болдым. Үшінші күні жағдайы нашарлады. Өмірі қымыз ішпейтін адам, сол күні қымыз сұрады. Дәрігерлерді шақырдым. Қолымды ұстап жатып: «Рақмет жаным. Өмір өте қиын, сен ренжіме» деді. Ұлын меңзеген сияқты (көзіне жас алды).
Әкем (қайын атасы) өмірден өткенде қызым Айжан он алты жаста болатын. «Мама, «Біздің туған атамыз емес пе сонда?» деп сұрады. «Туған атаң» дедім. «Әкемнің әкесі емес пе?» деп тағы сұрады. «Жоқ. Өскен соң түсінесің, сол кезде айтамын» дедім...
– Өз ата-анаңыз білді ме, қалай қарады?
– Білді ғой, қолдады. «Жарайсың, дұрыс істеп жатырсың. Қолыңнан келген көмегіңді аяма. Құдайдан қайтады» деді.