Әке шаңырағының шырақшысы

Әке шаңырағының шырақшысы

Әке шаңырағының шырақшысы
ашық дереккөзі
Адамзаттың ақылман кемең­гері­нің осы нақыл сөзі «толық адамның», шынайы азамат­тық­тың өлшемі екеніне барша жұрт ке­лісетіні сөзсіз. Бұл сөз текті әу­­­­леттің тұяғы, филология ғы­лым­­дарының докторы, про­фес­сор Асқар Жұбановқа қатысты де­­сек, қателеспейміз. Шын мә­нін­­де Асқар Құдайбергенұлы өз ісінің маманы, парасатты ғалым бо­ла білді. Еліміз тәуелсіздік ал­ған­нан кейін отандық тіл білі­мі­нің жаңа инновациялық сала­лары қалыптасып, заманауи қа­­жет­тіліктерді өтеуге қызмет ете бастады. Осын­дай көп тармақты сала­лар­дың бірі – қолданбалы лингвистика. Аталмыш са­ланың жаңа арнада дамып, ғылыми негіздерін қалыптастыруда, прак­тикалық тұрғыда зерделеуде Асқар аға­ның орны ерекше деп білемін. Қазақ статистикалық лингвистикасы, қазақ мәтінінің квантитативті құрылымы, мәтін мазмұнын формалдау, қазақ тілінің «Тіл – қазына» атты компьютерлік қорын жасау мен қазақ тілінің Ұлт­тық мәтіндер корпусын құру тәрізді тағы басқа мәселелерді өмірінің соңы­на дейін зерделеп, шәкірттер тәрбиелеп, өзіндік мектеп қалыптастырды. Асқар ағамен алғашқы рет таныс­ты­ғы­мыз «Жұбанов тағылымы» дәстүрлі ха­лық­ара­лық ғылыми конференция кезінде бол­ды. Бұрын ұстазым әрі ғылыми жетек­шім Есет ағай арқылы Асқар аға туралы білу­ші едім. Бұл сапарда ағамыздың отба­сы­мен таныстым. Ақтөбеге арнайы ғылыми фо­румға келген ғалымдарды күтіп алып, Жұбановтардың туған жеріне апаратынбыз. Асқар ағамыз ата-баба қорымында зиярат жа­сағаннан кейін Қуан атамыздың құды­ғы­нан су ішіп, Алатауға үлкен күш-қуат алып қайтатын тәрізді болатын. Тамырында тек­тілік тасып тұрған тұлпардың өзі де, жа­лы да, тіпті өзінен қалған тұяғы да текті бо­лары сөзсіз. Тіл білімінің тұңғыш про­фес­соры, кезінде білімнің биігіне шығып, со­лақай саясаттың жазықсыз құрбаны бол­ған Құдайберген Жұбановтың тұяғы Асқар Жұбанов атамыздың асыл жолын ар­қалап, білім шоғырын болашаққа мұра қал­­­­дырды. Әке шаңырағының шырақшысы ре­тінде армандағы асыл әкесінің есімін ұлықтау шараларын ұйымдастырып, ака­демиялық жинағын шығарды. «Ер есімі – ел есін­де» демекші, қазақ жадында «Жұ­ба­нов­тар әулеті» деген атпен сақталған саң­лақ­тар­дың есімі қазір өз биігін тауып, күн сайын бедерленіп келеді. Әдетте ата жо­лы­мен жүрсін деген ниетте сәби атын әкенің өзі қойса, Асқар Құдайбергенұлы өз әкесі мен өз есімінің қойылуы жайында былай деп еске алушы еді: «Мен 1937 жылдың 13 қа­­­рашасында туылсам, әкемізді 19 қара­шада «халық жауы» деген жалған айыппен ұстап әкетті. Әкем мені тек перзентханадан алып келіп қана үлгерген екен. Керек де­сеңіз, әкем менің атымның Асқар екенін де біле алмай кетіпті». Расында, Құдайберген Жұ­банов өмір есігін жаңа ашқан жас сә­биі­нің дидарын ғана көріп, есімімен шақыра ал­май кеткен. Ал Асқар Жұбановтың есі­мі­нің қойылуының өзіндік бір тарихы бар. Ол жайында тіл маманы, филология ғы­лым­дарының кандидаты (1965), КСРО жә­не ҚазКСР халық ағарту ісінің озық қыз­меткері, Асқар Жұбановтың апасы Мүс­лима Жұбанова өткен шақтың сағынышты сәт­терін ой елегінен өткізе отырып, бы­лай­ша еске алады: «Ағасы бардың жағасы бар» деп халқымыз тегін айтпаған. Асқар алты ба­ланың ең кішісі болғандықтан, алдын­дағы апа-ағалары шама-шарқына қарай әкесінің жоғын сездірмеуге тырысты. Атын да өзіміз қойдық. Сол кезде Ақырап екеуміз А.Пушкиннің «Руслан и Людмила» деген поэ­масын оқып жүргенбіз. Ақырап сол поэ­маның кейіпкерлері Руслан мен Ратмир деген аттың бірін қойғысы келді. Мен қар­сы болдым. Маған бұл аттың екеуі де қазақ ба­ласына жараспайтындай көрінді. Ақыры ой­ланып: «Ендеше Еуропаша Оскар деп қой­сақ қайтеді?» – деді. Осы кезге дейін үн­де­мей отырған Есет: «Оскарың қазақша Ас­қар болып кетеді ғой», – деп пікір айтты. Менің құлағыма жағып кетті, жүгіріп ма­мама бардым: «Мама, Асқар деген сөздің ма­ғынасы қандай?» – дедім. Мамам: «Асқар деп тауды айтады. «Биік» деген сөз ғой», –де­ді. «Олай болса. Біздің кішкентай ініміз қол жетпес биік болсын» деп атын Асқар қойдық. Міне, енді кезінде апа-ағалары есім із­деп отырған кішкентай Асқар Құдай­бер­генұлы Жұбанов, шынымен де қол жетпес ас­қарға айналып, ғылым көгінде әлемдік дең­гейге шыққан ел есіндегі ер, Жұбановтар әулетінің абыз ақсақалы атанған болатын.  width= «Шыр етіп жарық дүниенің есігін аш­қан­нан тағдырдың тепкісін көрген кенже ба­ла Асқар өзінің екі аға, үш апасы, «халық жауы­ның әйелі» атанған анасымен бірге Қа­зақстанның бір қиырынан екінші шетіне қо­ныс аударып, көшіп жүруге мәжбүр бол­ды. Атажұрт – Ақтөбе өңірі, Алматы, сол­түс­тіктегі Петропавл, қайтадан Алматы деп, қашан ардақты әке есімі «ақталғанша» бір жерде тұрақтатпады. Алдымен Құ­де­кеңнің – Құдайберген Жұбановтың әкелік мейірімі мен тәрбиесін, Ахаңның – ака­де­мик Ахмет Жұбановтың қамқорлығы мен кө­мегін, жақсылығын көріп өскен, қала бер­ді, қанға біткен қайсарлықтың арқа­сын­да әкеден шиеттей жетім қалған алты сары уыз балапанның жерде қалғаны жоқ: отыз жылдай Алматыдағы сурет учи­ли­ще­сіне басшылық еткен Ақырап, профессор Есет, «Әліппенің» авторы, ұстаз Мүслима, эко­номист Қызғалдақ, Қырмызылар есімі елі­міздің тарихымен бірге өрлеп жатыр. Со­­лардың бірі – бүгінде әке ісін жал­ғас­ты­рып, қазақ тілі білімінің тың саласының түре­нін тартып, тізгінін ұстаған профессор Асқар Жұбанов», – дейді тектілердің тегін зерттеуші, академик Рабиға Сыздық. «Сол кез­дері әкемнің туған інісі, белгілі ком­по­зи­тор Ахмет Жұбанов жеңгесін де (анам – Раушан Оспанқызы) ағасының тағдыры кү­тіп тұрғанын сезіп, анамды алты бала­сы­мен (үлкені қызы 12 жаста, маған – 4 ай) Ақ­төбе облысы Жұрын ауданындағы әкем­нің туған ауылы – Жаңатұрмыс колхозына кө­шіп кетуіне кеңес береді. Анам көнеді. Со­дан кейін Ахаң өзімнен үлкен апа-аға­ларым­­ды ауылдан Алматыға біртіндеп ша­қырып алып, орта мектептерін бітіртеді. Ең соңында біз, яғни анам, Қырмызы (ме­нен екі жас үлкен) және мен Ахмет ағамыз­бен келісілген уақыттан бұрынырақ Алма­ты­ға қайтып оралдық (1949 ж.). Сол жылы мен №18 қазақ орта мектеп-интернатының 4-сыныбына оқуға түстім», – дейді. Асқар Жұ­банов өзінің білім алу жолындағы ең алғашқы табалдырығына тоқтала отырып. Сондай-ақ ол берген білім алаңына келу жолының тарихынан да ұзақ сыр шертеді: «Мен Алматыдағы Қазақтың Абай атын­дағы педагогикалық институтының физи­ка-математика факультетін 1960 жылы үздік бітірдім. Мамандығым – физика-ма­те­матика пәндерінің мұғалімі. Сол жылдан бас­тап, аталған институттың жолда­ма­сы­мен Қазақтың мемлекеттік ауыл­шаруа­шылық институтының Жоғары математика кафедрасында мұғалім-ассистент болып қыз­мет істедім. Осы институтта 7 жылдай жо­ғары математика пәнінен дәріс оқыдым. Сол кездерде Ғылым академиясының Тіл білімі институтында қызмет істейтін Есет Жұбанов деген ағам Мәскеу, Ленинградтан кел­ген белгілі ғалымдардың тіл білімінің жаңа саласы – математикалық лингвис­ти­ка­дан оқыған дәрістеріне қатысуымды сұра­ды. Міне, сол дәрістерді тыңдағаннан кейін, математик мамандардың да тіл сала­сын зерттеуі аса қажет екені туралы жақсы түсінген болатынмын. Осы саланың белгілі қазақ ғалымы Қалдыбай Бектаев, институт ди­ректоры академик Ісмет Кеңесбаев, Бү­кіло­дақтық «Тіл статистикасы» тобының ғы­лыми басшысы Р. Пиотровский, тілші-ға­лым ағайым Есет Жұбанов менің осы жаңа саланы таңдап, аспирантураға түскенімді жөн көріп, кеңес берген еді. Сөйтіп, жоғары оқу орнындағы мұғалімдігімді қойып, ма­те­матикалық тіл білімі деген жаңа маман­дық бойынша аспирантураға түстім. Бе­ло­руссия астанасы Минск қаласындағы Линг­вистикалық университетте үш жыл іс­сапарда болып, осы саланың белгілі ғалым­дарынан дәріс алдым. Аспирантурада оқып жүріп, М. Әуе­­зов­тің «Абай жолы» романындағы тілдік бір­лік­тердің статистикасын және олардың ық­­­­тималдықтар теориясының қандай заң­дылықтарына бағынатынын зерттеп, 1971 жылы «ЭЕМ көмегімен қазақ мәтінін статистика-лингвистикалық зерттеу» атты кан­дидаттық диссертацияны үздік қорғап шық­тым. Сол кездегі Қазақ ҒА-ның Тіл бі­лі­мі институтының директоры Ісмет Кеңес­­баевтың қолдауымен институтта қа­зақ тілі бойынша статистикалық зерт­теу­лерді ЭЕМ көмегімен жүргізетін шағын құрам­дағы ғылыми топқа алғашында Қ. Бек­таев, сосын мен өзім ғылыми жетек­ші­лік ет­тім. Нәтижесінде, А. Байтұрсынұлы атын­дағы Тіл білімі институтында сол кезде «Қол­данбалы тіл білімі» (қазір «Ком­пью­тер­лік лингвистика») деп аталатын бөлім ашы­лып, ғылыми зерттеулердің сапасы ай­тар­лықтай арта түсті. Осылайша, мен өзім­ді, әкем – қазақ филологиясының тұң­ғыш профессоры Құдайберген Жұба­нов­тың тіл біліміндегі ғылыми жолын жал­ғастырып келемін деген ойдамын. Кандидаттық диссертацияма ғылыми же­текшілік еткен ұстазым физика-мате­ма­тика ғылымдарының кандидаты, фило­ло­гия ғылымдарының докторы, белгілі ға­лым Қалдыбай Бектаев болды. Қазақ­стан­да ма­тематикалық лингвистика саласының дамуына және менің қол жеткізген ғылыми жетістіктеріме ғалым Қ.Бектаевтың сіңір­ген еңбегі аса зор деуге болады. 2001 жылы «Қазақ мәтінінің мазмұнын фор­малдаудың негізгі принциптері» деген та­қырыпта докторлық диссертацияны үз­дік қорғап шықтым. Ғылыми кеңесшім Минск қаласындағы Лингвистикалық уни­верситеттің профессоры, математи­ка­лық лингвистика саласының белгілі ға­лымы – Александр Зубов болды. Қорыта айтқанда, қазақ тілін жаңа ба­ғыттардың әдіс-тәсілдерімен зерттеу, негі­зі­нен екі кезеңнен тұрады деуге болады, оның алғашқысы «Қазақ тілінің статис­ти­касы» бағытына байланысты болса, ал екін­шісі «Қазақ тілінің лексикография са­ласын автоматтандыру» мәселесіне тікелей қа­тысы бар. Бірінші кезеңде қазақ тілінің әр­түрлі мәтіні (стильдері) бойынша ком­пьютер көмегімен түзілген жиілік сөздіктер не­гізінде әртүрлі статистикалық мәлімет алынды, нәтижесінде бірнеше кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалды. 1971 жылдан бері А.Байтұрсынұлы атын­да­ғы Тіл білімі институтында (менің тіке­лей ғылыми жетекшілігіммен және қаты­суым­мен) «Қазақ тілінің статистикасы», «Ком­пьютерлік лингвистика», «Қазақ тілі деректерінің компьютерлік базасын құрас­тыру» және «Қазақ тілінің ұлттық корпусын құру» мәселелеріне қатысты ғылыми ізде­ністер жүргізілуде.  width= Асқар Жұбановтың ғылымдағы жолы тура­лы Мүслима Құдайбергенқызының айт­қан сөзі бар: «Дегенмен ойламаған жер­ден Асқарды әке жолы өзіне тартты. Олай деп отырғаным, Алматы Ғылым академия­сы­ның Тіл білімі институты дәуір талабына сай, қолданбалы тіл ғылымына байланысты ас­пи­рантура курсын ашты». «Әрине, математик Асқардың тілшілік (ма­тематикалық-тілшілік, болмаса тіл­ші­лік-математикалық) жолды таңдауы оңай болмады. Алдымен әке жолын қуып туабітті тілші һәм әдебиетші бола білген, сөзі ұзын, қа­ламы жүйрік Есеттей ағасының үгіт-на­сихаты бір себепші болса, екіншіден, көзі көр­месе де құлағы қанық ғалым әкесін ар­баған тіл ғылымының тұңғиығына өзі де ең болмағанда бір рет сүңгіп шығуға аң­сары ауғаны кәдік. Сөйтіп, 1967-1970 жыл­дары қазақ тілін кешенді зерттейтін жалғыз қара шаңырақ – Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл білімі институтының күндізгі бөлімінің аспиранты болады және осы үш жылын одақтық деңгейдегі ма­те­ма­ти­калық лингвистиканың үлкен орталығы – Минск қаласындағы Шет тілдер инсти­ту­т­ында өткізді. Осы жерде өзі секілді ас­пирант, бірақ кейін ғылым жолында ұс­та­зындай бола білген А.Зубовпен табысып, кү­ні бүгінге дейін араласты, ақылдасып тұ­рады. Ол жылдары статолингвистердің не­гізгі құралы – ЭЕМ (электронды есеп­теуіш машина), оның өзі қазақша «сөйлеп» көрген емес. Оған арнайы бағдарлама тү­зіп, түрлі сөз табына жататын сөздерді, сөз қол­даныстарды машина көмегімен анық­тап, неше түрлі жиілік, кері алфавиттік сөз­­діктер түзу сияқты тың істердің басында тұр­ған, тура мағынасындағы «пионер» ға­лым Асқар Жұбанов болатын. Осылай тың­ға түрен сала жүріп ол 1973 жылы кан­дидаттық жұмысын табысты қорғады жә­не осы жолдағы ұзақ жылғы ізденістерін «Квантативная структура казахского текс­та» деген атпен («Ғылым», 1987) жарыққа шы­ғарды. Осылайша, қазақ ғалымы қазақ тілі мәтіндерін ЭЕМ-нің жасанды миында «қайнатып» алып, алғаш рет ана тіліміздегі тіл­дік бірліктердің (сөзформа, негіз сөз, әріп, әріп тіркесі т.б.) автоматтанған жиілік сөздіктерін құрастырудың алгоритмі мен бағдарламасын жасап шығып, оны іске қосты. Сонымен бірге қазақ мәтініне сүйе­не отырып жалпы түркі тілдері мәтін­де­рі­нің ықтималдық-статистикалық моделін жа­сап шығудың алғашқы нәтижелеріне қол жеткізілді. Математикалық статистика мамандары ғана түсіне алатын Нормаль, Пуассон, Шарлье үлестірілімдік заңдарына сүйе­не отырып, қазақ мәтініндегі зат есім мен етістіктердің алғашқы заңға бағы­на­ты­нын, көпшілік жағдайда үстеу сөздердің Пуас­сон заңы мен Шарлье заңының В түрі­не байлаулы екеніне алғаш рет көз жет­кізілді. Осылайша, қазақ мәтініндегі мың­даған сөзқолданыстардың кездейсоқ бас қосып, қайнаған материалдар емес, сөз тап­тарына ажыратылу, үлес салмағы тұр­ғы­сынан белгілі бір ықтималдық-ста­тис­ти­калық заңдылыққа бағынатыны дә­лел­денді», – дейді Рабиға Сыздықова. Бір-бірін тілге тиек ете отырып сөйлейтін саң­лақ­тардың айтқан әр сөзі біз үшін тарих, әри­не. Мысалы, Асқар Жұбанов өзінің ҚазССР ҒА-ның Тіл білімі институтында аяқасты­нан басталған әке жолы – тіл білімі сала­сын­­дағы алғашқы қадамдарының куәсі бо­л­­ған тұлғалар жайында былай дейді: «Тіл бі­лі­мі институтында әкемнің шәкірттері Мәулен Балақаевтың, Ғайнетдин Мұсабаев­тың және әкемнің ғылыми шығармашы­лы­ғымен тығыз айналысып жүрген Рәбиға Сыз­­дықова апамыздың қызмет ететіні, ай­­та берсек, бұл институтта тіпті менің әкем­­ді білмейтін жан жоқ екені менің тө­бем­­ді көкке жеткізді, тұла бойымды сөзбен жет­­кізе алмайтындай, бір түсініксіз сезім, қуа­­ныш билеп кетті. Өз шешіміме өзім риза бол­­ғандай болып, қазақтың «әкең өлсе де, әкең­­ді көргендер өлмесін» деген мақалы есі­ме түсті. Іштей, өзім шешім шығардым – әкем­ді тірідей көрмесем де, көргендердің, әкем жайлы сөз ететін ғалымдардың ара­сын­да жүргенім дұрыс. Қазіргі уақытқа дейін осы шешіміме ризамын» деп түйін­дей­ді автор өзінің тіл білімі жолына ауыс­қа­нына қуанатынын айта отырып. «Теңізді тамшысынан тануға болады» демекші, тек­тінің тұяғы туралы да айтар сөздің там­шысын айтып үлгерсек те біз үшін қуаныш бол­мақ. Өйткені Асқар Құдайбергенұлы тура­лы түгел сөздің толқынын айтып тауы­су мүмкін емес. Оның өмір жолы мен ғы­лым жолындағы басып өткен іздері, са­налы ғұмырындағы меңгерілген ілім мен бі­лімнің биіктігі ғылымдағы ешбір ғылым­ға бергісіз дүние, ал асқар тұлғаның адами­лық алдындағы ар-ожданы бір төбе. Белгілі жур­налист Дана Нұржігіт «Дара жол» бағ­дар­­ламасын Асқар ағаның 80 жылдық ме­­рейтойына бағыштап ұйымдастырған бо­­латын. Сол арнайы хабарға жұбанов­тану­­шы ғалым ретінде, Жұбановтар елінен қа­­тысып, ғылым әлеміндегі Жұбановтар әу­­ле­тінің орны туралы өз пікірімді біл­дірдім. Тарлан тағдыр иесі Асқар аға: «Өмірдің жақ­­сы да, жаман да жақтарын басымнан ке­­­­шірдім, бірақ оның қиын тұстарының бәрі де әкемнің нақақтан «халық жауы» ата­луымен салыстырғанда түк те емес сияқ­­ты» деп толғанған болатын. «Асылдың сы­­нығы, тұлпардың тұяғы», өзі де сом асыл-мықты ғалым, айтулы азамат, үлгілі ұс­таз, филология ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұбановтың есімі өс­ке­лең ұрпақ жадында мәңгі сақталары дау­сыз. Бүгінде айтулы ғалымның 85 жыл­ды­ғына байланысты бар саналы ғұмырын зерт­теу жұмысына арнап еңбек еткен ғы­лым ордасы Ахмет Байтұрсынұлы атын­да­ғы Тіл білімі институты Асқар Жұбанов оқулары тұрақты ғылыми тілтанымдық алаң аясында «Қазақ тілінің ақпараттық кеңіс­тігі және Ұлттық корпустар құрастыру тә­жірибесі» атты халықаралық ғылыми-тео­риялық конференция ұйымдастырып, ға­лым атындағы шығармашылық зерт­ха­наны ашып отыр. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңір­лік университетінде халық­ара­лық сим­позиум жоспарланып, арнайы ка­бинет ашы­лайын деп жатыр. Ғалым аруағына де­ген құрмет осылай жалғасын табады.

Мұхтар МИРОВ, филология ғылымдарының кандидаты, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің доценті