Президенттікке үміткер Жигули Дайрабаевтың сайлауалды бағдарламасы

1 қараша, 2022 / Анель Жарылғасын
ашық дереккөзі
Президенттікке үміткер Жигули Дайрабаевтың сайлауалды бағдарламасы «Ауыл»  партиясы ұсынған Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер Жигули Дайрабаев өзінің сайлауалды бағдарламасын жариялады, ол үш бөлімнен тұрады деп хабарлады turkystan.kz Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап. Кандидат дала демократиясы, жоғары рухани-адами мәдениет пен қуатты аграрлық салаға негізделген жаңа Қазақстанға қол жеткізуге тырысамын дейді. Үміткердің сайлауалды бағдарламасына енген негізгі бастамаларды ұсынамыз. Дала демократиясы – әділетті Қазақстан кепілі! Кандидат өзінің сайлауалды бағдарламасын демократияның негізгі қағидаттарынан бастады. Олар – ашық сайлау, бейбіт және жоғары бәсекелестік. Оның айтуынша, ондай демократия қазақ хандығы кезінде басталған. Ал қазіргі жағдайда осы саладағы саясаттың негізгі үш компоненті - мемлекет басшысының прагматизмі, оны қоршаған ортаның даналығы және қоғамдағы әділеттіліктің үстемдігі болуы шарт. Осы орайда Дайрабаев қаңтар оқиғасына да тоқталды.
«Қаңтар айындағы қайғылы оқиғалар жалпыға ортақ игіліктерді бөлудегі жалпы әділетсіздік пен билікке жақын байлар және кедейлер мен қарапайым халық, қала мен ауыл арасында үлкен алшақтықтың пайда болуына байланысты болғанын білеміз. Авторитарлық жүйе қоғамда мемлекетті басқарудың мүлдем жаңа формациясын құруға деген ұмтылысты оятты», - дейді кандидат.
Сондықтан негізгі алты бастамаға қол жеткізуге тырысамын деп отыр. Жоғары мәдениет – қоғамды жаңарту негізі! Кандидаттың ойынша, бүгінде қоғамның рухани-адами мәдениеті мен санасында олқылық көп. Жеңіл ақшаға деген шамадан тыс құштарлық күшейіп барады. Соның салдарынан көлеңкелі экономика мен сыбайлас жемқорлық артып, бағалар негізсіз өсіп жатыр. Ал шенеуніктер әрекетсіздік танытады. Халықта тұтынушылық көзқарас басым, әлеуметтік желілерде жастардың әдепсіз мінез-құлқы және тағы басқа жағымсыздықтарға көбейіп кетті.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте мемлекет жасаған түрлі әрекет, мысалы, жалақыны көтеру немесе қылмыстық жазалау шараларын қатаңдату айтарлықтай нәтиже бермеді, керісінше, қылмыскерлердің жаңа жағдайларға бейімделуін арттырды», - дейді Дайрабаев.
Кандидат жемқорлыққа қарсы күресті адамдардың өзінен, олардың рухани-адами тәрбиесінен бастау керек деп санайды. Атап айтқанда, мектепте еңбекқорлықты, жауапкершілікті, аға буынға құрмет көрсету мен ұлттық құндылықтарды сақтауға үйрету, мемлекеттік тілді барлық салаға терең енгізу, шет елдердегі қазақтардың ұлттық бірегейлігін сақтау және тағы басқа шаралар бар. Дайрабаев оған қол жеткізуге тырысамын дейді. Бақуатты ауыл – қуатты мемлекет! Сайлауалды бағдарламаның үшінші бөлімі экономикалық проблемаларға арналды. Кандидаттың айтуыншае, Қазақстан шикізаты бай мемлекет бола тұра, өз халқын қолжетімді отынмен және энергетикалық ресурстармен қамтамасыз ете алмады. Халық тұтынатын қарапайым тауарлар да шетелден жеткізіледі. Жыл сайын импортпен бірге тауардың бағасы да өсіп отырады. Ал үкімет экономиканың драйвері бола алатын аграрлық саланың әлеуетін елемейді. Оны ашу үшін тәжірибелі және білікті кадрлар, кең ауылшаруашылық алқаптары, кен орындары мен су ресурстарының қомақты қоры, экспорттық нарықтардағы сұраныс та бар. «Мен Қазақстан Республикасын алақандай жер де бос жатпайтын, егілетін, әр дастархан сапалы және бағасы қолжетімді отандық өніммен толтырылатын аграрлық державаға айналдыруға нық бекіндім», - дейді кандидат. Осы орайда Дайрабаев бірнеше бастамаға қол жеткізуге мүдделі.