Жаңалықтар

Мейрам Қажыкен Өскемен қаласына барды

ашық дереккөзі

Мейрам Қажыкен Өскемен қаласына барды

Ел Президенттігіне кандидат Мейрам Қажыкеннің өңірлердегі үгіт насихат жұмыстары жалғасуда. Бүгін үміткер Өскемен қаласына барып, Шығыс Қазақстан ауруханасының диагностикалық орталығының медицина қызметкерлерімен кездесті деп хабарлады turkystan.kz. Кандидат жиналғандарға өзі және өзінің сайлауалды бағдарламасы жайлы айтып берді. Содан соң ақ халаттылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Пікір алмасу, әсіресе, еңбекақыны арттыру, денсаулық сақтау саласын қаржыландыру, әлеуметтік төлемдер секілді тақырыптармен өрбіді. «Дамыған елдерде медицина саласына деген көзқарас өзгеше. Оларда бұл саланы қаржыландыру ЖІӨ-нің 6%-ы құрайды. Ал бізде 1,5%. Бұл - 4 есе төмен деген сөз. Біздің медицина, әсіресе, мемлекеттік қаржыландыру есебінен жұмыс істейтін ұйымдар қаржыландырылмайды. Ал қаржыландыру медициналық мекеменің барлық шығындарын өтеуге жеткілікті болуы тиіс. Негізінде денсаулық сақтау саласына реформалар жүргізу өте күрделі процесс. Бірақ,  кадрлар даярлау, ғылыми зерттеулер жүргізу және т.б. бағыттарда нәтижеге жете аламыз. Медицина бағыты дамусыз, тасада қалмау керек. Бұл - мен үшін күрделі де жауапкершілікті міндет. Бірақ мен бұл міндетімді абыроймен ақтаймын», - деп атап өтті М.Қажыкен. Мемлекеттік қаржыландырумен қоса, ерікті медициналық сақтандыру жүйесін дамыту қажет. Мейрам Қажыкен  жалақының ұлттық жүйесі жайына да тоқталды.  Үміткер бұл бағыт әлі де өзекті екенін айтып өтті. Өйткені көпшілік үшін бұл "жұмбақ" болып келеді. «Қазіргі жалақы жүйесі өте күрделі. Қанша алатыныңызды түсіну үшін бір нәрсені бөліп, көбейту керек. Олай дұрыс емес. Жалақы жүйесі бәріне түсінікті және қарапайым болу керек. Сондай-ақ өз еңбегіңізге лайықты ақы төлену тиіс. Және ол қаражат сіздің бар шығыныңызға, қажетіңізді сатып алуға, тіпті саяхаттауға да жетуі керек. Бұл сөзге көптеген адамдар күмәнмен қарайтынын білемін. Бірақ, бұл - жетуге болатын және жететін нәтиже. Егер нәтижесіз болса, бұл мәселені көтермес едім», – деді кандидат. Айта кетейік, кандидат өз бағдарламасында медициналық персоналдың тапшылығын жоюды, дәрігерлердің әлеуметтік әлеуетін арттыруды, олардың жалақысын ұлғайтуды, кәсіби жауапкершілікті сақтандыру жүйесін,  еңбек жағдайларын жақсартуға басымдық береді. Анықтама үшін: Облыстық білім беру ауруханасы  1889 жылы ашылған. Өскемен уездік қаласының азаматтық демалыс базасында 10 төсектік қалалық аурухана болған. ХІХ ғасырдың аяғында бүкіл қалада тек 1 дәрігер, 1 фельдшер және (акушер) жүктілерді босандыратын әже болды. Ал қазіргі уақытта мұнда 1000-ға жуық адам жұмыс істейді. Облыстық аурухананың құрамына 6 зертхана, 12 клиникалық және 7 параклиникалық бөлімше, оның ішінде өңірдегі жалғыз кеуде және тамыр хирургиясы, проктология, көз микрохирургиясы, ортопедия бөлімшелері кіреді. 2013 жылы бірегей инсульт орталығы ашылды. Онда науқастарды аурудың басталуынан бастап, дене функцияларының максималды қалпына келуіне дейін тексеруден өткізуге болады.