БҚО-да екі айлық нәресте медбике антибиотик салғаннан кейін көз жұмған
БҚО-да екі айлық нәресте медбике антибиотик салғаннан кейін көз жұмған
Батыс Қазақстан облысында екі айлық нәресте медбике антибиотик салғаннан 10 минут өткен соң көз жұмған деп хабарлады turkystan.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Шетінеп кеткен нәрестенің әкесі қызының күні бойы жылағанын айтады. Артынша ол жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Кезекші дәрігер анализдерін алып, рентгенге түсіріпті. Нәтиже бойынша баланың пневмониямен ауырғанын анықтады. Медбикелер педиатр шақырып, укол салған.
«Дәрігерлер антибиотик салды. Қызым сол уколды салғаннан 10 минут өткеннен кейін көз жұмды. Сап-сау бала еді. Дәрігерлер өз кінәларын мойындамай отыр. Алғашқы тексеру бойынша пневмония болмаған. Бірнеше диагноз қойды, алдымен жүрек ауруы депті. Ондай болған жоқ, анафилактикалық шок болды, сосын олар бізді баланы құлатып алдыңдар деп айыптады», – дейді қыздың әкесі Еламан Үрінбаев.
Қайғылы оқиғаға не себеп болғаны әзірге белгісіз.
Бәйтерек ауданындағы аурухананың бас дәрігерінің айтуынша, аллергиялық реакцияға сынама жасалған, бірақ қызару байқалмаған. Ал инъекциядан кейін бала бірден көгеріп кетіпті. Реанимациялық шаралар қызға көмектеспеді.
«Балаға кардиомегалия, жүректің ұлғаюы диагнозы қойылған. Жүректің қабығындағы қан қайдан шыққаны белгісіз, түсініксіз жағдай», – дейді аурухананың бас дәрігері Темур Мұсағалиев.
Сәбидің өлімін жергілікті полиция тергеп жатыр. Өлім фактісі тіркелді. Кішкентай науқас үшін өлімге әкелетін нәрсе бірқатар зерттеулерден кейін анықталуы керек. Алайда олардың мерзімі әлі белгіленген жоқ.