«Үйде ысқырма», «уһілеме»: қазақ ырым-тыйымдарының түсініктемесі

«Үйде ысқырма», «уһілеме»: қазақ ырым-тыйымдарының түсініктемесі

«Үйде ысқырма», «уһілеме»: қазақ ырым-тыйымдарының түсініктемесі
ашық дереккөзі
Ырым-тыйым – халықтың тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге, ақыл-кеңес берудегі тәрбие құралдарының бірі. Көбінесе бұл, негізінен, балаларды жаман әдеттен, жат пиғыл, ерсі қылық, әдепсіз істерден сақтандыруда маңызды қызмет атқарады. Кейде үлкен кісілерден «олай істеме, жаман болады» деп айтқанын естіп жатамыз. Халық арасында осындай кең таралған тыйым сөздердің діни-философиялық астарын іздеп көрдік. «Күн батарда ұйықтама» Тәңірдің ырзық тарататын Рузан деген періштесі бар екен. Ол таң ата жерге түсіп, адамдарға ырзық, несібе таратады екен. Күн шыққанша ұйықтайтын адамды Тәңірдің несібесінен мақұрым қалған деп түсінеді. «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деген мақал осыған орай айтылған. Риза періште қас қараяр кезде де жерге түсіп, ырзық таратады. Күн батарда ұйықтап жатқан адамды өлі санатына қосып, ырзығын кемітеді екен. «Күн батарда ұйықтама, періште сені өлінің санатына қосады» деген түсінік осыған орай айтылған. «Үйде ысқырма» Діни-аңыздардың баяндауынша, періштелер әке-шешесін тозаққа алып кеткелі, жындар күл-қоқыста жасырынып жатады екен. Егер біреу байқаусызда ысқырса, «әке-шешеміз келіп қалған ба?» деп қуана сол адамға жүгіреді дейді. Егер оның адам баласы екенiн көрiп, сонша жерден жетіп келгенде алданғанын білсе, ашуланып адамды ұрады екен. Ондай адам ақыл-есiнен айырылып, жынданады деседі. Сондықтан «ысқырма, шайтанды шақырасың» деген тыйым пайда болыпты. Әсіресе, үйдің ішінде, қорада ысқыруға болмайды дейді. Үйді жын-шайтан жайлап алуы мүмкін деген сенiм бар. «Уһілеме»  Ертеде бір жігіттің қарт шешесі болыпты. Шешесі ауырып, төсек тартып жатып қалады. Жігіт отын шауып, оны қалаға сатады екен. Шешесі күнде баласының қамын ойлап, төсекте отырады. Баласы кешке үйге келгенде: – Балам, шаршамадың ба? – деп сұрайды екен. Баласы шаршаса да бiлдiрмей: – Шаршағаным жоқ, ана, - деп жауап береді. Бұл сөз ауру шешесіне кішкене де болса қуат берді екен. Бір күні баласы жұмыстан шаршап келеді. Жанына батқан ауырлығы шаршатты ма, баласы ошақтың жанына жылынып отырып, аһылап-уһілейді. Шешесі ұлының қатты қажығанын сезеді. Баласының жағдайы жанына батқан шешесі ұлын түнімен уайымдап, жүрегi қысыла бастапты. Баласы еш шара жасай алмай отырып қалады. Таң ата шешесі сары уайымнан жантәсiлiм болыпты. Баласы анасының жүрегіне қайғының дертiн салғанына өкiнiп, өкiрiп жылапты. Содан бері ата-анаңның жанында отырғанда аһылап-уһілеуге болмайды, олардың жанына батады деген тыйым пайда болыпты. «Жақты таянба» Әбілет пен Тәбілет жындар жағын таянса, жер беті алай-дүлей болып, астаң-кестеңі жамандық атаулы жанына жиналады екен. Осыдан бастап ел ішінде «жақты таянуға болмайды» деген ырым пайда болыпты. «Табалдырықты баспа»  Адам ата Қағбаның iргесiн қалап, оны «Құдайдың үйі» деп атайды. Қағбаға құлшылық жасап, ескірген жерiн жөндеп тұрады екен. Дүниеден өтерінде ұлы Шишке Қағбаның кілтін ұстатып, оны күтіп, таза ұстауды аманат етіпті. Шиш әке өсиетін бұлжытпай орындайды. Оның ықылас-пейіліне риза болған Жебірейіл Шишке үй салуды үйретеді. Оған дейін Адамның ұрпағы ағаштан салынған лашықтарда өмір сүрген екен. Шиш құрылыс өнерін үйренген соң, алғаш өз үйін кірпіштен тұрғызады. Баспанасы дайын болған кезде оған бiрiншi болып конаққа келген Құт екен. Ол үйден орын беруін сұрайды. Шиш: “Қалаған жеріңнен қоныс ал!” - дейді. Құт табалдырыққа келіп жайғасады. Осыған орай, ел арасында «табалдырықта тұрма», «табалдырықты баспа, үйдің құты қашады» деген ырым сақталыпты. Артынша Шиштің үйіне Бақыт келiп бас сұғады. Ол төрден орын беруді сұрайды. Шиш рұқсат береді. Бақыт төрге жайғасады. Қазақта құрметті қонағын төрге отырғызып, бата сұрау осы ырымнан қалған екен деседі. Бақыттың соңынан Береке кіреді. Ол Шиштің дастарқанынан орын алыпты. «Дастарқанда береке бар» деген түсiнiк осыдан қалыпты. «Бейуақытта жылама» Діни аңыздарда Ібiлiс үш рет еңіреп жылаған деп айтылады. Ең алғаш жұмақтан қуылғанда жылапты. Екiншi рет тағдыр тақтасынан өзiнiң болашағын көргенде бетін жыртып дауыс салыпты. Үшінші рет Мұхамбет пайғамбар туғанда қара жамылып отырып қалыпты. Бетін тырнап, шыңғырған кезі күннің батып бара жатқан сәті екен деседі. Содан бастап «қас қарайғанда жылама, шыңғырма, дауыс салма» деген ырымдар шығыпты. Күн батқанда жылаған адам Ібіліске жақтас болып, оның дауысына үн қосып жылайды деген түсiнiк бар.

Санжар Керімбайдың «Салт-дәстүрлер сөйлейді» кітабынан алынды