«Айкөркемнің бас сүйегі жоғалып кеткен»: марқұмның әкесі тергеу туралы айтты

«Айкөркемнің бас сүйегі жоғалып кеткен»: марқұмның әкесі тергеу туралы айтты

«Айкөркемнің бас сүйегі жоғалып кеткен»: марқұмның әкесі тергеу туралы айтты
ашық дереккөзі
Қаңтар оқиғасы кезінде төрт жастағы қызы қайтыс болған, 16 жасқа аяқ басқан қызына бірнеше оқ тиген отбасы Алматы әкімдігі берген жаңа пәтерде тұрып жатыр. Отбасы тамызда шетелге барып қызына ота жасатқан, алайда қазір жағдайы нашарлап жатыр. Ал Айкөркемнің өліміне қатысты тергеуге отбасының көңілі толмай отыр деп хабарлады turkystan.kz. Halyq Uni тілшісі қыздардың әкесі Айдос Мелдеханмен әңгімелесіп, отбасының қазіргі жағдайын білді. Айкөркемнің бас сүйегі жоғалып кеткен Айдос Мелдеханның сөзінше, қызы Айкөркемнің бас сүйегі тергеу кезінде жоғалып кеткен.
«Оқ тиген кезде Айкөркемнің бас сүйегі көліктің ішіне шашылып қалған. Бостандық ауданы полиция басқармасының қызметкерлері көлікті тексеріп, ішінен оқтарды алып, тәркілеген. Сол кезде алған бас сүйегі жоғалып кетті. Мен оны табуды талап еттім. Олар маған «аға, неге талап етіп жатырсыз? Өзіңіз бәлеге қаласыз, эксгумация жасайды» деп айтты. Істе тіркелген фотоларда баланың бас сүйегі тұр. Былай жоқ. Ол қайда? «Жоғалды, қазір таппаймыз» дейді. Енді сол жоғалтқан адамды жазалау керек қой», - дейді Айдос Мелдехан.
Ер адам бұл жағдайда да шарасыз отырғанын айтады. Жағдайы нашарлап жатыр Сол оқиға кезінде 16 жасқа аяқ басқан қызы Жанельге жеті оқ тиген. Оның екеуі кеудесін тесіп өткен, денесінен бес оқ алынды. Жедел медициналық жәрдем ауруханасында денесінен 4 оқты омыртқа, өкпесі, жамбасынан алған. Бесінші оқты Алматы қаласы Бағанашыл ықшамауданындағы балалар хирургиясында алды. Айдос Мелдеханұлының айтуынша, Жанельдің денсаулығы нашарлаған. Оның сөзінше, қызының бір жақ денесі кішірейіп, солып бара жатыр.
«Қызым Жанельге тамызда Түркияда ота жасалды. Денесінде оқтан қалған қалдықты алдыртты. Оны әскери тергеу басқармасына сараптама жасату үшін өткіздік. Қазір қызымның денесінде деформация пайда болды. Денесінің бір жағы кішірейіп, солып жатыр. Осы мәселені айтқаннан кейін қалалық Денсаулық сақтау басқармасынан адамдар келді. Қағаз толтырып, хабарласатынын айтты. Бірақ, содан бері бір айдан астам уақыт өтті, ешқандай хабар жоқ. Баланың денесі күннен-күнге солып, қисайып бара жатыр», - дейді Айдос.
Жанельге қазірге дейін төрт рет ота жасалған. Қазір ол 11-сыныпта оқиды. Ата-анасы күн сайын мектепке апарады. Ата-анасы қызын жалғыз жіберуге қорқып отыр. Мұны ҰҚК мен полиция тарапынан қоқан-лоққы жасалғанына байланыстырды. Қазірге дейін бір үйдің төрт баласы мінген көлікке оқтың қандай қарудан атылғаны анықталды. Алайда қарудың тізімі мен кімге берілгені жазылған журнал жоғалып кеткен. Айдос Меделхан әскери қызметкерлер мұны әдейі істеп отыр деп санайды.
«Қандай қарудан оқ атылғаны анықталды. Бірақ қару тіркелетін журнал жоғалып кеткен. Ол өздігінен жоғалып кетті деп ойламаймын. Мүмкін емес. Журналды әдейі жоқ қылып жіберді. Қаруды қабылдаған кезде нөмірі мен алған адамның аты-жөні жазылады. Сәтбаев пен Желтоқсан көшелерінің қиылысында тұрған сарбаздардың кім екенін тапқанын айтты. Алайда, олардың аты-жөнін, кімдер екенін айтпады. Істі әскери прокуратураға жіберетінін, шешім сол жақта қабылданатынын айтты», - дейді ол.
Ал сол оқиға болған кезде көлік рөлінде отырған ұлы қазір әскери борышын өтеп жатыр. Әкесінің айтуынша, әскерде ешқандай қысым жоқ.