Көлгінов тұрғын үй кезегінде тұрғандарға пәтер кілтін табыстады

Көлгінов тұрғын үй кезегінде тұрғандарға пәтер кілтін табыстады

Көлгінов тұрғын үй кезегінде тұрғандарға пәтер кілтін табыстады
ашық дереккөзі
Астана әкімі Алтай Көлгінов пен Отбасы банкінің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова Республика күніне орай баспана кезегінде тұрғандарға көптен күткен баспана кілтін табыс етті деп хабарлады turkystan.kz. Жаңа қоныстанушылар арасында ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес отбасылар, мүгедектер, жетім балалар, зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері секілді әлеуметтік топтағы адамдар бар. Елорда тұрғындарына пәтерлер «Нұрлы жер» бағдарламасы («Шаңырақ» мемлекеттік бағдарламасы) бойынша берілді. Ал бұл тұрғын үй бағдарламасын Астана әкімдігі Отбасы банкімен бірлесіп іске асырып отыр.
«Республика күнімен және көптен күткен қоныс тойымен құттықтаймын! Үйлеріңіз құрылысы қарқынды жүріп жатқан жаңа аудан – Жағалау шағынауданы, Е-20 көшесінде орналасқан. Мұнда біз жақында 4 мың оқушыға арналған 2 ауысымды мектеп аштық, сондай-ақ өзге де әлеуметтік нысандар бар. Көктемде біз ауданды абаттандыруды жалғастырамыз, әлеуметтік нысандар саламыз», – деді қала әкімі.
Сонымен қатар ол мемлекет тұрғын үй мәселесіне ерекше назар аударып отырғанын айтты. Бұл орайда, әкімдік жыл сайын қолжетімді тұрғын үй салуды маңызды міндет етіп отыр. Мысалы, 2018 жылы 1 800 әлеуметтік пәтер қолданысқа берілсе, 2019 жылы дәл осындай 2 900 пәтердің құрылысы аяқталыпты. Ал соңғы екі жылда қала әкімдігі 17 мыңға жуық әлеуметтік пәтердің кілтін табыс еткен. Сондай-ақ тұрғын үй бағдарламаларына қатысушылар санаты да кеңейтіліп, тұрғын үй сертификатының сомасы 1 миллионнан 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайыпты. Отбасы банкінің басқарма төрағасы да бас қаладан баспаналы болған тұрғындарды құттықтап, жаңа баспана жақсылыққа толы болуын тіледі.
«Жаңа пәтерлерде елордалықтар ұрпақ тәрбиелеп, алдағы өмірлеріне жоспар құрып, қонақ күтетін болады. Баспана кілтін табыстау ұлттық мерекеге сәйкес келгені мерекенің маңызын арттыра түседі. Мемлекет өз азаматтарының баспана мәселесін шешуге ерекше көңіл бөлетіні маңызды. Тек «Шаңырақ» бағдарламасы аясында екі жыл ішінде біз 16 722 қазақстандыққа жеке тұрғын үй сатып алуға көмектестік, оның ішінде Астанада 4 363 адам қоныс тойын атап өтті. Жақында отбасы банкі мемлекеттік бағдарламалар аясында азаматтарға кредит беруді жалғастыру үшін 49,9 млрд теңге көлемінде қаражат түсуін күтіп отыр», – деді Отбасы банкінің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
Жыл басынан бері шаһарда барлығы 19 335 осындай несие берілген. Сондай-ақ күн сайын елорданың 80-ге жуық тұрғыны өз пәтерін немесе үйін Отбасы банкі арқылы сатып алу үшін несие алады екен. Сол секілді күн сайын 100-130 адам жылжымайтын мүлікті одан әрі сатып алу үшін жаңа депозиттер ашады. Сонда жыл басынан бері Отбасы Банкі 67 390 қазақстандықтың қоныс тойын атап өтуіне көмектесіп, өз үйі – өлең төсегіне қол жеткізуге мүмкіндік берген. Ал әкімдік тұрғын үй құрылысының қарқынын күшейтіп, баспанаға қолжетімділікті арттырып келеді.