Жаңалықтар

Қазақстандықтар жеті баланың анасына үй алып берді

ашық дереккөзі

Қазақстандықтар жеті баланың анасына үй алып берді

Қазақстандықтар көпбалалы анаға 20 миллион теңге жинап, баспана алып берді деп хабарлады turkystan.kz Stan.kz-ке сілтеме жасап. Махаббаттың үлкен баласы - 12 жаста, кішісі -  8 айлық. Отбасының отағасы өткен жылы қаза тапқан. 21 қазан күні "Дәулеттен" қайырымдылық қоры ақтөбелік отбасына қуаныш сыйлады. Махаббат ханым жеті баласымен жеке баспанаға ие болды. “Мен, төрт ұлым, үш қызым жалдамалы үйде тұрдық, су жоқ, әжетхана сыртта болатын. Басқа баспана жалдау мүмкін болмады. Көп адам  7 баласы бар анаға баспанасын жалға бергісі де келмейді. Үлкен балам - 12 жаста, кішісі - 8 айлық. Біз “Дәулеттен” қорының көмегіне жүгіндік. Олар жағдайымызды видеоға түсіріп кетті. Жұма күні адамдар маған көмектесе бастағанын білдім. Аллаға, көмектескен жандарға, қорға алғысым шексіз”, – деді 33 жастағы көпбалалы ана Махаббат. Бір күнде 20 миллион теңге қаражат жиналған. "Дәулеттен" еріктілері Рауан тұрғын алабынан 110 шаршы метрлік үш бөлмелі үй алып беріп, көпбалалы ананы қуантты. "Сонымен қатар көпбалалы ана мен оның балаларына миллион теңгенің тұрмыстық техникасы: тоңазытқыш, қысқатолқынды пеш және теледидар берілді. Отбасына ас үй жиһазы, үстел, орындықтар да сатып алдық”, – дейді еріктілер. Айта кетсек, бұл - "Дәулеттен" қайырымдылық қоры еріктілерінің мұқтаж жандарға алып берген  54-үй.