Түркияда қазақстандық студент із-түзсіз жоғалып кетті (ВИДЕО)
Түркияда қазақстандық студент із-түзсіз жоғалып кетті (ВИДЕО)
Түркияның Измир қаласында 21 жастағы қазақстандық студент із-түзсіз жоғалып кетті деп хабарлады turkystan.kz.
Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай Facebook-тегі парақшасында жазды.
«Рауан Дарханұлы 2001 жылы туған, Тараз қаласынан. Измирдегі Докуз Эйлуль университетінің тіл курсына биыл түсті. Жат елге барғанына 20-ақ күн болған.
22 қазан күні кешкі 20:00-де бірге оқитын достарымен «Горилла» клубына барады. Бәрі сыртқа шыққанда телефонымды ұмыттым деп ішке кірген жігітті содан бері жан баласы көрген жоқ. 15-20 минут сыртта күткен достары клуб ішіне кіріп, сұрастырады. Рауанды көрдім-білдім деген адам жоқ.
Жергілікті полицияға хабар берілді, анасы Раушан Измирге ұшып кетті. Мен ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкіліне хабар бердім, әзірге жауап жоқ», - деді ол.
Рауанның анасының айтуынша, оның әлеуметтік желілерде парақшасы жоқ. Сотканы да сирек қолданады екен. Өзімен бірге паспорты, Каспий картасы болған.
«Баланың ата-анасы @kaspi.kz-тен көмек сұрайды. 22-қазаннан бері Рауан Дарханұлының атына ашылған карта қолданылды ма? @yerbol.azanbek жат елдегі баласының не өлі, не тірі екенін біле алмай қайғы жұтқан ата-анасына ақпаратпен көмектесіп жіберейікші.
Қымбатты, Түркия мен Измирдегі оқырмандарым, Рауан жайлы қандай да бір ақпарат білсеңіздер, бөлісіңіздер, хабарласыңыздар! +7 777 627 6295» деп жазды Гүлмира Әбіқай.