Жаңалықтар

Жандос Каринбаев: Янушкевич 150 жыл бұрын «Ақмола – тұтас даланың келешек астанасы» деп айтқан

ашық дереккөзі

Жандос Каринбаев: Янушкевич 150 жыл бұрын «Ақмола – тұтас даланың келешек астанасы» деп айтқан

Қыркүйек айының соңында Польша астанасы Варшава қаласында «Қазақ-поляк байланыстарының тарихы танымал тұлғалардың мысалында» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Бұл құнды кітапты қос тілде жазып шыққан тәжірибелі дипломат Марғұлан Баймұқан мен білікті саясаттанушы, тарихшы, Жандос Каринбаев аталған еңбектің екі ел арасында алтын көпір болатынына сенімді. Сондай-ақ кітаптағы он екі бөлімнің әрқайсысы деректі фильм түсіруге сұранып тұрғанын айтады. Үш жарым жыл бойы екі елдің рухани жәдігерлерін саралап, ұмытылғандарын еске түсіріп, құнды да қымбат қазына қатарын толықтырып, күні кеше ғана елге оралған Жандос Әуелбекұлымен кездесіп, әңгімелескен едік. – Біз сұхбаттасқан кейіпкердің көбі ма­­мандық таңдауда мектептегі мұға­лім­де­рінің айрықша ықпалы тигенін ай­та­ды. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» де­мек­ші, сіздің де тарих пәніне ден қо­юыңыз­ға әлем картасын ашып, дүние­жүзін таныс­тырған мұғаліміңіз себепкер болған шы­ғар деп топшылап отырмын. Солай ма? – Дәл солай. Түркістан облысы Төле би ау­­­данына қарасты Аққұм ауылында туып-өстім. Онда қазақ гобелен өнерінің негізін қа­лаушы Құрасбек Тыныбеков атындағы орта мектепте оқып жүрген кезде бірнеше сабақты, со­ның ішінде тарих пен география пәндерін сүйіп оқыдым. Осы екі пән десе ішер асымды жер­ге қоятынмын. Өлкеге есімі белгілі ұстаз, ұлт тарихын жетік білетін Әбдіхалықов Тұр­сын­­бай ағай сабақ сайын тарихқа деген қы­зығушылығымды арттыра түсті. Ағаймен бірге мектепте мұражай жұмысын жүргіздік. Ол кісі ауыл ішін аралап, көне заттар мен жәдігерлерді жи­нап, мұражайға әкеліп қоятын. Тарихты көр­кем әдебиет туындысын түсіндіргендей си­паттап, егжей-тегжейлі айтып беретін. Дәйек келтіріп айтса да, шебер сипаттайтын еді. Сөйтіп, ол кісінің ықпалымен оқушы ке­зім­нен осы салаға қызыға бастадым. Бұл пәнге қатысты барлық жарысқа қатысып, белсенді болдым. Мектеп бітірген соң ойланбастан Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Тарих факуль­те­тіне құжат тапсырып, бакалавриат, сосын магистратура бөлімінде білім алдым. Кітаптың тұсаукесер кешінен[/caption] – Докторлық диссертацияңыздан тыс тағы бір үлкен зерттеу жүргізіп, со­ның нәтижесі ретінде кеше Варшавада тұсауы кесілген «Қазақ-поляк байланыс­тары­ның тарихы танымал тұлғалардың мысалында» атты кітап шығарға­ныңыз­ға қарағанда бұл хоббиден де үлкен іс се­кілді... – Жоғарыда айтып өткен Торень қала­сын­да тағылымдамадан өткен кезде тың де­рек­тер таптым. Польшаның азат ел ата­нуы­на бар күшін салған Юзеф Пилсудски Ре­сей езгiсiндегi халықтарға тәуелсіздік алуы­на көмектесу, оларға саяси баспана, қара­жат беру үшін Прометей ұйымын құрға­нын тарихтан білесіздер. Сол ұйымның қа­та­рында Мұстафа Шоқай атамыз бастаған Түркістан халқы да болған. Сол секілді поляк жұр­тымен байланысы бар біздің тұлғалары­мыз көп екенін байқадым. Тағы да тосын деректер табамын-ау деген мақсатпен іздене түстім. Тәжірибелі дипломат, қазір Қазақ­стан­ның Бельгиядағы елшісі Марғұлан Бай­мұқанмен кездескенде «Қазақ-поляк бай­ла­ныстарын тұлғалар негізінде зерттейік» де­ген идея туындады. Осылайша, екеуіміз уә­де­лесіп, бұл еңбекті жазып шығуға үш жа­рым жылдай уақытымызды сарп еттік. Негізі, бұл еңбек Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығына, сондай-ақ биыл аталып жатқан Қа­зақ­стан мен Польша арасындағы дип­ло­матиялық қатынастың орнауына 30 жыл толуына арналған. Алдымен қазақшасын жа­зып, кейін аудармасын жасадық. 12 бөлім­нен тұратын бұл кітапта екі елдің біртума аза­маттары туралы тың деректер қамтылған. Біз­дікілер Адольф Янушкевич туралы көп жаз­ды, бірақ олар оны әдетте революционер ре­тінде сипаттайды. Расында, олай емес, ол – өз халқының азаттығы үшін күресіп, кейін сол әрекеті үшін тұтқынға түскен азамат. Қа­зақтар оның саяхаты туралы білгенімен, шық­қан тегі туралы білмейді. Ал поляктар, кері­сінше оның отбасын жақсы білгенімен, қа­зақ даласына жасаған саяхат ке­зінде кез­дескен тұлғалардан бей­­хабар. Сондықтан ол тура­лы жария болмаған дерек­тер­­ді екі халық білсін де­ген мақ­сат­пен кеңінен баяндадық. [caption id="attachment_201656" align="alignright" width="385"]Сол еңбегінде ол Есет Көтібар­ұлы­мен кездескені туралы былай деп жаза­д­ы: «Мен Есет Көтібарұлының үйінде қонақ­та болдым. Ол кісінің пәлсапалық ойлары қызық. Оны би, батыр деп атайды. Тағы да басқа атақтары бар. Бірақ оған бәрінен бұрын батыр деп атаған ұнайды екен. Сосын ол: «Әр адам жабулы сандық іспетті. Онымен сөйлеспейінше оның ойында не бар екенін анықтау мүмкін емес» деді». Мен үшін бұл да бір қызық дүние болды. Осы ретте екі халық­ты неліктен қатарласып жазғанымызды айта кетейін деген едім. Негізі, қазақ пен поляк – тағдырлас ұлттар. Кезінде екі халықтың жауы ортақ болды, кейін байқап қарасам тағ­дыры да ортақ. Отарлық езгі. Ұлт мүддесі үшін жан аямаушылық. Батылдық. Оларда көтеріліс болғанда бізде де бүліктер болған. Мысалы, Жанқожа Нұрмұхамедұлы бастаған Сырдария қазақтарының көтерілісі кезінде поляктар да ереуілге шыққан. Сырым Дат­ұлы, кейіннен Кенесары бастаған көтеріліс кезінде де олар да бүлік бастап, тыншымаған. Варшавада әскери комендант, Францияда генерал болған Ян Козелл-Поклевский елін сағынған соң орыстың консулына Отанына қайтқысы келетінін айтады. Бірақ оны ал­дап-арбап, қол-аяғына кісен салып, бүкіл шені­нен айырып, қатардағы казак ретінде Алматыға жер аудартады. Онда ол көп жоба­ға араласып, Алматының дамуына атсалыса­ды. Алматыдағы бас арықты қаздырған осы кісі. Балқаш көлін жіті зерттеп, Ілеге алғаш рет кеме түсірген де осы кісі. Осы деректер де маған қызық болып көрінді. Келесі бір қы­зық мәлімет: әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Чеслав Милош поляк­тың танымал ақыны, жазушысы Алек­сандер Ваттан алған сұхбаты кітап болып шық­ты. Сонда Александер КСРО-мен арада­ғы келісім бойынша Алматыда отбасымен та­бысуға мүмкіндік алған кезде Мұхтар Әуе­зов үйіне шақырып, оны қонақ қылып күте­ді. Сол сұхбатында ол «Лев Толстойға тең келетін қазақтың жазушысы Мұхтар Әуезовтің үйінде қонақта болдым. Ком­мунистік-социалистік индоктринадан алыс еке­ні байқалады. Үйі кең, бір шетінде фор­тепиано тұр. Сөрелерінде Гетенің еңбектері тұр. Менімен сөйлескенде поляк халқының тари­хын жақсы білетінін аңғардым» деп тың естелік айтады. Ал оның әйелі Ола баласымен бір­ге ШҚО-ның Күршім аймағына жер ау­дарылған кездегі жергілікті қазақтардың қам­қорлығын былайша еске алады: «Әдеп­кіде совхозда барақта тұрдық. Сосын күн суып кеткен соң қазақтардың үйінде жат­тық. Бір күні үйде отырғанда денем қалты­рап, қатты ауырып қалдым. Үй иесі қазанда бұрқылдап қайнап, бетінде майы қалқып тұрған сорпаны үлкен кесеге құйып, оған айран қосып, маған берді. Әдетте қолыма түс­кен тағамды бірінші балама беруші едім, осы жолы алдымен өзім ішіп көргім келді, іштім. Сонда әр жұтымын ұрттаған сайын тұла бойыма қурап қалған, тақырға айналған далада толассыз жаңбыр жауып өткендей әсерін тигізді. Ертесі айыққанымды сезіндім». [caption id="attachment_201659" align="alignnone" width="2000"]– Күні кеше Варшавада өткен кітап­тың тұсаукесеріне поляктардың көптеп келуі оларға екі елдің арасындағы бай­ла­ныс қымбат екенін аңғаруға болады. – Иә, Қазақстанның Польшадағы Төтен­ше және Өкілетті елшісі Әлім Қирабаевтың ұйым­дастыруымен өткен ол кешке 50-60 шақ­ты адам қатысты. Әсіресе, «мен – шенеу­нік­пін, сен – қатардағы азаматсың» деген тү­сініктен ада Еуропарламент пен Польша Пар­ламентінің (Сейм) депутаттары кезекке тұ­рып, қолтаңба алған кезде бойымды қуа­ныш кернегенін жасырмаймын. Одан бөлек, профессорлар мен екі елдің арасындағы бай­­­ланысқа қызығатын азаматтар келіп, қол­таңба алған соң « Жақсы болды, мына кітап­ты ана ғалымға беремін», «Бұл – біз үшін таптырмас еңбек» деп арқамыздан қа­ғып, ағынан жарылды. Жалпы, бұл кітап Варшава қаласындағы жетекші баспалардың бірінде басылып шыққандықтан, алдымен сол жақта тұсаукесерді өткізу заңдылық. Сосын баспадан шығу шарты бойынша та­ныс­тырылым өткен соң Польшаның үлкен қалаларындағы кітапханаларға дереу жөнел­тіледі. Әрі қарай поляк оқырманы кері бай­ланыс орнатып, екі елдің байланысын жете тани түседі деп ойлаймыз. Біздің әу бастағы мүд­деміз, көздегеніміз де – осы. Бұйырса, жуық арада Астанада да тұсаукесер рәсімін өткізбекпіз. Қазақ оқырманның да көңілінен шы­ғады деп үміттенемін.

Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ