Жаңалықтар

Үйінің қасынан көл жасап, агротуризмді дамытып отырған балықшы

ашық дереккөзі

Үйінің қасынан көл жасап, агротуризмді дамытып отырған балықшы

Тараз қаласынан он шақырым жерде орналасқан Шайқорық ауылының тұрғыны Әбдірахим Қуанышбаевтың балық шаруашылығымен ай­налысқанына он жылдан асқан. Балық өсірудің бабын тап­қан шаруа үйінің жанынан көл жасап алыпты. Мұны­мен қоса, балық өсіретін инкубациялық цех ашқан. Осы­­­лайша, бақытын еңбектен тапқан ол кәсібін дөң­гелетіп, сегіз адамды жұмыспен қамтып отыр. «Алтын бұлақ» шаруа қожалығының басшысы Әбдірахим Қуа­ныш­баевтың мақсаты – агротуристік кешен салу. Қазір сол мақсатына қарай нық қадам басып, қолынан келгенше әрекет етіп келеді. Кәсібін ашар ал­дында біраз елге барып, кімнің немен айналысып жатқанын зерттеп көріпті. Сөйтіп, адамдардың балыққа деген қызығушылығы ерекше екенін байқаған. Осыдан кейін көп ойланбастан үйінің жанындағы 4 жа­рым гектар жерді қазып, көл жасап, ішіне майда балықтарды жі­береді. Міне, содан бері оның шаруа қожалығына балық аулауға құмар жан­дар келе бастаған. Оларға шектеу де қоймайды. Әрине, бұл істі бірден бастап кету оңай емес. Суасты тіршілік иесін өсіру­ге кіріскен ауыл тұрғынының кәсібін дамытуға қаржы керек бо­лад­ы. Ол үшін Аграрлық несие корпорациясына жүгініпті.

«Біраз елге бардық. Қытайға, сосын Америкаға барып осы саладағы жоба бойынша ұйымдастырылған конкурсты ұтып алдық. Сөйтіп, сол жақ­та оқыдық. Барған жерімде жан-жағыма қарап, қандай кәсіп тиімді еке­нін зерттеп жүрдім. Сонда байқағаным, барлық жерде балыққа құ­мар адам көп екен. Олар бәрін тастап, балыққа келеді. Балық аулау адам­ға керемет демалыс сыйлайды екен», – дейді Әбдірахим Қуаныш­баев.

Майда шабақтың толық өсіп-жетілуіне екі-үш жылдай кетеді. Кәсіп иесі осынша уақыт бойы суда тіршілік ететін жануардың жемін беріп, күті­мін жасап, өсіреді. Сосын сатылымға шығарады. бір қуанарлығы, сұра­ныс та, одан түсетін табыс та жаман емес. Ең бастысы, ерінбей ең­бек ете білсең болғаны.

«Балықты жақсы бағып, уақытылы жемін беріп отырса, екі жылда 10-12 см өседі. Шымкентте жем шығаратын комбинат бар. Жемін сол жақ­тан аламын. Негізі, бізге көтерме бағамен сатқан ыңғайлы», – дейді шаруа.

Кәсіпкер бұрын балық дернәсілін сатып алса, қазір инкубациялық цех ашып, өзі шығарып жатыр. Сол жерде табиғи жолмен көбейтеді. Цех­та әзірге төрт адам жұмыс істейді. Оның екеуі – ихтиолог. Олар балықтың өсіп-жетілу процесін жақсы меңгерген. Жалпы, шабақ тауар­лы өнімге айналғанша 6 айға дейін уақыт керек екен.

«Дернәсілді көлге апарып саламыз. Оны күзге дейін өсіреміз. Биыл Польшадан бақтақ балығының уылдырығын әкелдік. Қазір арнайы тоғандарда 3 миллион шабақ өсіріліп жатыр. Бізде үш түрлі балық бар», – дейді ол.

Кәсібінің қыр-сырын бөліскен кәсіпкер осы салада шешімін тап­пай жүрген өзекті мәселелер туралы да сөз қозғады. Айтуынша, кәсіп­керлерге Үкіметтен көмек болса, еліміздегі туризмді дамытып, шет­елдік туристердің өзі қызыға қарайтындай көрнекті орындар салуға болады.

«Үкіметтен көмек болса дейміз. Несие алып, шапқылап, өзіміз тыр­ба­нып тіршілік етіп жатқан жайымыз бар. Мысалы, жақында «Жарық тар­тып береміз, жобаңды жасай бер» деген соң соны жасаймын деп жүгі­ріп, 2 млн теңге қаражатым кетті. Бәрін апарып тапсырып едім, «Бол­ды, жылдың аяғында қаржы бөліп, істеп береді» деген. Өкінішке қа­рай, бәрі құр сөз күйінде қалды, ештеңе істеген жоқ. Әкім орын­басарына барып, жағдайды айттым. Бірақ еш нәтиже болмай тұр. Жа­рық болмаса, инкубациялық цехтың біреуі де істемейді. Жұмыстың бәрі жарықпен атқарылады», – дейді Әбдірахим Қуанышбаев.

Бүгінде «Алтын бұлақ» шаруа қожалығына балық аулап, демалуға келе­тін адам қарасы аз емес. Әсіресе, жазғы уақытта жұрт көп келеді екен. Балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкердің ендігі мақ­саты – агротуристік кешен салу. Ол еліміздегі туризмді дамытуға мүм­кін­дігіміз мол екенін айтады. «Тек қолда бар мүмкіндікті орнымен қол­дана білу керек» дейді. Қызу тіршілікке кіріскен кәсіпкер агро­туристік кешеннің құрылысын бастап та кетіпті.

«Біздің қазір тұрып жатқан жеріміз Жібек жолының орталығы бол­ған. Тура сол жолдың үстінде тұрмыз. Ата-бабамыздың жолын жал­ғап, осы жерден кешен салсам деген ой келді. Қазір біраз тірлігін бастап қой­дым. Құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Көрінісі көз тартатын киіз үй қалашығын салу жоспарда бар. Халқымызда отау құрған екі жасты жыл­қыға мінгізіп, үлкендер ақ батасын берген емес пе?! Осы дүниені жаң­ғыртуды ойлап жатырмыз. Біз салып жатқан демалыс кешенінде жас­тарды жылқыға мінгізіп, киіз үйге кіргізсек дейміз. Көлдің үстінен екі қабатты кафе салып жатырмыз. Соның ішінде өзге де рәсімдер өт­кізуге болады. Ары қарай қайықпен жүзеді. Жалпы, келушілер жақсы де­ма­латын көрнекті орын салу үшін қолымыздан келгенін істеп жа­тырмыз. Жақында Президент Қатармен келісімге отырды ғой. Сонда бірнеше құжатқа қол қойды. Соның ішінде туризм де бар. Еліміздегі туризмді дамытуға үлесімді қосқым келеді. Ел астанасына барып, істеп жатқан жұмысымды көрсетсем деймін», – дейді Әбдірахим Қуанышбаев.

Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ