Қазақ баспасөзіне құрмет

Қазақ баспасөзіне құрмет

Қазақ баспасөзіне құрмет
ашық дереккөзі
Қазақ хандығының қазығы қағылған қасиетті Әулиеата өңірі бірнеше күн қатарынан думанды дүбірге бөленді. Алғашқы кезекте Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның туғанына 90 жыл толуы атап өтілсе, кейіннен Жамбыл облыстық Aq jol газетінің ғасырлық белесі сән-салтанатымен тойланды. Енді рет-ретімен баяндасақ. Шындықтың шырақшысы атанған Шерағаның есімі мен еңбегін дәріптеуге Жамбыл жұртшылығы жан-жақты дайындықпен келді. Облыс кө­ле­міндегі бірнеше мектепке, Тараз қаласындағы Баспасөз үйіне, Халықаралық Тараз инновациялық институтына қайраткердің есімі берілді. Аталған оқу ордасының бас ғимаратының алдынан еңселі ескерткіші бой көтерді. Тағылымды той тағзым ету шарасымен басталды. Еңселі ескерткішті облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, ақын, Қа­зақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов, Ха­лық қаһарманы Бақытжан Ертаев, та­ны­мал қайраткер Амалбек Тшанов, академик Ға­рифолла Есім ашты. Ақпарат және қоғам­дық даму министрі Дархан Қыдырәлі Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құт­тықтау хатын оқып берді. «Ақиқаттың ал­даспаны, намыстың наркескені» атанған ар­дақты Шерағаң саналы ғұмырын ұлт ру­ханиятының дамуына арнаған қарымды қа­ламгер, қайраткер тұлға еді. Сөз зергері Шерхан Мұртаза журналис­ти­када тұтас бір буынды тәрбиелеп, та­ланттарға жол ашқан, өзіндік мектебін қа­лыптастырған қазақ баспасөзінің мәуелі бәй­терегі болды. Абыройлы азамат ретінде биік мінберлерде елдік мәселелерді көтеріп, ұлт мүддесі жолында аянбай күресті. Жазушының қаламынан туған құнды туындылар уақытпен бірге жасап, өс­келең ұрпақтың жадында жаңғыра берері анық. Оның қазақ руханиятындағы орны мен жарқын бейнесі ешқашан ұмытыл­май­ды» деп жазылған Президенттің құт­тық­тауын­да. Өз сөзінде қаламгер Нұрлан Оразалин, қоғам қайраткері Амалбек Тшанов, фи­лология ғылымдарының докторы Жан­ғара Дәдебаев және өзге де азаматтар Шер­хан Мұртазаның тұлғалық, қаламгерлік, қай­раткерлік болмысына тоқталды. Ақын, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты Ақұштап Бақ­тыгереева Шерағаңның рухына арнап өлең оқы­са, ақын, жазушы, Қазақстанның Ең­бек Ері Мұхтар Шаханов көпшілікке бата­сын бер­ді. Ескерткіштің ашылу салтанатынан соң көпшілік жазушы рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.  width= Шерағаңның рухын ұлықтаған жиын Іс-шара «Көне Тараз» тарихи-этномә­де­ни кешеніндегі көрме павильонында «Шерхантаным: қазіргі қазақ әдебиеті мен қа­зақ баспасөзінің даму тенденциялары» ат­ты ғылыми-тәжірибелік конференциямен жал­ғасты. Басқосуға ғалымдар, мемлекет жә­не қоғам қайраткерлері, түрлі жоғары оқу ор­нының профессорлары мен оқытушылары, зия­лы қауым өкілдері қатысты. Алдымен жазу­шының өмірі және шығармашылығына қатысты көрме көпшілік назарына ұсыныл­ды. Жиында алғашқы болып құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі Нұржан Нұр­жігітов жазушының рухани мол мұрасы мен құнды туындылары бүгінгі ұрпағының ру­хын көтеріп, еліміздің баянды болашағына қыз­мет ете беретінін атап өтті. – Екі мың жылдан астам тарихы бар Әу­­­­лиеата жері – қазақтың маңдайына біткен жұл­дыздарды дүниеге алып келген тарихи мекен, текті өңір. Мәселен, Жамбыл Жабаев, Ке­нен Әзірбаев, Бауыржан Момышұлы, қазақ ру­ханиятының биік шыңына айналған Шер­хан Мұртаза ағаларымыз – күллі қазақтың мақ­танышына айналған тұлғаларымыз. Шера­ғаңның есімі «Көне Тараз» тарихи-мә­дени кешенінде орналасқан руханият және та­рихтану орталығына, Баспасөз үйіне, төрт мек­теп пен Халықаралық Тараз иннова­ция­лық институтына берілген. Облыс орта­лы­ғын­дағы көшелердің біріне де жазушының есі­мі берілетін болады, – деген Нұржан Нұр­­­­жігітов конференция жұмысына сәттілік тіледі. Бұдан соң Ақпарат және қоғамдық да­му министрі Дархан Қыдырәлі сөз алып, жазушының өмірі және шығар­ма­шы­лық жолы халыққа аянбай қызмет етудің үлгі­сі екенін атап өтті. – Халық жазушысы, тұтас ұрпақтың ұс­тазы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық тойы өзі­­­нің туған топырағы, алтын бесігі Тараз жерін­де тойлануы – заңдылық. Мемлекет бас­шысы арнайы жолдаған құттықтау ха­тын­да Шера­ғаңды қазақ баспасөзінің мәуелі бәй­терегі, намыстың наркескені, шын­дық­тың шырақ­шысы деп бағалады. Сонымен қатар Дархан Қуандықұлы Премьер- Ми­­нистр­­дің де ыс­тық ықыласын жеткізді. – Қазақ баспасөзінің қалыптасуы мен өр­леуі жайында сөз қозғағанда біз Шерхан Мұр­таза жайлы айтамыз. Шерхан Мұртаза ел руханиятының дамуына зор үлес қосты. Елі­міздің саяси және қоғамдық өміріне бел­сене араласып, мемлекет мүддесі үшін қыз­мет етті, – деді Д.Қыдырәлі. Сондай-ақ конференцияда Парламент Се­натының Төрағасы Мәулен Әшім­баев­­тың, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановтың, Ғылым және жоғары бі­лім министрі Нұрбек Саясаттың құттықтау хаттары оқылды. Өз кезегінде мемлекет және қоғам қай­раткерлері Өмірбек Байгелді, та­рих ғылымдарының докторы Мәмбет Қой­гелді, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Уәли­хан Қалижан, Жазушылар одағы төра­ға­сының орынбасары Бауыржан Жақып, Л.Гу­милев атындағы ЕҰУ-дың профессоры Ғари­фолла Есім, Парламент Мәжілісінің де­пу­таты Дархан Мыңбай, жазушы, публицист, Ха­лықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лау­реаты Әмірхан Меңдеке, қоғам қайрат­кері Оразкүл Асанғазы, М.Әуезов атындағы Түркістан облыстық өңірлік университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, про­фессор, академик Дария Қожамжарова, бел­гілі ақын, көсемсөз шебері және аудар­ма­шы Мейірхан Ақдәулетұлы, Мемлекеттік сый­лық­тың иегері, ақын Серік Ақсұңқарұлы, Қа­зақ­станның Еңбек Ері Аягүл Миразова, ақын Ақұштап Бақтыгереева, облыстық мәс­лихаттың депутаты, филология ғылым­дары­ның докторы Ерболат Саурықов сөз сөйлеп, Шер­хан Мұртазаның сан қырлы қызметі, ел­дің саяси және қоғамдық өміріндегі түбе­гей­лі өзгерістерге атсалысуы, әдебиет пен жур­налистиканың дамуына қосқан зор үлесі тура­лы жан-жақты тоқталды. Кон­ференция барысында Халық жазу­шысының 5 томдық шығармалар жинағы мен оның «Ауылды, сені сағынам...» атты кітабының тұсаукесері өтті.  width= Талаптыдағы той Тараз төрінде басталған торқалы той қаламгердің өзі туып-өскен қасиетті Тәңір­таудың етегіндегі Мыңбұлақ жайлауын­да орналасқан Талапты ауылында жалғасты. Онда алдымен аталған ауылдағы Шерағаның өзі тұрған үйі әдеби-мемориалды музей бо­лып салтанатты түрде ашылды. Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және та­рихтану» орталығының директоры Сауран Қалиев Ш.Мұртазаның балалық кезі мен бі­лім алған шағы, студенттік жылдары, жур­налистика және жазушылық қызметі, саяси қыз­метке араласуы, жұмыс кабинеті мен инс­таляциясы орналасқан әдеби-мемо­риал­дық үйді республиканың түкпір-түкпірінен кел­ген қонақтарға кеңінен таныстырды. Жұрт­шылық әдеби-мемориалды музей үйдің кіреберіс қақпасынан бастап, алаңшаға дейін «Шынның жүзі – Шераға» атты фо­то­көр­­меге көз жүгіртті. Сондай-ақ Ш.Уәли­ха­нов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітап­ханасы ұйымдастырған көрме де көп­шілік көңілінен шықты. Өз кезегінде қадір­менді қонақтар бұл үй болашақта өскелең ұрпаққа ұлт руханиятын насихаттайтын орталық ретінде қызмет ететініне сенім білдірді. Бүкіл ғұ­мы­рын ұлт­тық мәдениет пен әдебиеттің дамуы­на арнап, кейінгі ұр­паққа ру­хани бай мұра қал­дырған қа­лам­­гер­дің 90 жы­л­дық мерей­тойы барысында жұрт­шылық ашық алаңдағы сах­­нада А.Тоқ­­па­нов атын­дағы об­лыс­тық қазақ драма театры ұсын­ған Шерхан Мұртазаның өмірі жай­лы «Шер-хан» спектаклінің үзіндісін тама­шалады. Сах­налық көрініс барысында Ш.Мұртаза рөлін Қазақстанның Еңбек сіңір­ген қайраткері Жүніс Әлімбеков, ал бала Шер­ханды Жора­бек Төлеген сомдады. Бұдан кейін облыс әкімі Нұржан Нұр­жі­гітов сөз алып, Шерхан Мұртаза есі­мінің ел жадында жатталғанына жарты ғасырдың шамасы болғанын, осы уақыт аралығында әдебиет пен журналистикаға небір таланттар келіп қосылғанын, олардың ара­сында Шерағаның шоқтығы биіктеп, жұл­дызы еш көмескіленбей, қайта бұрын­ғыдан да жарқырап, әр жүрекке нұр құя түс­­кенін тілге тиек етті. Жұлдызы биік Жуа­лы жері талай тау тұлға азаматтар мен дүл­дүлдерді дүниеге әкелген қасиетті мекен еке­­нін, Шерхан Мұртаза осы қасиетті то­пырақ­та өмірге келіп, ақиқаттың алдас­па­нына айналған тұлғалардың бірі әрі бірегейі бола білгенін айтар ойына тұздық етті. – Бүгінде қолына қалам ұстап жүрген қа­рым­ды журналистің көбі «Шерхан ағамыз­дың шекпенінен шыққан шәкіртпіз» деп мақ­танатыны ақиқат. Мұның айғағы – жақ­сы­лар мен жайсаңдардың басын қосқан алып тұлғаның бүгінгі мерейтойы. Шерхан Мұртаза «Лениншіл жас», «Қа­зақ әдебиеті» газеттерінің, «Жа­лын» журналының редакторы, «Қазақстан» телерадио компаниясының төрағасы сияқты аса жауапты қызметтер атқара жүріп, қоғам үшін аса маңызды тақырыптарды қозғады. «Қы­зыл жебе» романы арқылы қысқа ғұ­мы­рын­­да ұлты үшін үлкен істер тындырған көр­­некті мемлекет қайраткері Тұрар Рыс­құ­лов­­ты елімен қайта қауыштырды. Өзі айт­қан, бүгінде халық арасында мәтелге айнал­ған, оқырманды ойға жетелеп, өмірлік сабақ беретін «Бір кем дүниесі» халқының мәңгілік қа­зынасына айналды. «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмей­тұ­­ғын артына сөз қалдырған» деп хакім Абай айт­­қандай, соңына өлмейтін сөз, ұмытылмас із қал­дырған Шерағаның қаламгерлік, қай­рат­керлік тұлғасы ел жүрегінде мәңгі сақта­лып, туындылары мәңгілік рухани азық бо­латыны сөзсіз, – деген Нұржан Молдиярұлы Шера­­ғаңның мұрасын дәріптеу, ұлттық поэ­­зия­­мызды насихаттау, ата дәстүр рухын ұлық­­­­тау мақсатында облыс әкімдігінің ұйым­­дас­тыруымен өткен «ШЫННЫҢ ЖҮЗІ – ШЕРАҒА» атты республикалық ақындар мү­­­шәйрасы мен «Ақиқаттың ақ туы» атты ре­с­пу­бикалық қаламгерлер байқауының жеңім­­паздарын марапаттады. Марапаттау бары­­сында бас-аяғы 12 ақын-жазушы дип­лом және алғысхат пен бағалы сыйлықтарға ие болды. Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерей­­тойына келген белгілі қоғам қайраткерлері, мәдениет және өнер май­тал­мандары мен қаламгерлердің ішінде сөз ал­ғандар ақиқаттың алдаспанына айналған Халық жазушысының туған жеріне ұлы тұлға туралы ар алдындағы адал сөзін айтуға келгенін аңғартты. Мәселен, зиялы қауым­ның ішінде алғашқылардың бірі болып сахнаға көтерілген Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов бата беріп, ел-жұрттың тек шын­дық, елдік-ұлттық, рухани-парасат биі­гі­нен көрінуін тіледі. – Мен осы ауданда туып-өстім. Сегіз ай­лы­­­ғымда әкем өмірден өткен екен. Есімді біліп қалған кезде көрші тұрған бір үйде әке­сі баласын сабап жатқан жайтты көріп, жы­­­лағаным бар. Сонда шешем: «Сен неге жы­­лап жатсың, ол сені емес, өз баласын ұрып жатқан жоқ па?!» деп маған таңдана қара­ды. Сонда мен өзімді ұратын әке жоқ еке­нін айтып көзіме жас алған едім. Бірақ осы Жуалы жұрты менің әкем де, шешем де бол­ды. Осы жерде Баукеңдей батыр, Шерхан­дай шындық іздеген батыл тұлғалар өмірге келді. Біз осындай тұлғалармен бақыттымыз, осын­дай тұлғалармен мақтанамыз. Қайбір жылы Астана қаласында Бауыр­жан Момышұлының еңселі ескерткіші ор­на­тылды. Жыл сайын желтоқсан айында сол ескерткішке барып, гүл шоқтарын қоюды дәс­түрге айналдырғанмын. Бірақ Баукеңнің ес­керткіші елордада жалғызсырап тұр, маңайында басқа ешкімнің ескерткіші жоқ. Сол үшін оның қасына Шерхан Мұртазаның ескерткішін орнатсақ деген ұсынысым бар, – деді Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев. Бұдан кейінгі сөзді академик, мем­ле­кет­тік сыйлықтың иегері Оразалы Сәб­ден алып, Парламент Мәжілісінің екі бір­дей шақырылымында Ш.Мұртазамен әріп­тес болғанын, ұлт мүддесі таласқа түс­кен­де аз ғана топ қарсылық білдірсе, оларға Ш.Мұртаза бас болғанын, Парламенттің таратылуына Шерағаның шындығы себеп болғанын тілге тиек етті. Qazaqstan dauiri ЖШС бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, Жамбыл облысының құр­метті азаматы Сәуле Мешітбайқызы жур­налистика саласына өте кеш келгенін, әр­дайым Шерхан Мұртазадан ағасы ретінде ақыл-кеңес алып тұрғанын айтты. Іс-шара барысында «Жай отынан жара­тылған намысы» атты облыстық ақын­дар ай­тысы жеңімпаздарының жұптық сайы­сы мен айтулы өнер жұлдыздары кон­церт­тік бағ­дарламасы жұртшылық назарына ұсы­ныл- ды.  width= Ғасырлық тарихы бар басылым Осылайша, жоғары деңгейде өткен тағылымды той ертеңінен ауқымды бас­пасөз мерекесіне ұласты. Тараз қаласын­дағы «Баласағұн» орталық концерт залында өткен Жамбыл облыстық Aq jol газетінің 100 жыл­дық мерейтойына жиналған көпші­лік­тің қарасы қалың болды. Әуелі меймандар ең­се­лі ғимараттың фойесінде өңірлік басы­лым­ның 100 жылдық тарихын қамтыған «Ға­сыр шежіресі» кітабының тұсаукесеріне қа­­­тысып, аталмыш газеттің фототілшісі Аға­діл Рысмаханның «Таспада қалған тарих» ат­ты фотокөрмесін тамашалады. Газеттің кешегісі мен бүгінін жан-жақ­ты қамтыған «Ғасыр шежіресі» атты сал­танатты жиын басылымның өткенінен қал­ған естеліктерден әзірленген бейнеролик­ті көрсетумен басталды. Салтанатты сәтте облыс әкімі Нұржан Нұр­жігітов барша жамбылдықты құт­тық­тап, ізгі тілегін арнады. – Облыс баспасөзінің киелі шаңырағы Aq jol газетінің алғашқы нөмірі жарық көр­ге­ніне 100 жыл толған мерейтойы бәрімізге ортақ. Бұл – қазақ баспасөзінің мерейлі мере­кесі. Бұл мереке қара сөздің зергері, шын­дықтың шырақшысы атанған Шерхан Мұр­тазаның 90 жылдық мерейтойымен тұс­па-тұс келіп отыр. Кезінде Шерағаң осы бере­келі ұжымға ақ батасын беріп: «Aq jol га­зе­тін республикадағы ең айбынды, ха­лық­қа қадірлі газеттің бірі деп білеміз. Лайым, сол абырой аласармасын, қаламгерлердің де, оқыр­мандардың да құрметіне бөлене бер­сін!» деп жүрекжарды тілегін арнаған бо­ла­тын. Шынында, Aq jol газетінің мерейтойы бір өңірдің ғана емес, қазақ баспа­сөзі­нің мерейлі белесі. Бұл газет – еліміздегі ең байырғы басылымдардың бірі. Оның ел өмі­ріндегі тарихи рөлі зор. Жарық көргеніне 1 ғасыр болған басылым тұтас ұлттың тари­хы мен тәуелсіз мемлекетті қалыптастыру ке­зеңін талмай жазып, өткен 100 жылдық­тың шежіресіне айналып отыр. Ұлттық мүд­денің ұраншысына айналып, тәуелсіз­дік­тің тұғырын нығайтуға белсене атсалысты. Қан­дай заман, қандай кезең болса да бас­па­сөз ұлттың үні, рухтың жыры болып қала бе­ре­тіні анық. Басылым өзінің өткір де ба­тыл мақалаларымен егемен елдің еңсесін тік­теді. Бүгінде уақыт талабына сай бұл газет жаңа­ша түрленіп, заман ағымына сай дамып ке­леді. Яғни, ғасырлық тойын жаңа жетіс­тік­термен, толайым табыстармен қарсы алып отыр, – деген аймақ басшысы, газеттің ар­дагері Тұрсынхан Толқынбайұлына «Қа­зақстанның құрметті журналисі» атағын жә­не бірқатар қызметкерге облыс әкімінің ал­ғысхатын тапсырды. Сонымен қатар Aq jol газетінің 100 жыл­дығына орай жарияланған «Aq jol га­зеті: Қазақ баспасөзінің бүгіні мен ертеңі» ат­ты республикалық конкурстың жүл­де­гер­лерін облыс әкімінің арнайы жүлдесімен марапаттады. Мерейтойға алыстан арнайы келген мей­мандар – Парламент Сенаты­ның депутаты Абдалы Нұралиев және Пар­ламент Мәжілісінің депутаттары Дархан Мың­бай, Мейрамбек Төлепберген, Жанарбек Әшім­жан, Гүлдара Нұрымова да ізгі тілек­терін білдіріп, мерейтоймен құттықтады. Тарихы тым тереңде жатқан Aq jol-дың мерейлі жасымен республика­лық «Egemen Qazaqstan» газеті» АҚ басқарма төрағасы Дихан Қамзабекұлы, «Хабар» Агент­тігі» АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли құт­тықтап, ардагер журналист Махамбетәлі Дүйсебаевқа, Aq jol газеті бас редакторының орынбасары Фариза Әбдікерімоваға және AR-AI газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұл­­­танбекке «Ақпарат саласының үздігі» төс­белгісін табыстады. «Айқын-Литер» ЖШС бас лиректоры Ысқақ Егемберді мен халық­ара­лық túrkistan газетінің бас редакторы Бауыр­жан Бабажанұлы қуанышқа ортақ­та­сып, «AMANAT» партиясының атқарушы хат­шысы А.Ораловтың атынан алғысхат та­быс етті. Салтанатты жиынды қорытындылаған Aulieata-media жауапкершілігі шек­теулі серіктестігінің бас директоры Оралхан Дәуіт қуанышты бөлісіп келген барша жұрт­шы­лыққа ұжым атынан ризашылығын жет­кізді. – Біз мерейтойды ас ішіп, аяқ босататын құр басқосу етпей, өсіп келе жатқан жас ұр­пақ­қа үлгі-өнеге боларлықтай, артында ма­ғы­налы із қаларлықтай шаралармен ұйым­дастыруды көздедік. Сол мақсатпен басы­лым­ның ғасыр тойын жыл басынан түрлі іс-шарамен бастаған болатынбыз. Осы жұ­мысымызға қолдау көрсеткен облыс бас­шылығына айтар алғысымыз зор. Газеттің тойы – халықтың тойы. Себеб басылым осынау 100 жылдық тарихында талай тар жол, тайғақ кешу өткелдерінен өтті. Уақыт ағымымен заман қалай өзгерсе де Aq jol өзінің ақ жолынан тайған жоқ. Бүгінгідей техника дамыған, жаңашыл заманда да өз оқырмандарының талабынан табылып, талғамына сай болуға жан-жақты ізденісте. Яғни, Aq jol-дың алар асуы әлі алда. Бар­шаңызға Aq jol-дың жасын берсін! Әрдайым жол­дарыңыз ақ болсын! Aq jol-мен бірге бо­лыңыздар, – деді Оралхан Әбдірашұлы. Басылымның мерейтойында Кенен Әзірбаев атындағы облыстық фи­лар­мо­ния­ның өнерпаздары ән-бимен шашу шаш­ты.

Тұрсынбек Темірланұлы, Жамбыл облысы