Жаңалықтар

Қазақ баспасөзіне құрмет

ашық дереккөзі

Қазақ баспасөзіне құрмет

Қазақ хандығының қазығы қағылған қасиетті Әулиеата өңірі бірнеше күн қатарынан думанды дүбірге бөленді. Алғашқы кезекте Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның туғанына 90 жыл толуы атап өтілсе, кейіннен Жамбыл облыстық Aq jol газетінің ғасырлық белесі сән-салтанатымен тойланды. Енді рет-ретімен баяндасақ. Шындықтың шырақшысы атанған Шерағаның есімі мен еңбегін дәріптеуге Жамбыл жұртшылығы жан-жақты дайындықпен келді. Облыс кө­ле­міндегі бірнеше мектепке, Тараз қаласындағы Баспасөз үйіне, Халықаралық Тараз инновациялық институтына қайраткердің есімі берілді. Аталған оқу ордасының бас ғимаратының алдынан еңселі ескерткіші бой көтерді. Тағылымды той тағзым ету шарасымен басталды. Еңселі ескерткішті облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, ақын, Қа­зақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов, Ха­лық қаһарманы Бақытжан Ертаев, та­ны­мал қайраткер Амалбек Тшанов, академик Ға­рифолла Есім ашты. Ақпарат және қоғам­дық даму министрі Дархан Қыдырәлі Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құт­тықтау хатын оқып берді. «Ақиқаттың ал­даспаны, намыстың наркескені» атанған ар­дақты Шерағаң саналы ғұмырын ұлт ру­ханиятының дамуына арнаған қарымды қа­ламгер, қайраткер тұлға еді. Сөз зергері Шерхан Мұртаза журналис­ти­када тұтас бір буынды тәрбиелеп, та­ланттарға жол ашқан, өзіндік мектебін қа­лыптастырған қазақ баспасөзінің мәуелі бәй­терегі болды. Абыройлы азамат ретінде биік мінберлерде елдік мәселелерді көтеріп, ұлт мүддесі жолында аянбай күресті. Жазушының қаламынан туған құнды туындылар уақытпен бірге жасап, өс­келең ұрпақтың жадында жаңғыра берері анық. Оның қазақ руханиятындағы орны мен жарқын бейнесі ешқашан ұмытыл­май­ды» деп жазылған Президенттің құт­тық­тауын­да. Өз сөзінде қаламгер Нұрлан Оразалин, қоғам қайраткері Амалбек Тшанов, фи­лология ғылымдарының докторы Жан­ғара Дәдебаев және өзге де азаматтар Шер­хан Мұртазаның тұлғалық, қаламгерлік, қай­раткерлік болмысына тоқталды. Ақын, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты Ақұштап Бақ­тыгереева Шерағаңның рухына арнап өлең оқы­са, ақын, жазушы, Қазақстанның Ең­бек Ері Мұхтар Шаханов көпшілікке бата­сын бер­ді. Ескерткіштің ашылу салтанатынан соң көпшілік жазушы рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Талаптыдағы той Тараз төрінде басталған торқалы той қаламгердің өзі туып-өскен қасиетті Тәңір­таудың етегіндегі Мыңбұлақ жайлауын­да орналасқан Талапты ауылында жалғасты. Онда алдымен аталған ауылдағы Шерағаның өзі тұрған үйі әдеби-мемориалды музей бо­лып салтанатты түрде ашылды. Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және та­рихтану» орталығының директоры Сауран Қалиев Ш.Мұртазаның балалық кезі мен бі­лім алған шағы, студенттік жылдары, жур­налистика және жазушылық қызметі, саяси қыз­метке араласуы, жұмыс кабинеті мен инс­таляциясы орналасқан әдеби-мемо­риал­дық үйді республиканың түкпір-түкпірінен кел­ген қонақтарға кеңінен таныстырды. Жұрт­шылық әдеби-мемориалды музей үйдің кіреберіс қақпасынан бастап, алаңшаға дейін «Шынның жүзі – Шераға» атты фо­то­көр­­меге көз жүгіртті. Сондай-ақ Ш.Уәли­ха­нов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітап­ханасы ұйымдастырған көрме де көп­шілік көңілінен шықты. Өз кезегінде қадір­менді қонақтар бұл үй болашақта өскелең ұрпаққа ұлт руханиятын насихаттайтын орталық ретінде қызмет ететініне сенім білдірді. Бүкіл ғұ­мы­рын ұлт­тық мәдениет пен әдебиеттің дамуы­на арнап, кейінгі ұр­паққа ру­хани бай мұра қал­дырған қа­лам­­гер­дің 90 жы­л­дық мерей­тойы барысында жұрт­шылық ашық алаңдағы сах­­нада А.Тоқ­­па­нов атын­дағы об­лыс­тық қазақ драма театры ұсын­ған Шерхан Мұртазаның өмірі жай­лы «Шер-хан» спектаклінің үзіндісін тама­шалады. Сах­налық көрініс барысында Ш.Мұртаза рөлін Қазақстанның Еңбек сіңір­ген қайраткері Жүніс Әлімбеков, ал бала Шер­ханды Жора­бек Төлеген сомдады. Бұдан кейін облыс әкімі Нұржан Нұр­жі­гітов сөз алып, Шерхан Мұртаза есі­мінің ел жадында жатталғанына жарты ғасырдың шамасы болғанын, осы уақыт аралығында әдебиет пен журналистикаға небір таланттар келіп қосылғанын, олардың ара­сында Шерағаның шоқтығы биіктеп, жұл­дызы еш көмескіленбей, қайта бұрын­ғыдан да жарқырап, әр жүрекке нұр құя түс­­кенін тілге тиек етті. Жұлдызы биік Жуа­лы жері талай тау тұлға азаматтар мен дүл­дүлдерді дүниеге әкелген қасиетті мекен еке­­нін, Шерхан Мұртаза осы қасиетті то­пырақ­та өмірге келіп, ақиқаттың алдас­па­нына айналған тұлғалардың бірі әрі бірегейі бола білгенін айтар ойына тұздық етті. – Бүгінде қолына қалам ұстап жүрген қа­рым­ды журналистің көбі «Шерхан ағамыз­дың шекпенінен шыққан шәкіртпіз» деп мақ­танатыны ақиқат. Мұның айғағы – жақ­сы­лар мен жайсаңдардың басын қосқан алып тұлғаның бүгінгі мерейтойы. Шерхан Мұртаза «Лениншіл жас», «Қа­зақ әдебиеті» газеттерінің, «Жа­лын» журналының редакторы, «Қазақстан» телерадио компаниясының төрағасы сияқты аса жауапты қызметтер атқара жүріп, қоғам үшін аса маңызды тақырыптарды қозғады. «Қы­зыл жебе» романы арқылы қысқа ғұ­мы­рын­­да ұлты үшін үлкен істер тындырған көр­­некті мемлекет қайраткері Тұрар Рыс­құ­лов­­ты елімен қайта қауыштырды. Өзі айт­қан, бүгінде халық арасында мәтелге айнал­ған, оқырманды ойға жетелеп, өмірлік сабақ беретін «Бір кем дүниесі» халқының мәңгілік қа­зынасына айналды. «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмей­тұ­­ғын артына сөз қалдырған» деп хакім Абай айт­­қандай, соңына өлмейтін сөз, ұмытылмас із қал­дырған Шерағаның қаламгерлік, қай­рат­керлік тұлғасы ел жүрегінде мәңгі сақта­лып, туындылары мәңгілік рухани азық бо­латыны сөзсіз, – деген Нұржан Молдиярұлы Шера­­ғаңның мұрасын дәріптеу, ұлттық поэ­­зия­­мызды насихаттау, ата дәстүр рухын ұлық­­­­тау мақсатында облыс әкімдігінің ұйым­­дас­тыруымен өткен «ШЫННЫҢ ЖҮЗІ – ШЕРАҒА» атты республикалық ақындар мү­­­шәйрасы мен «Ақиқаттың ақ туы» атты ре­с­пу­бикалық қаламгерлер байқауының жеңім­­паздарын марапаттады. Марапаттау бары­­сында бас-аяғы 12 ақын-жазушы дип­лом және алғысхат пен бағалы сыйлықтарға ие болды. Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерей­­тойына келген белгілі қоғам қайраткерлері, мәдениет және өнер май­тал­мандары мен қаламгерлердің ішінде сөз ал­ғандар ақиқаттың алдаспанына айналған Халық жазушысының туған жеріне ұлы тұлға туралы ар алдындағы адал сөзін айтуға келгенін аңғартты. Мәселен, зиялы қауым­ның ішінде алғашқылардың бірі болып сахнаға көтерілген Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов бата беріп, ел-жұрттың тек шын­дық, елдік-ұлттық, рухани-парасат биі­гі­нен көрінуін тіледі. – Мен осы ауданда туып-өстім. Сегіз ай­лы­­­ғымда әкем өмірден өткен екен. Есімді біліп қалған кезде көрші тұрған бір үйде әке­сі баласын сабап жатқан жайтты көріп, жы­­­лағаным бар. Сонда шешем: «Сен неге жы­­лап жатсың, ол сені емес, өз баласын ұрып жатқан жоқ па?!» деп маған таңдана қара­ды. Сонда мен өзімді ұратын әке жоқ еке­нін айтып көзіме жас алған едім. Бірақ осы Жуалы жұрты менің әкем де, шешем де бол­ды. Осы жерде Баукеңдей батыр, Шерхан­дай шындық іздеген батыл тұлғалар өмірге келді. Біз осындай тұлғалармен бақыттымыз, осын­дай тұлғалармен мақтанамыз. Қайбір жылы Астана қаласында Бауыр­жан Момышұлының еңселі ескерткіші ор­на­тылды. Жыл сайын желтоқсан айында сол ескерткішке барып, гүл шоқтарын қоюды дәс­түрге айналдырғанмын. Бірақ Баукеңнің ес­керткіші елордада жалғызсырап тұр, маңайында басқа ешкімнің ескерткіші жоқ. Сол үшін оның қасына Шерхан Мұртазаның ескерткішін орнатсақ деген ұсынысым бар, – деді Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев. Бұдан кейінгі сөзді академик, мем­ле­кет­тік сыйлықтың иегері Оразалы Сәб­ден алып, Парламент Мәжілісінің екі бір­дей шақырылымында Ш.Мұртазамен әріп­тес болғанын, ұлт мүддесі таласқа түс­кен­де аз ғана топ қарсылық білдірсе, оларға Ш.Мұртаза бас болғанын, Парламенттің таратылуына Шерағаның шындығы себеп болғанын тілге тиек етті. Qazaqstan dauiri ЖШС бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, Жамбыл облысының құр­метті азаматы Сәуле Мешітбайқызы жур­налистика саласына өте кеш келгенін, әр­дайым Шерхан Мұртазадан ағасы ретінде ақыл-кеңес алып тұрғанын айтты. Іс-шара барысында «Жай отынан жара­тылған намысы» атты облыстық ақын­дар ай­тысы жеңімпаздарының жұптық сайы­сы мен айтулы өнер жұлдыздары кон­церт­тік бағ­дарламасы жұртшылық назарына ұсы­ныл- ды.