Ұлттық байлықтан үлес тие ме?
Ұлттық байлықтан үлес тие ме?
Президент мемлекеттің ел экономикасындағы үлесін бірте-бірте азайту, мемлекет активтерін жекешелендіру мен ұлттық компанияларды IPO-ға шығару туралы бірнеше рет айтқан болатын. Биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауда бұл тақырып тағы бір мәрте қозғалды.
Маусымның аяғында «Самұрық-Қазына» «ҚазМұнайГаз» акцияларының бір бөлігі халықтық IPO-ға шығарылатынын мәлімдеген болатын.
Сонымен, IPO дегеніміз не? Бастама қарапайым халыққа ұлттық байлықтан үлес алуға мүмкіндік бере ме?
IPO дегеніміз не?
IPO, толығырақ айтсақ, Initial Public Offering дегеніміз – қандай бір компанияның өз акцияларын көпшілікке сатып алуға алғаш рет ұсынуы. Егер IPO халықтық болса, онда компания акциялары бірінші кезекте сол мемлекеттің тұрғылықты халқына ұсынылады.
Негізінен, мұндай бастама акциялардың толық немесе бақылау пакетін мемлекет иеленетін кәсіпорындарда болады. Осы арқылы халық елдегі ірі компаниялардың акциясын сатып алу арқылы қосымша табыс табуға мүмкіндік алады, одан бөлек басқару ісіне қатыса алады.
Мемлекеттік кәсіпорындарды IPO жолымен жекешелендіру науқаны бізде 2011 жылы басталған болатын. Дегенмен акциясы сатылымға шығады деп жоспарланған компаниялар IPO-ға қатыспай қалып, бастаманың нәтижесі күткендегідей болмаған еді.
2020 жылғы 29 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтық IPO» бағдарламасын қайта жаңғыртуды тапсырды.
Ал биылғы қыркүйектегі жолдауда ел игілігін халыққа теңдей бөлу мәселесіне тоқталып, «Самұрық-Қазынаның» активтері мен акциялары жекеге өтуі керек екенін, ол үшін халықтық IPO тәсілін қолдануға болатынын айтқан болатын.
– «Самұрық-Қазына» қоры экономиканың басты салаларына бақылау жасауға ғана мүмкіндік беретін мажоритарлы үлесі бар инвесторға айналады. Қордың басқа активтері мен акцияларын жекешелендіру керек. Оны жүзеге асыруға «Халықтық ІРО» тәсілін де қолдануға болады, – деді Президент.
«ҚазМұнайГаз» акциялары
IPO-ға шықпақ
10 қазанда «Самұрық-Қазынаның» ресми өкілі «ҚазМұнайГаз» «Халықтық IPO-ға» желтоқсан айының басында шығады деп жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Бастама 10 желтоқсанға дейін аяқталады. Қазір бағалау жүргізіліп, инвесторларға қандай акциялар пакеті ұсынылатыны шешіліп жатыр.
Қазір алаяқтардың Қазақстан азаматтарын «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына қаржы салуға шақырып, арнайы сайт, мобильді қосымша құрып, әлеуметтік желілерде парақшалар ашып, жалған ақпарат таратуы жиілеп кетті. Ал компания өкілдері мұндай ақпаратқа сенбеу керек екенін, ресми мәлімет тек компания сайттарында дарияланатынын ескертеді.
Ал SkyBridge Invest басқарма төрайымы Шолпан Айнабаева «ҚазМұнайГаздың» 25 пайыздық үлесін ұсынуды жоспарлап отырғандарын мәлімдеді. SkyBridge Invest ҚМГ-ның IPO бойынша кеңесшісі болып саналатынын айта кетейік.
– Қазірдің өзінде «ҚазМұнайГаздағы» мемлекет үлесін иеленудің шекті деңгейін 75 пайызға дейін төмендету туралы Үкімет қаулысына түзетулер енгізіліп жатыр, – деп атап өтті Шолпан Айнабаева ҚМГ-нің IPO-ға арналған қоғамдық кеңесінде.
Қордың ресми өкілі Ернар Жанәділдің айтуынша, осы мәселеге бастамашылық ету үшін қордың атынан Премьер-Министрге хат жолданған. Алдын ала шешім қазан айының соңына дейін белгілі болады.
– Біз «Қазатомпромның» ісін аналогия ретінде қабылдадық. Үкіметтің бір критерийі бар: стратегиялық салаларда бақылауды сақтау, ал мұнай-газ саласы – стратегиялық сала. Бақылауды сақтау үшін акциялардың басым бөлігін үкіметке, яғни 75 пайызын қалдыру ұсынылды. Бұл – ең жақсы нұсқа, – деді ол.
Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, акцияларды AIX және KASE платформаларында орналастыру жоспарланып отыр.
KASE мәліметтері бойынша, 2022 жылғы шілдедегі жағдай бойынша «ҚазМұнайГаз» ҰК-ның 90,42 пайызы «Самұрық-Қазына» қорына, 9,58 пайызы Қазақстан Республикасының Ұлттық банкіне тиесілі. Сонымен қатар инвесторлар үшін «бір қолға» бағалы қағаздарды сатып алуға шектеу қою жоспарланбайтыны айтылды.
Жалпы, ІРО мемлекеттік компанияларды жекешелендірудің салыстырмалы түрде әділ жолы деп саналады. Дегенмен бастаманың басқа қандай артықшылығы мен олқылығы болуы мүмкін? Бұдан бұрынғы тәжірибелерден не үйрендік? Сарапшы мамандардан сұрап көрдік.
Бауыржан ИСКАКОВ,
э.ғ.к,
«Болашақ» халықаралық бағдарламасының стипендиаты,
М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің тағылымдамашысы:
Ақпараттық саясат ашық болуы өте маңызды
– Халықтық IPO барлық дамыған мемлекеттерде экономиканы әртараптандырудың бір жолы ретінде қалыптасқан жүйе саналады. Біз әлі де шикізатты өндіріп, соны сату арқылы экономиканы тұрақтандырып отырмыз. Ал шикізат сарқылатын ресурс болғандықтан, біз бұл нарықтан қалыпты, тұрақты, экономиканы алып кететін нарықтың басқа бір сегменттерін қалыптастыруымыз керек. Яғни, әртараптандырудың мақсаты – осы. Бұл бағытта бұл бастама өте тиімді.
Халықтық IPO табысты азаматтарға табысты компаниялардың акцияларына ие болып, одан пайда табуға мүмкіндік береді. Қазір артық ақшасы бар азаматтар оны қалай сақтауды, қайда сақтауды білмейді, сөйтіп экономикаға тиімді емес салаларға салады. Пассивті операция дейміз, екінші деңгейлі банктерден депозит ашып, жылына 15 пайыз үстемесін алады немесе жылжымайтын мүлікке салады.
Жалпыхалықтық IPO-ны тиімді ұсына алатын болсақ, ол екі тарапқа да, мемлекетке де халыққа да пайдалы болады. Өйткені халықтық ІРО мемлекеттік компанияларға қаржысын өндіріс пен кәсіпорынды кеңейтуге және жаңартуға салуға мүмкіндік береді. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» 5 пайыз акциясын нарыққа сатуға шығарса, бұдан түскен табыс ол ҚМГ-ның кәсіпорындарын модернизациялауға мүмкіндік береді. Акцияларды алған адамдар үшін де үлкен мүмкіндік.
Баршамызға белгілі, 2012 жылы «ҚазТрансОйл» өзінің 10 пайыз акциясын сатқан болатын. Әр акциясын 715 теңгеден сатты. Нарықта түрлі макроэкономикалық факторға байланысты өз табысын болжай алмайтын компаниялар бар. Ал «ҚазТрансОйл» тасымалдаушы компания болғандықтан, мұнай-газ бағасы түссін, түспесін табысты болатынын, өзінің нарықтағы бағасын 5-6 жылға дейін бекітіп қояды. Сол үшін де оны нарыққа шығардық. Шамамен 34-35 мың қазақстандық жеке тұлға сатып алды. Қазір «ҚазМұнайГаз» нарыққа акцияларын шығармақ.
«Неге «ҚазМұнайГаз?» деген сұраққа жауап беріп өтсек. Жалпы, қазір Brent маркалы мұнай бағасы 100 доллардан да қымбат болып отыр. Тіпті, 2020 жылдары 90-95-ке дейін төмендегеннің өзінде, нарыққа компанияның акцияларын шығару тиімді, ыңғайлы болады. Яғни, мұнайға деген сұраныстың жоғарылауы, басқа да факторлардың әсерінен «ҚазМұнайГаздың» табысы тұрақты. Екіншіден, қыс кезінде мұнайға деген сұраныс жоғарылайтыны белгілі.
Дегенмен біз кей нәрселерді ескеруіміз керек. Мысалмен айтар болсам, 2006 жылы Ресей өзінің «Роснефть» акциясын сатуға шығарды. Бір ай қалғанда жаппай жарнамалай бастады. Сөйтіп, соңында 115 мың жеке тұлға әрбір акцияны 203 теңгеден сатып алды. 250 миллион долларға сатылды. Дегенмен бастама көңіл көншітерліктей нәтиже бермеді. Неге? Себебі акцияларды сатып алғаннан кейін дивидендтен пайда табамыз дегеннің өзінде, құны керісінше құлдырап кетті. Бір жарым жылдың өзінде 12 пайыз ғана өсім көрсетті, бірақ ол жылдық инфляция деңгейімен бірдей болғандықтан, 75 мыңға тарта ресейлік акционер үлкен шығынға батты.
Ал акция сатып алушылар, эмитенттер бағалы қағаздары сақталып тұруы үшін комиссия төлейтінін білмеген екен. «Сбербанк» «Роснефттегі» акцияларының сақталуы үшін әр акцияға айына 50 рубльден ұстап отырған. Бұл қарапайым адамдардың акциядан көретін табысы, яғни дивидендтерінің төмендеуіне алып келді. Сатып алынған акцияларды қайта сату үшін брокерлік компанияларға қосымша ақы төлеу керектігін де білмеген. Яғни, ақпарат жеткіліксіз болған.
Үшінші, Ресейде акцияны сату кезінде сатып алынған және сатылғаннан кейінгі, яғни сатып алынған акцияны қайта сатуға мүмкіндік туса, сол екі аралықта табыс түскен болса, айырмаға кіріс салығы салынатынын білмеген.
Сол үшін осындай халықаралық тәжірибелердің нәтижесін сараптай отырып, біз де алда болатын халықтық ІРО-ны насихаттау кезінде мыналарды ескеруіміз керек.
Бірінші, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруымыз керек. Халыққа неғұрлым көп ақпарат берілуі керек. Олигархтар мен олардың топтары емес, мейлінше қарапайым халықтың атсалысуына да жағдай жасалғаны жөн.
Бұл акциялар нарықтық бағада сатылуы керек. Сонымен қатар ақпараттық саясат ашық болуы да маңызды. Әрбір акционер, ол қанша акция алса да дивидендтерді бөлу кезіндегі жұмыстардың барлығы көз алдымызда болуы керек.
Қаржылық сауаттылығын арттыру үшін отандық мамандарды тарту мәселесі назардан тыс қалмаса дейміз. Бюджет ақшасын шығындамай, өз мамандарымызға да басымдық беруіміз керек. Және қарапайым халыққа ақпарат қарапайым, түсінікті тілде жеткізілуі керек деп ойлаймын.
Қорыта айтқанда, бастаманың тиімді тұсы көп, осы арқылы халықтың құнды қағаздармен жұмыс істеу дағдысын дамытуға болады. Дегенмен атқарылу жағынан олқылықтар болса, ойдағы дүние орындалмауы мүмкін. «ҚазМұнайГаз»-ға қатысты нақты ақпарат айдың аяғына дейін жариялануға тиіс. Сол кезде акциялардың бағасы да нақтыланып қалады.