Жаңалықтар

Екі күн тоқтаусыз жүгірген әскери қызметші еліміздің рекордын жаңартты

ашық дереккөзі

Екі күн тоқтаусыз жүгірген әскери қызметші еліміздің рекордын жаңартты

Құрлық әскерлері әскери институтының «Әли» оқу-жаттығу орталығы қамтамасыз ету ротасы жауынгерлік көлігінің командирі, 3-сыныпты сержант Рауан Абылханов ультрамарафонды сәтті аяқтады деп хабарлады turkystan.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап. Республика күні қарсаңында ол «Әли» оқу-жаттығу орталығынан Алматы облысының Шелек ауданы бағытында 48 сағат ішінде 350 шақырымды жүгіріп өтемін деп сөз берген. 26 қазанда марафоншыны мәре сызығында институт басшылығы, әріптестері, туыстары мен достары қарсы алды. «Табандылық пен жеңіске деген ерік-жігердің арқасында 3-сыныпты сержант Рауан Әбілханов 47 сағат 23 минутта межелі қашықтықты жүгіріп өтіп, рекорд орнатты. Рауан – өз мақсатына жетуде бар-күш жігерін аямаған нағыз жауынгер», - деді әскери институт бастығының бірінші орынбасары, подполковник Жәнібек Сарғазин. Рауан Әбілхановтың жеңіл атлетикамен айналысқанына он жылдан асыпты. Рекордсмен – Алматыда және еліміздің Қарулы күштерінде өткен бірнеше марафондардың жеңімпазы. «Бұл - менің ғана емес, барлық әріптестерімнің, туыстарымның, достарымның жеңісі. Олардың сенімі мен үмітін ақтау үшін бар күш-жігерімді салдым», – дейді Рауан Әбілханов. Марафоншының құрметіне өткен салтанатты жиында Қазақстан Рекордтар кітабының өкілдері оған тиісті сертификат табыс етті. Ал достары Kia Rio автокөлігін сыйға тартты.