Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық қоғамдық штабқа барды

ашық дереккөзі

Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық қоғамдық штабқа барды

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде Республикалық қоғамдық штабқа (РҚШ) барып, үгіт-насихат және талдау орталықтарының, кандидаттың қоғамдық қабылдау бөлмесінің, медиа-штабтың, сенімді өкілдердің жұмысын үйлестіру орталығының,  байқаушылар штабының, жастар алаңының жұмысымен танысты.

Республикалық қоғамдық штабтың құрамына 474 адам енген. Олардың арасында Халықтық коалицияға біріккен ұйымдардың белгілі азаматтары, ғылыми-сарапшылық қауымдастық өкілдері, Парламент депутаттары, жастар және басқа да тұлғалар бар. Еліміздің әр өңірінде, оның ішінде қалалар мен аудандарда 226 штаб құрылып, 6 мыңнан астам адам қызмет етеді.

РҚШ мүшелері еліміздегі 200-ден астам елді мекенді аралап шығуды жоспарлап отыр. Республикалық және өңірлік штабтар 52 мыңнан аса іс-шара өткізбек.

Жалпы, үгіт-насихат жұмыстарына Халықтық коалицияның 7,5 мың белсендісі тартылды. Сондай-ақ 30 мың сенімді өкіл тіркеліп, сайлау күні барлық учаскелерде жұмыс істеу үшін 20 мыңға жуық бақылаушы дайындалды.

Республикалық және өңірлік қоғамдық штабтардың жұмысы туралы ақпаратты тыңдаған Қасым-Жомарт Тоқаев барлығына сенім артқаны үшін алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

Сайланған жағдайда Президент лауазымындағы жұмысында әділетті мемлекет, әділетті экономика, әділетті қоғам сынды үш негізгі қағидатты ұстануға ниетті.

Сөз соңында ол тарихи таңдау жасауға шақырды.

Бәріміз халық алдында жауаптымыз. Бұл – біздің бірегей мүмкіндігіміз. Түбегейлі өзгерістер мен батыл шешімдер қабылдайтын уақыт жетті. Енді басқа мүмкіндік болмайды. Біз елімізді дамытудың және ілгерілетудің даңғыл жолына шығарып, Әділетті Қазақстанды құруға міндеттіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.