Жаңалықтар

«Айтұяқ», «Деңгене»: ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлер

ашық дереккөзі

«Айтұяқ», «Деңгене»: ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлер

Қазақта «Алты жыл аш болсаң да, атаңның салтын ұмытпа» деген мақал бар. Салт-дәстүрлер халықтың наным-сенiміне, өмiрге деген көзқарасына байланысты, ұрпақтан-ұрпаққа берiлгенде өзгеріп немесе мүлде ұмытылып қалуда. Қазiр заман ағымына сай кейбiреулерi түрленiп қана қоймай, жаңадан енiп те жатыр. Осы орайда, біз ұмыт бола бастаған, қолданыстан шығып қалған дәстүрлердің кейбіреуін еске салуды жөн көрдік. Ерулік. Ауыл ортасына жаңа үй кешіп келсе, коныстанса, сол ауылдың адамдары жаңа үйге «ерулік» деп ас пісіріп, табақ тартады. Бұл жаңа адамдарды бөтенсіретпей, өз ортасына тартудың, сыйласудың үлкен белгісі. Мұның әлеуметтiк, қоғамдық мәнi де бар. Мысалы, жаңа көшіп келген үйде отын, су болмайды. Оны әкелуге біраз уақыт керек. Міне, кең ойлап, терең толғайтын қазақ салты мұны да ұмытпаған. Айырылысар көже. Көрші қонғанда «ерулік» беріп, қыстай немесе жаздай бірге отырған, сыйласқан отбасылар қоныс аударып бөлінген жағдайда олар енді «айырылар көжеге» шақырады. «Көже» деп сыпайылап атағаны болмаса, сыйлы, сыбағалы табақ тартылады. Олар бір-біріне ризашылығын білдіріп, «ұрыспай айрылған ұялмай қосылар» деп тағы да аман-сау қосылуға тілек білдіреді. Бұдан олардың бір-бірін сыйлау, қимастық көңілдері көрінеді. «Айырылысар көже» - адалдық әрі әдемі дәстүр. Айтұяқ. Әдетте, біреу қатты жараланса, өміріне қауіп төнсе немесе бір ауыр (қиын) жағдайға душар болса, әр адам өз басының амандығы үшін «ақсарбас» атайды. Бұл белгілі жай. Ал бұрын адамдар қауіп-қатерлі ауыр, алыс сапарға (жолға) шығатын болса, мысалы, Отан қорғау жолында майданға аттанса, қажылық сапарына немесе емделуге бет алса, онда «айтұяқ»  деп аталатын құдайы беріледі. Бұған жылқы сояды. Салттың «айтұяқ» деп аталуы да осыдан. Құдайы (айтұяқ) беруі адам ел-жұртқа күні бұрын хабар салып, шақыру жібереді. Сөйтіп жиналған көптің батасын алады. Өйткені, халықта «көп тілегі – көл» деген қағида бар. Бұрынғы жаугершілік замандарда аталған салт әр ауылда жиі болған. Бұл салт қазір ұмытылып бара жатыр. Ежелгі аңыз, әңгімелерде, ертегілерде, батырлар жырында «айтұяқ» сирек болса да айтылып қалады. Мысалы, осы салтты «Бекет батыр» жырында кездестіруге болады. Демек, «айтұяқ» бұрынғы ата жолдарының үлкен бір көрінісі және Құдай жолына деген зор сенімі екенін байқаймыз. Деңгене. Соңғы жылдарда ұмытылып бара жатқан дәстүрдің бірі, осы - деңгене. Екі немесе үш жігіт бас қосып, ауқатты үйге «деӊгене» жеуге келдік дейдi. Оның шарты мынадай: үй иесi бiр семiз қойды сояды да, әлгi екi не үш жігіттің алдына қояды. Олар бiр қойдың етін сорпасымен iшiп, жеп кетуi керек. Егер олар қойды жеп кетсе, қойдың құны сұраусыз, егер еттi тауыса алмаса, олар үй иесiне екi қой төлеуге тиiс. Кей жерлерде мұны «сiрне» деп те атайды. Тағы бір қызығы, ел арасында бұрын бiр қойды бiр өзi жеп кететiн мешкейлер көп болған. XIX ғасырдың соңында Арғын iшiнде Тінет руында Шінтән деген атақты мешкей болыпты. Бір қой оның жұмырына жұқ болмайтын көрінеді. Қазақстанның оңтүстiгiнде «деңгененiң» қолданылуы басқаша. Бұл жақта 4-5 үй бірігіп бір малды ортақтасып сойып алады. Ол біткен соң тағы бiр малды ортақтасып сояды. Сөйтіп кезектесе береді. Бұл, негiзiнен, қыста күн жылы болғандықтан соғым еті көп сақтауға келмейтiндiктен болар. Жиенқұрық. Қыздан туған балалар «жиен» деп аталады. Халық дәстүрі бойынша, жиен нағашыларынан қалаған затын, яғни «жиенқұрық» алуға тиіс. Нағашысы жиенінің бетін қайтармай, үш рет беруге мiндеттi. Халық жиенді ренжітпей, «жиен назасы жаман» деп еркелетіп ұстаған. «Жиендi ұрғанның қолы қалтырайды» деген сөз де бар. Қап қағар. Қыс аяқталып, көктем басталғанда ет сүрленіп, азая бастайды. Сол аз етті каптан алып, асады. Мұны ел «ет қайтар» деп атайды. Яғни, «ет азайды» деген ұғымды бiлдiредi. Ал қаптағы еттiң ең соңғысын асып, көршiсiмен бөлісіп жейді. Бұл дәстүрді «қап қағар» дейді. Сауын айту. Бiр елде ас, үлкен той болатын болса, ол күнi бұрын (бiрнеше ай, жыл) жан-жаққа хабарлап, сауын айтылады. Бұл жай шақыру емес, әр ел салт-дәстүрмен, яғни батыр, балуанымен, жүйрік атымен, ақын, жыршысымен келсін дегенді білдіреді.  Сондай-ақ асқа, тойға келгендер де бiр-бiрiнен асып түсуге тырысады. Өзінің әйгілі «Құлагер» дастанында Жансүгіров былай деп толғайды: Сан сойыс Сағынайдың бұл асына Мал қайдан келiп жатыр расында? Жан-жақтан топ-тобымен төгіліп мал Көтерген малын керей үй басына. Мал айдап жан-жақты жұрт оннан, бестен, Көп саба келiп жатыр елдей көшкен... Тәбәрік. Қандай да бір қазақ ойынының немесе жарыстарының жүлдегерлері алған сыйын бөліседі. Осы бөліп алған зат «тәбәрік» деп есептеледі. Жасы жүзге келіп немесе жүзге жақындап қайтыс болған қарттардың тірі кездерінде тұтынған заттарын тәбәрік деп бөлісіп алады. Ол бізге де жұғысты болсын немесе біз де сондай жасқа жете берейік деген тілекті білдіреді. Ондай үлкен кісілердің өмірлерінде тұтынған заттарын өзара бөлісіп алады. Тәбәрікке әжелердің жинаған зергерлік бұйымдары, киген киімдері, сандығына салып сақтаған заттары, қарт аталардың қамшылары, ер тоқымдары, бас киімдері, жеке тұтынған заттары жатады.

Дереккөз:  Б. Жүсіпова, «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» кітабы.