Универсиада алауын көтерушілер есімі белгілі

Универсиада алауын көтерушілер есімі белгілі

Универсиада алауын көтерушілер есімі белгілі
ашық дереккөзі

Қазақстанның 16 қаласынан Универсиада алауын көтеру құрметіне лайықты азаматтардың есімі анықталды. 1000 алау көтерушінің 70 пайызын ғылым, мәдениет және спорт саласында жетістіктерге жеткен 17-28 жас аралығындағы студенттер құрап отыр.

Сондай-ақ, спорт пен қоғамдық өмірде еңбек сіңіріп жүрген Қазақстанның ең белсенді азаматтары да алау көтеру құрметіне ие болды. Олардың қатарында грек-рим күресінің 1980 жылғы олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, бокстан 2000 жылғы олимпиада чемпионы Ермахан Ибрайымов, 1988 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері Дәулет Тұрлыханов, бокстан екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай, жүзуден 2016 жылғы олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин, Әбу-Дабиде өткен джиу-джитсудан әлем чемпионы Мөлдір Мекенбаева және түрлі жылдары елімізгежеңіс сыйлаған тағы да басқа көптеген спортшылар бар.

Айта кетейік, Универсиада алауын көтерушілерді іріктеу үш кезеңнен тұрды. Іріктеудің бірінші кезеңі өткен жылдың 1 қыркүйегінде басталып, республикамыздың барлық жоғарғы оқу орындарын қамтыды. Университеттер ішкі байқау қорытындысы бойынша өз өтінімдерін қалыптастырды. Екінші кезеңде іріктеу барысына облыстық орталықтарда Эстафетаны өткізумен айналысатын аймақтық штабтар қосылды. Штабтардың міндеті алау көтерушілерді іріктеу барысын бақылап, байқау кезінде шынымен де маңызды әрі тартымды үміткерлерді өткізіп алмауға бағытталды. Сондай-ақ, екінші кезеңде алдыңғы Универсиадалардың жеңімпаздарынан, спорт, ғылым және мәдениет саласындағы жұлдыздардан құралған қатысушылар анықталды. Іріктеудің үшінші кезеңінде қалаған адам www.torchrelay.kz сайтында өтінім толтырып, Эстафетаға алау көтеруші ретінде қатысуға өтінім жібере алды.

28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиада Алауы 2017 жылдың 25 қаңтарында Астанада тұтатылмақ. Бес күн аралығында әрбір облыс орталығында Алауды жағуға арналған өз салтанаты және Эстафетаның өз кезеңі өткізілетін болады. Алау эстафетасы өңірлерде өткізілгеннен кейін 16 алау көтеруші Алауды Алматыға жеткізіп, осында Универсиаданың ашылу салтанатында алау бір тостағанда біріктірілмек. Студенттік ойындардың астанасында алауды 100 адам көтеріп өтеді.

Жалпы алғанда Универсиада алауы 22 500-ден астам шақырымға созылған жолды өтіп, оның 200 шақырымын алау көтерушілер жүріп өтпек. Студенттік ойындардың ресми әуетасымалдаушысы – «Эйр Астана» компаниясы алауды аймақтардан Алматыға жеткізеді. Осылайша Эстафета алауы қалған 22 300 шақырымды Алматыға дейінгі жолда өткізеді. Ал 29 қаңтарда Универсиада-2017 іс-шарасының ресми ашылуы салтанаты өтеді.

Алау эстафетасының аймақтардағы бағдарламасы:

* 2017 жылдың 25 қаңтарында Астана қаласында 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиада Алауы тұтатылмақ;

* 26 қаңтарда Алау облыс орталықтарында, атап айтқанда, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Петропавл, Қостанай және Қарағанды қалаларында тұтатылады;

* 27 қаңтарда Ақтөбе, Орал, Атырау және Ақтау қалаларында тұтатылады;

* 28 қаңтарда Қызылорда, Шымкент, Тараз, Талдықорған қалаларында тұтатылады;

* 29 қаңтарда Алауды тұтату салтанаты Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де өтеді.