Жаңалықтар

Депозитке – 10 пайыз сыйақы. Оны кімдер ала алады?

ашық дереккөзі

Депозитке – 10 пайыз сыйақы. Оны кімдер ала алады?

Биыл ақпанның аяғында Үкімет Ұлттық Банкпен бірлесіп азаматтардың депозитке теңгемен жинаған қаражатына бюджет есебінен мемлекеттен өтемақы (сыйақы) беретіні туралы мәлімдеген еді. Ресми ақпаратқа сүйенсек, өтемақы геосаяси жағдай мен басқа да факторлардың ықпалынан құбылған қаржы нарығын, қаражатын депозитке теңгемен жинаған салымшыларды қолдау үшін беріледі.

Қазір бағдарламаның талаптары бекітілді. Компенсацияны алу үшін 2023 жылғы 1-қаңтарға дейін депозит ашылған банкке өтініш беру керек. Қазір екінші деңгейлі банктердің көбі өтінішті онлайн немесе ұялы телефонға арналған қосымша арқылы қабылдап жатыр.

Сыйақыны кімдер ала алады?

Сыйақыны бір немесе бірнеше екінші деңгейдегі банкте және «Отбасы банк»-те депозиті бар, жинағын теңгемен сақтаған жеке тұлғалар ала алады. Өтемақы ретінде 2022 жылғы 23 ақпанда сағат 23:59-да депозитте жатқан соманың 10 пайызы түседі. Бірақ жинаған қаражат 20 миллион теңгеден аспауы керек. Яғни бір адамға берілетін өтемақы шегі – 2 миллион теңгеге дейін.

– 10 пайыз мөлшеріндегі өтемақы (сыйлықақы) әрбір банкте 1 адамға 2022 жылғы 23 ақпан күнінің соңындағы қалдықтар шегіндегі жалпы сомада, бірақ Бағдарламаны іске асыру басталған кезден бастап 12 айдан кейін 20 млн теңгеден аспайтын сомадағы (салымның нақты сомасы 20 млн теңгеден аспайтын болса, сол сомадан астам емес) көрсетілген салымдарға 1 рет есептеледі, – деп жазылған Үкімет хабарламасында.

Яғни, мейілінше жинақтан ақша алмаған жөн. Салым шарттары өзгермеуі керек.