Жаңалықтар

Академик Зейнеп Базарбаеваның ғылыми еңбектері жарық көрді

ашық дереккөзі

Академик Зейнеп Базарбаеваның ғылыми еңбектері жарық көрді

Қазақта «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген аталы сөз бар. Нағыз тектінің тұяғы, асылдың сынығы Зейнеп Мүслімқызы мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі әдебиетші ғалым Мүслім Базарбаев пен ұлағатты ұстаз Гүлбараш Ізбасқанқызының шаңырағында дүниеге келген. Зейнеп Мүслімқызы Мәскеудегі Морис Торез атындағы мемлекеттік шет тілдер институтын (қазіргі Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университеті) тәмамдағаннан кейін, аспирантураны 1981 жылы бітіріп шықты. Тіл білімі институтына да сол жылы келді. 40 жыл бойы институтта табан аудармай қызмет атқарып, белді, беделді ғалымның біріне айналды. Зейнеп Базарбаева – шетел филологиясы, салыстырмалы-типологиялық, жалпы тіл білімі және түркі тіл білімі салалары бойынша жетекші ғалымдардың бірі. Ол тіл біліміндегі жаңа бағыттар – интонология, просодика, фонология салаларын зерттеп, осы ғылыми ілімдерінің негіздерін қалыптастырған еңбектер жариялады. Қолданбалы лингвистика, коммуникативті синтаксис, интонология, тарихи фонология, сегментті және суперсегментті фонетика бойынша ғылыми-зерттеу жобаларына жетекшілік етіп келеді.