Жаңалықтар

Республика күніне тарту: 80 cпорттық ойын алаңы мен оқушылар үйі ашылды

ашық дереккөзі

Республика күніне тарту: 80 cпорттық ойын алаңы мен оқушылар үйі ашылды

Ұлттық мереке - Республика күнінде қызылордалықтарға айрықша тарту жасалды. Бір мезетте бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға беріліп, балаларға қуаныш сыйлайтын жаңа спорт-ойын алаңдары ашылды деп хабарлады turkystan.kz. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақ тұрғындарын ұлық мерекемен құттықтап, игі тілегін арнады. «Барша жерлестерімді қайта оралған ұлттық мерекеміз - Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Араға 13 жыл салып, Президентіміздің Жарлығымен Республика күні Ұлттық мереке болып халықпен қайта қауышты. Бұл тарихи мәні жоғары, идеологиялық салмағы ерек айтулы күн еліміздің бүгіні мен ертеңіне адал қызмет ететін, ерен істер мен елеулі бастамаларды жалғастыратын барша азамат үшін маңызды»,-деді Нұрлыбек Нәлібаев. Ұлттық мереке - Республика күні қарсаңында туған жерге жанашыр меценаттың қаржысы есебінен Жаңақорған ауданында құны 790 млн теңгені құрайтын заманауи демалыс паркі ашылды. Ал Сырдария ауданының Нағи Ілиясов ауылында 350 млн теңгеге «Еңбекшілер аллеясы» бой көтерді. Аймақта білім саласының дамуына тілеулес меценат азаматтардың мектеп, балабақша ашу ісіне ынтасы жоғары. Республика күнінде 300 орындық жаңа балабақша есігін айқара ашты. Жыл соңына дейін тағы 2 мемлекеттік балабақша пайдаланылуға беріледі. Соңғы 5-6 айдың ішінде жергілікті кәсіпкерлер 9 млрд теңгеге қолдау көрсетіп, ауқымды жобалардың жүзеге асуына дәнекер болды. Мереке құрметіне Жалағаш ауданында құны 431 млн теңгеге 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебі, жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Теңізді өлке Арал ауданында 150 млн теңгеге «Балықшылар монументі» мен аллея ел игілігіне берілуге дайын. Биыл өңірде 4 жаңа білім ошағы ашылды. Жыл соңына дейін 8 мектеп табысталады. Апатты деп танылған Тоқабай ауылындағы мектеп жеке инвестор есебінен 500 млн теңге қаржыға салынуда. Оқушыларды тасымалдау үшін осы оқу жылында мектептерге 30 автобус беріледі. Алдағы 3 жылда аймақта «Жайлы мектеп» жобасы аясында құны 70 млрд теңгеге 15 мемлекеттік мектептің құрылысын салу жоспарланған. Оның ішінде 19,6 млрд теңгеге келер жылы 9 білім ошағының құрылысы басталады. Денсаулық сақтау саласында 2 жыл ішінде 27 жаңа нысан халық игілігіне беріледі. Орталық атқарушы органдармен бірге жасалған орнықты жұмыстардың нәтижесінде 36,4 млрд теңгеге Қызылорда қаласынан көпсалалы аурухана мен емхана тұрғындардың игілігіне қызмет ететін болады. Аймақта Республика күні салтанатты жиынмен қорытындыланады. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосқан азаматтар мемлекеттік наградамен марапатталады.