Жаңалықтар

Әлихан Смайылов ЕАЭО елдерін мемлекеттік сатып алудағы кедергілерді жоюға шақырды

ашық дереккөзі

Әлихан Смайылов ЕАЭО елдерін мемлекеттік сатып алудағы кедергілерді жоюға шақырды

Ереванға жұмыс сапарымен барған ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысты деп хабарлады turkystan.kz. Шараға Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Премьер-министрі Роман Головченко, Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров, Ресейдің Үкімет басшысы Михаил Мишустин, сондай-ақ ЕАЭО бақылаушы мемлекеттерінің өкілдері – Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов және Куба Республикасының елшісі Хулио Антонио Гармендия Пенья қатысты. «Техникалық және технологиялық талаптар, жергілікті жағдай, тіпті географиялық шектеулер – серіктес елдердің мемлекеттік сатып алуларына қатысу кезінде кәсіпорындардың алдынан шығатын кедергілердің толық тізімі бұлар ғана емес», — деді Әлихан Смайылов. Ол 2020 жылы тауарлар өндірісіне қойылатын жалпы талаптардың бірыңғай ережелері қабылданғанын, бірақ 2 жылға жетер-жетпес уақыт ішінде олар бірнеше рет өзгертіліп, толықтырылғанын айтты. Әлихан Смайыловтың пікірінше,  мұндай жағдай көбіне Ережелерді айналып өтетін қосымша талаптардың қойылатынына байланысты болып отыр. «Мемлекеттік сатып алуларда ұлттық режимнің жұмыс істеу қағидаттарын тұтастай түзету қажет деп ойлаймын», — деді ол.