Ат құлағында ойнайтын Назерке (ВИДЕО)
Ат құлағында ойнайтын Назерке (ВИДЕО)
Елімізде ерлермен иық тіресіп, ат жалын тартып мінген қыздар да бар. Соның бірі – Назерке Сембаева. Қарағанды облысы Шет ауданы Көктіңкөлі ауылында туып-өскен ол бес жасында атқа мінген. Ал он төрт жасынан бастап түрлі жарыстарға қатысып, бәйгеге ат баптап келеді. Ат жарысының да қыр-сырын жақсы меңгерген. Шабандоз қыздың ат үстінде жасаған түрлі трюктарын көріп, өнеріне тамсанған көрші ауылдағы жұрт оны мерекелік жиындарға шақырып тұрады екен.
Назерке қазір Алматыдағы ұлттық аграрлық университетте ветеринар мамандығы бойынша білім алып жүр, 4-курс студенті. Сонымен қатар жиырма жастағы бойжеткен бір жылдан бері Алматы ипподромында шабандоз болып жұмыс істейді. Ат десе ішкен асын жерге қоятын ару сүйікті ісіне де, оқуына да уақыт табуға тырысады.
Назерке алғашында аттарды жалға беру қызметімен айналысатын қызға көмектессе, бәйгеде оза шауып, көзге түскеннен кейін ипподромға шабандоз болып жұмысқа орналасқан.
«Бәйге жарысы болайын деп жатқан. Мейрамбек есімді бала Қарақат деген құнанына мінетін адам таппай тұрғанын айтып, өтініш жасады. Дайын болмаған едім. Ақыры, адам таппағаннан кейін мені отырғызды. Сол атпен еш дайындықсыз шығып, мәреге үшінші болып келдім», – дейді Назерке.
Бүгінде Назеркеге қарап, ат спортына келіп жатқан қыздар бар. Оларға бар білгенін үйретіп, ақыл-кеңесін айтып отырады. Назерке жақында жұмыс істеген қаражатын жинап, ат сатып алыпты. Шабандоз қыз қазір желден жүйрік жануарының күтіміне ерекше мән беріп, бәйгеге дайындап жатыр. Жалпы, өзі үш бағыт бойынша: бәйге, ұшқыр, жорға аттарын дайындайды.
https://www.youtube.com/watch?v=NgVcdYGl3xM&ab_channel=TurkistanInternationalPoliticalWeekly