Ат құлағында ойнайтын Назерке (ВИДЕО)

Ат құлағында ойнайтын Назерке (ВИДЕО)

Ат құлағында ойнайтын Назерке (ВИДЕО)
ашық дереккөзі
Елімізде ерлермен иық тіресіп, ат жалын тартып мінген қыздар да бар. Соның бірі – Назерке Сембаева. Қарағанды облысы Шет ауданы Көктіңкөлі ауылында туып-өскен ол бес жасында атқа мінген. Ал он төрт жасынан бастап түрлі жарыстарға қатысып, бәйгеге ат баптап келеді. Ат жарысының да қыр-сырын жақсы меңгерген. Шабандоз қыздың ат үстінде жасаған түрлі трюктарын көріп, өнеріне тамсанған көрші ауылдағы жұрт оны мерекелік жиындарға шақырып тұрады екен.  Назерке қазір Алматыдағы ұлттық аграрлық университетте ветеринар мамандығы бойынша білім алып жүр, 4-курс студенті. Сонымен қатар жиырма жастағы бойжеткен бір жылдан бері Алматы ипподромында шабандоз болып жұмыс істейді. Ат десе ішкен асын жерге қоятын ару сүйікті ісіне де, оқуына да уақыт табуға тырысады.  width= «Ат жаратылысы сұлу жануар ғой, қазақ халқы үшін орны бөлек. Кішкентай кезімнен жылқыға жақын болып өстім. Әкем қазір етті бағыттағы жылқы асырайды. Кішкентай күнімде үйге түрлі аттар алып келетін. Қасына барғым келеді. Ал әкем «асау ғой» деп, жанына жолатпайтын. Мал бағатын ата болды. Сол кісі қатты қызыққанымды көріп, «Кел, отыр» деді. Сондағы қуанғанымды-ай! Алғаш атқа отырған сәтім көз алдымда, ол кезде 5 жаста едім. Жылдар өте жылқыға деген қызығушылығым арта берді. Бәйгеге қатыссам деп армандадым. Әкем 15 жасымда жабы алып берді. Сол айғырды өзім өсірдім. Сол атым арқылы мені жұрт таныды. Түрлі трюктар көрсету үшін көрші ауылдарға шақырады. Негізі, трюкті бір шығарып алғаннан кейін аса қиын болмайды. Бәрі техникаға байланысты. Физикалық дайындық та маңызды. Аяқ-қол әбден жаттыққанны жөн. Алматыға оқуға түскен соң, ипподромның жақын болғанына қуандым», – дейді шабандоз қыз.  width= Назерке алғашында аттарды жалға беру қызметімен айналысатын қызға көмектессе, бәйгеде оза шауып, көзге түскеннен кейін ипподромға шабандоз болып жұмысқа орналасқан.
«Бәйге жарысы болайын деп жатқан. Мейрамбек есімді бала Қарақат деген құнанына мінетін адам таппай тұрғанын айтып, өтініш жасады. Дайын болмаған едім. Ақыры, адам таппағаннан кейін мені отырғызды. Сол атпен еш дайындықсыз шығып, мәреге үшінші болып келдім», – дейді Назерке.
Бүгінде Назеркеге қарап, ат спортына келіп жатқан қыздар бар. Оларға бар білгенін үйретіп, ақыл-кеңесін айтып отырады. Назерке жақында жұмыс істеген қаражатын жинап, ат сатып алыпты. Шабандоз қыз қазір желден жүйрік жануарының күтіміне ерекше мән беріп, бәйгеге дайындап жатыр. Жалпы, өзі үш бағыт бойынша: бәйге, ұшқыр, жорға аттарын дайындайды.  width=
 «Аттың мінезі әртүрлі болады. Біреуін бір айда, енді бірін аптада үйретіп шығарамын. Негізі, атты жақсы танитын адам тез үйретіп алады. Жақында алған таза қанды байталымды бәйгеге қоссам деймін. Жылдамдығы жақсы болса, ұшқыр бәйгеге екі рет шабады. Жалпы, атпен жұмыс істегенде көңіл күйіне мән беру керек. Суын, жемін, азығын, рационын дұрыстау керек. Бүкіл ат жүйрік болмайды. Жетістікке жету үшін еңбек пен дайындық қажет. Ұзаққа шабатын, керісінше алысқа шыдамайтын аттар болады. Соны ажырата білу керек. Бәйгеге дайындағанда таңертеңнен бастап суын, шөбін береміз. Содан кейін 1-2 сағат басы байлаулы тұрады. Неғұрлым ұзын шақырымға шабатын болса, соғұрлым ұзаққа шапқызып дайындаймыз. Кеудесін ашу үшін алғашында ақырындап 5-6 алты айналым жасаймыз. Сосын дәрумендерін, тамағын береміз. Ал жорға жарысына дайындайтын кезде, ең бастысы белгіленген қашықтыққа жете алатындай етіп дайындау керек. Уақытында жемін беріп тұрамыз. Бәйгеде аттың басын көтеріп қойсақ, жорғаға дайындағанда төмен жібере береміз», – дейді атбегі қыз.
Назеркенің арманы – еліміздегі ат спортын дамыту. Шабандоз қыз бұл саланы дамыту үшін арнайы мектеп ашу керек деп есептейді.
«Аттардың селекциясын жақсартқым келеді. Таза қанды атттарды басқа елден алмай, өз елімізден алатын деңгейге жетсек деймін. Ол үшін біраз қаржы мен уақыт керек. Шабандоз болуға, бәйгеге шабуға, жаттықтырушы болуға үйрететін республикалық мектеп ашылса, ат спорты дамитын еді. Қазір жасанды жаттықтырушылар көбейді. Арнайы мектеп болса, сол жерден кәсіби мамандар шығады», – дейді Назерке Сембаева.
 width= https://www.youtube.com/watch?v=NgVcdYGl3xM&ab_channel=TurkistanInternationalPoliticalWeekly