Ақтөбеде оқушылар масканы қайта тағуға міндеттелді

Ақтөбеде оқушылар масканы қайта тағуға міндеттелді

Ақтөбеде оқушылар масканы қайта тағуға міндеттелді
ашық дереккөзі
Ақтөбелік оқушылар медициналық бетпердені қайта тағуға мәжбүр. Өйткені өңірде тұмау өршіп тұр. Осыған байланысты аймақтың бас санитар дәрігері білім ошақтары мен көпшілік орындарда бетперде тағуға қатысты қаулы қабылдады деп хабарлады turkystan.kz КТК арнасына сілтеме жасап. Тұмау жұқтырғандардың көбі жүкті келіншектер мен балалар екен. Дегенмен, былтырғыдай ешкімді мәжбүрлей алмайды. Коронавирустан қорқып қалған жұрт баласының қауіпсіздігіне байланысты қаулыны қалтқысыз орындап та жатыр.
«Мектебімізде СЭС мамандарының ұсынысымен барлық оқушы және мұғалімдер бетперде режиміне көшті. Оқушылардың арасында оншақты бала үйде емделіп жатыр. Бұл жағдай оқушылар, ұжым арасында жұқпалы аурулардың таралмауына жол бергізбейді», - деді «Білім» мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақерке Мырзағұлова.
Бұл дерттің коронавирусқа еш қатысы жоқ. Бірақ, сақтану жолы – бір.
«Қаулыда негізгі ұсыныс – мектепке келген балаларды, келмей қалған балалардың себебіне мониторинг жасау және санитария дезинфекция режимін сақтау, бетперде тағуды ұсыну», - деді Ақтөбе облысының Санитария-эпидемиологияны бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшанова.
Тұмаудан бөлек, жедел респираторлы вирус жұқтырғандар да жетерлік. Дәрігерлер осы айда суық тигізген 131 жүкті келіншекті тіркеуге алған. Оның 30 шақтысы ауруханада жатыр. Ал 500-дей бала үйде емделіп жатыр. Мамандар жұқпалы дерттің тез таралуына ауа райының құбылып тұрғаны себеп дейді.